Қазақ футболында – гол, ауылында – жол жоқ

1219

Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz Мәжіліс депутатының сөзіне сілтеме жасап.  

Қазақ футболында – гол, ауылында – жол жоқ

Депутат Қазыбек Иса 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Франциядан ойсырай ұтылған Қазақстан футбол құрамасының 8:0 деген есебін футбол тарихындағы масқара есеп деп санайды.

Бұл туралы ол былай деді: "Үш күн бұрын футболдан әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан командасының Франциядан 8:0 болып, футбол тарихындағы масқара есеппен жеңілуі елдің қатты наразылығын тудыруда. Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд теңге жұмсалғаны, тек "Астана" клубының өзіне 15 млрд теңге бөлінгені жарыса жазылуда. Бірақ нәтиже қайда?!

Футбол федерациясының бас хатшысы: "Біз бюджеттен қаражат алмаймыз, 200 млн теңге ғана алдық" деп жауап берді.

Ал жеңілістің себебі жақсы футболшылардың тапшылығы деп отыр. Федерация бюджеттен көп қаржы алмаймыз дейді. Бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда. Соңғы 3 жылда облыс әкімдіктерінің кәсіби клубтарға бөлген қаржысы 111,2 млрд-ты құрайды. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорынан, демеушілерден бөлінген қаржыны қосар болсақ, онда оның  есебі жоқ. Өйткені ресми мәлімет жоқ.

Transfermarkt.com сайтының мәліметі бойынша, Қазақстан футболының бір жылдық бюджеті – 133 млрд теңге. Жақсы футболшылардың тапшы болатыны өз футболшыларымызды дайындаудың орнына, мол ақшаны шетелдіктерге жұмсап жүргендіктің тікелей нәтижесі".  

Қазыбек Исаның сөзінше, премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і, яғни жартысына жуығы легионер. Оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосса, барлығы 166 легионер болады. 

"Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатыр. Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, бізден футбол бюджеті 2 есе аз Өзбекстан 10 стадион салған. FIFA рейтингінде Қазақстан – 125-орында, ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз Қырғызстан – 96-орында. Бразилияға "алақайлап" жіберген 78 балақайдың бірде біреуі қазір футбол ойнамайды. Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ!

Әлемдік рейтингте ешқандай клубымыз жүздіктің қатарына кірмейді. Ал екіжүздіктің соңында, 186-орында "Астана" клубы бар. Бірде-бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы бесжүздікке кірмейді. Ендеше, футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба? Нәтижесіз футболға бөлінген 133 млрдқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді. Сондықтан гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті", – деді депутат.

Айта кетейік, Қазақстан футбол құрамасы француздармен Париждегі "Парк де Принс" стадионында ойнады. Біздің команда осы ойыннан кейін жарыс жолынан шығып қалды. Жалпы Қазақстан футбол құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі 8 матчтың үшеуінде тең түсіп, бесеуінде жеңілді.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу