Қазақ халқы 70%-ға жетсе, енді Ассамблеяның қажеті бар ма?

3962

Қазақстандықтардың құрамында еуропалық этностардың үлесі төмендеп, ал шығыс этностарының үлесі артып барады. 

Қазақ халқы 70%-ға жетсе, енді Ассамблеяның қажеті бар ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Үкімет басшысы Асқар Мамин сүйінші хабарды жария етті. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен! Биылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелері осыны көрсетіп отыр.

Әйтпесе, қазақтардың үлесі 1999 жылғы халық санағы қорытындысында небәрі 53,4%, ал 2009 жылы 63,1% ғана болған. Бұл – халқымыздың үлкен бөлігі өзге этнос өкілдері екенін аңғартқан. Енді жағдай күрт өзгерген екен. 

Сарапшылардың айтуынша, жаңа санақ мемлекет құраушы ұлттың абсолютті басымдыққа ие болғанын, ал азшылық ұлттар шынымен де азшылықта қалғанын паш етіп отыр.

ҚХА таратылмайды, қайта күшейтіледі

Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған халық санына қатысты ресми статистиканы жариялады. Ол халық санағынан шамалы ерекшеленеді. Дегенмен екеуіне де ортақ байлам: "Қазақстан халқының құрамында еуропалық этностардың үлесі төмендеп, шығыс этностарының өсуі байқалады".

Еуропалық болмысты ұлыстар үлесінің төмендеуіне олардың шетелге көшіп кетуі ықпал етуде. Сондай-ақ олардың арасында туу көрсеткіштері төмен. Нәтижесінде, елде орыстар, немістер, беларустер және басқа да этностар саны тез азаюда екен.

Мысалы, 2018 жылдан 2021 жылдың басындағы аралықта орыстардың үлесі кем дегенде 75 мың адамға азайған. Сонымен қатар санының қарқынды азаюы украиндерге (3 жылда 13 мың адамға кеміді), немістерге (3 мың адамға), беларустерге (2 мың адамға) тән.

Ел халқының өсуі қазақтардың, шығыс этностарының – өзбек, ұйғыр және басқалары санының ұлғаюына байланысты. Мысалы, соңғы үш жылда қазақтардың саны кем дегенде жарты миллион адамға артыпты. Тез өсіп келе жатқан этникалық топтардың бірі – өзбектер, саны үш жылда 28 мың адамға көбейді. Ұйғырлар – 9 мың адамға, әзербайжандар – 4 мыңға, дүнгендер – 4 мыңға, тәжіктер – 2,7 мыңға, түріктер – 2,7 мыңға, күрдтер – 1,6 мыңға тұрақты өсуде.

Осы орайда "егер елде қазақтар саны абсолютті басымдыққа ие болса, қалғанының көбі – түбіміз бір түркі немесе мұсылман халықтар болса, онда Қазақстан халқы Ассамблеясының ары қарай жұмыс істеуінің қажеті бар ма?" деген сауал туады. Себебі кейбір сарапшы 90-шы жылдары қазақ халқының үлесі аздау, ал диаспоралар саны басым болып тұрған тұста ұлтаралық қақтығыстың алдын алу үшін құрылған бұл орган тарихи рөлін атқарғанын айтып, енді оны таратып жіберуді ұсынуда.

"Білуімше, ел басшылығы ҚХА-ны таратуды ойластырып жатқан жоқ. Қайта алда оның рөлі күшейтілмек. Әйтпесе, кейінгі жылдары оның бар-жоқтығы белгісіз, сезілмейді. Ресей саясаткерлері арандатушы, арамызға от тастаушы мәлімдемелер жасайды. ҚХА да, оның депутаттық фракциясы да үнсіз қалады. Немесе елімізде екі ұлттың өкілі төбелесе қалса, оны кейбіреулер ұлтаралық қақтығыс ретінде көрсетіп, қауесет тарата бастайды. Бұл – қауіпті үрдіс, оған тез тосқауыл қойылып отырғаны маңызды. Мұндай жағдай кейінгі үш жылда қаншама рет қайталанды. Алайда ҚХА да, оның Мәжілістегі 9 депутаты да тым-тырыс қала береді. Олардың жетекші рөлі байқалмайды. Бұл әрине, дұрыс емес", – дейді саясаттанушы Зейін Сабырқұлов.

Оның байламынша, Ассамблеяның жаңа рөлі әрі басты басымдығы – этностарға мемлекеттік тілді үйрету болғаны жөн. Этномәдени бірлестіктер жанында 174 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, бюджеттен қаржыландырылады. Алайда оларда Қазақстан этностарын мемлекеттік тілге үйрететін 124 топ қана бар көрінеді. Тіпті біреуден де келмейді.

Жалпы ҚХА қоғамда этносаралық амортизатор рөлін атқарғаны абзал.

"Амортизаторы болмаса, автокөлік тұрақтылығын жойып, жүріс кезінде теңселіп-шайқалып, лағып кетер еді, не аударылып қалар еді. Осы демпфирлеуші құрылғы рессорлардың, торсиондар мен серіппелердің тербелістерін сөндіреді, көліктің басқарылуын, қауіпсіздігін арттырады. Ассамблея да сыртқы импульстарды, соққылар мен дүмпулерді елге дарытпауға күш салғаны абзал. Мысалы, Кремльдің Украинаға қарсы "пропагандасына" сенетіндер, еретіндер Қазақстанда жетерлік. Қалаларымызда осы ұлтты қорлайтын граффити кездеседі. Бұлай болмауы керек. Қазір елімізде орыстардың үлесі шамамен 18%, украиндер – 2%-ды құрайды. Мәскеу мен Киев арасы бүлінді екен деп, елімізде бұлар қырылысып жатса, елге залал", – деді саясаттанушы.

Қазір мемлекеттің ҚХА-ға қатысты саясаты қайта қаралып жатқанға ұқсайды. Мұның қисыны бар. 2021 жылғы 28 сәуірде Н. Назарбаев Ассамблея басшысы өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады. 

Енді "Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын бекіту туралы" 2015 жылғы 28 желтоқсанда Елбасы қабылдап кеткен жарлығына өзгеріс енгізетін Президент Қ. Тоқаевтың жаңа жарлығының жобасы әзірленіп отыр.

2020-2021 жылдары Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жүргізген "қоғамдық пікірге әлеуметтанушылық мониторингтің" дерегінше, Қазақстанда этносаралық қатынастардағы тұрақтылықтың "базалық өзегі" (94% деңгейінде) сақталуда. Қазақстандықтардың көпшілігі – 93,7%-ы басқа этностар өкілдеріне оң қарайтын көрінеді. Алайда 4,3%-ы – оларды ұнатпайды, 1,1%-ы – мүлдем теріс көзқараста.

Бұл көрсеткіштер бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі жұмыс істеп тұрғанын куәландырады.

Дегенмен оны мызғымас деп айту қиын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік желілердің контентіне талдау жүргізе келе, онда этносаралық айтыс-талас артып келе жатқанын анықтаған. Атап айтқанда, бір жыл ішінде елдегі этносаралық мәселелерге қатысты 14 690 – оң, және 34 332 – теріс сипаттағы пост жарияланған. Теріс көзқарастағы күн тәртібі оң сипаттағысынан бірнеше есе асып түсуде.

ҚХА сыртқы жанжалдарды Қазақстан территориясына көшіруге қарсы тұрады

Сарапшылар республикамыздағы этносаралық қатынастарға бірқатар сыртқы және ішкі факторлар ықпал етуде деген тоқтамға келіпті. Бұл ой Президент жарлығымен бекітілетін ҚХА-ны дамытудың жаңа тұжырымдамасында келтірілген. Ол факторлар арасында әлемдік экономиканың құбылмалылығы, яғни дағдарыстың шетсіз-шексіз созылуы, іргедегі және жаһандағы геосаяси тайталастың өршуі, заманауи халықаралық шиеленістердің туындауына этностық және діни факторлар ықпалының өсуі, көші-қон ағынының күшеюі аталды.

"Қазақстанның геосаяси айналасы күрделеніп барады. Ахуал шиеленісе түсуде. Әлемнің ірі мемлекеттері арасында санкциялық текетірес ушығуда. Қазақстанда тұратын этностардың тарихи шығу-тегі елдерінде, оның ішінде Ресей-Украина қатынастарының нашарлауы, әзербайжан-армян және қырғыз-тәжік шекараларындағы жанжал, жекелеген шетелдік саясаткерлердің арандатушылық мәлімдемелері Қазақстандағы этносаралық қатынастарға теріс әсер етуі мүмкін. Осы жағдайды кейбір сыртқы күштер геосаяси тайталас туындағанда Қазақстандағы этносаралық қатынастарды шиеленістіру үшін пайдалануы мүмкін", – деп жазылған ҚХА-ның жаңа тұжырымдамасы жобасында.

Ендеше осы мәселелердің бәрі енді Ассамблеяның басты назарында болып, ол уақытылы, лайықты үн қата білуі тиіс. Мұндай қиын жағдайда ҚХА-ға бұрынғыдай әр тілде ән шырқап, би билеумен, байқаулар мен форумдар ұйымдастырумен шектеле берген жөн болмайды.

Жаңа тұжырымдамада Ассамблеяның барлық институттарын жан-жақты модернизациялау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті күшейтудегі ҚХА рөлін күшейту, қоғамымыздың рухани жаңғыруына оның белсенді қатысуы қарастырылған.

Бұл ретте біріншіден, "кез келген сыртқы жанжалдар әлеуетін Қазақстан территориясына және оның азаматтарына көшіру талаптарына жүйелі қарсы іс-қимыл қамтамасыз етіледі".

Екіншіден, этносаралық ахуалдың шиеленісуіне, этникалық салаға ұласуы ықтимал жанжалдарға жедел ден қою үшін Ассамблеяның құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысы жандандырылады. Сондай-ақ бұл жайттардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі профилактикалық шаралар жүйесі құрылмақ.

Үшіншіден, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін Ассамблея институттарының меморгандармен және өзге қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылының жаңа тетіктері енгізілетін көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу