Қазақ футболына Қазақстан кубогы қажет пе?

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3088

Бүгін Қазақстан кубогының жеребесі тартылып, ширек финалда кездесетін командалар жұбы анықталды.

Қазақ футболына Қазақстан кубогы қажет пе?

Жеребе тарту рәсімін көпшілікке танымал бұрынғы футболшымыз, Қазақстан кубогының үш дүркін иегері Қайрат Нұрдәулетов жүргізді. Бірден айта кетейік, ширек финалдағы командалар бір-ақ рет, төменде бірінші жазылған команданың алаңында кездеседі. Төрт ойын да 8 мамыр күні өтеді.

"Қайрат" – "Тобыл"

"Тараз" – "Ордабасы"

"Алтай" – "Атырау"

"Ертіс" – "Қайсар"

Ашығын айтар болсақ, соңғы жылдары Қазақстан кубогы додасының беделі түсіп бара жатқандай. Кейбір клубтар ел кубогы додасында бар күш-жігерлерін салуға мүдделі болмай жүр. Себебі, көбісінің премьер-лига ойындары мен кубок додасын қатар алып жүруге шамалары келмейтіндей...

Бұл ретте, ең бірінші, "Астана" клубын айтуға болады. Елордалықтар Қазақстан премьер лигасы мен UEFA Чемпиондары лигасында жоғары нәтиже көрсетуге тырысып, ел кубогына немқұрайлы қарайтын секілді. Себебі оларға үш бірдей "майданда" (доп додасында) көңілге қонымды нәтиже көрсету қиындау. Тіпті өте қиын...

Содан болар, "Астана" биыл үшінші рет ширек финалға шықпай, алғашқы айналымда сүрініп отыр. Енді бар күш-жігерлерін ел чемпионаты мен Еурокубок додаларына салады. Ал көш соңындағы кейбір клубтарымызға "байтал түгілі бас қайғы" дегендей, премьер-лигадағы орындарын сақтап қалу – маңызды. Сондықтан ел кубогында тер төгудің пайдасы аз болып тұрғандай.

"Қайрат" болса, былтырдан бері Қазақстан кубогы додасына легионерлерін қоспай, тек отандық футболшыларымен өнер көрсетіп жүр. Биыл бұл үрдіске "Тобыл" да қосылғандай. Ендеше, неге барлық командаларға осы бастаманы қолдап, іліп әкетпеске?! Сонда, қосалқы құрам орындығында қарайып отырған қаншама жігіттеріміз алаңға шығар еді.

Жалпы, бұл – Қазақстан спортында бар үрдіс. Мысалы, баскетболдан 2015 жылдан бері Қазақстан кубогында тек өз ойыншыларымыз ойнайды. Легионерлерді шығаруға болмайды. ҚР баскетбол федерациясының бекіткен Ережесі бойынша – солай! Сөйтіп командалардың деңгейлері теңесіп, доп додасы қызықты өтеді. Әрі өз жігіттеріміз алаңға шығып, тәжірибелерін толықтырып жүр.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу