Қазақ халқы Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовке құрмет көрсетті

2395

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 23 қарашадағы ұйғарымымен Рио де Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит чемпиондық атақпен теңестіріліп, 250 АҚШ доллары көлемінде сыйақымен марапатталды.

Қазақ халқы Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовке құрмет көрсетті

Бұл екі боксшымыз да олимпиадада қарсыластарын қуып жүріп сабаса да, төрешілердің әділетсіздігі кесірінен күміс медаль алып қалған болатын.

Енді, міне, сол олқылықтың орны толыққандай болып тұр. Олимпиаданың алтын медалін қайтарып алмаса да, сол чемпиондық атақпен теңестірілгеннің өзі үлкен мәртебе.

Халық өз бағасын беріп отыр, осыны жақсы түсінген президент те өз сөзінде тұрып, спортшылар реніштерін көрсетпеуге тырысса да, осы екі жігіттің мерейін үстем етіп тастады.

Олимпиада ойындарындағы осы әділетсіздікпен келіспеген БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер барлық әлеуметтік желілерде өздерінің қарсылықтарын көрсетіп жатты. Ондағы мақсат – Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовтердің финалдағы жекпе-жектерін қайта қарап, халықаралық олимпиада комитетінің әділ шешімін алу болатын.

3 төреші бірауыздан Левит финалда ресейлік боксшы Евгений Тищенкодан 3-0 (28:29, 28:29, 28:29) есебімен жеңілді дегенде бүкіл халық ысқырып-шулағаны әлі есімізде. Тіпті, Тищенконың бапкері Эдуард Кравцовтың өзі сол кезде сене алмай, басын шайқаған болатын.

"Мен әрқашанда әділ төрелікті жақтаймын, өйткені, ол бүкіл команданың еңбегі, әр спортшы тиісті бағасын алуы тиіс. Сол себепті, Василиді де, оның бапкерін де жақсы түсінемін, менің шәкіртімнің де қолын көтергені үшін кінәсы жоқ. Төрешілер жалғыз бұл екеуінің ғана емес, көріп отырмыз талай боксшының обалына қалды. Мұндай төрелікпен Олимпиаданың беделі төмендеп кететіні рас", – деген болатын Ресей командасының бас жаттықтырушысы.

Әділбек Ниязымбетовтің де төрешілерге деген өкпесі қара қазандай екендігі рас. Ол да финалда кубалық боксшыны қуалап жүріп әбден сабаған еді. Таза жеңіске жетіп тұрған қазақ баласын жылатып кетті бұл әділқазы сымақтар деп бүкіл ел шулағаны да жасырын емес.

Қалай десек те, болар іс болды, бізідің жігіттер олимпиадада жеңілген жоқ, тек алтындарын сыйға тартып кетті. Ең бастысы, Василий Левит те Әділбек Ниязымбетов те бокс жанкүйерлері үшін жеңімпаз болып қала бермек.

Оған куә – бүгінгі марапат. Елбасының қолдауымен, халықтың қолдауымен, ұлттық олимпиада комитетінің қолдауымен біздің екі батырымыз лайықты бағаларын алды.

ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев, салтанатты түрде екі споршыны құттықтап, Олимпиада чемпионына берілетін сыйақыға пара-пар тиісті сомаларын табыс етті.

Бүгін екеуі де 34 миллион теңгеден сыйақы алды. Бұл – АҚШ долларымен есептегенде 100 мың доллар.

Естеріңізге саламыз, үкіметтің 2014 жылдың 19 желтоқсанында бекіткен қаулысымен Олимпиада чемпиондарының әрқайсысына 250 мың доллардан сыйақы төленеді.

Күміс жүлдегерлер, тиісінше, 150 мың, ал қола медаль иегерлері 75 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай марапатқа ие болады.

Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов өздеріне, яғни, күміс жүлдегерге тиісті 150 мыңдық сыйақыларын алып қойған болатын. Сол себепті бүгін оларға чемпион ретінде қосымша 100 мың доллар табыс етіліп отыр.

Бұл қаржы Елбасының арнайы тапсырмасымен Қазақстанның спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы тарапынан бөлініп отыр.

Сөз алған Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов Елбасыға, халқына және ұлттық олимпиада комитетіне, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясына алғыс айтып, шексіз ризашылықтарын білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу