Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытып, бірінші "Орталық Азия – Корея Республикасы" саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бұл диалогтың тарихы тереңде. Оған осыдан жиырма жыл бұрын корей тарапы бастамашы болған. Бүгінде ықпалдастық форматы жоғары саяси деңгейге көтерілді. Бұл – сан қырлы ынтымақтастығымыз шынайы стратегиялық байланыстар мен өзара сенімге ұласқанын айғақтайтын сәт. Бүгінгі саммитті шын мәнінде тарихи уақиға деп атауға болады. Осы керемет кездесуді ұйымдастыруға Президент Ли Чжэ Мёңнің саяси ерік-жігер танытып, жеке үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Корея Республикасының Орталық Азия мемлекеттерімен тең дәрежелі әрі ұзақмерзімді серіктестікті жолға қою ниетіне куә болып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақстандықтар корей халқына, оның бірегей тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне зор құрметпен қарап, ерекше ықылас танытатынын айтты.
– Корея Республикасы қазіргі замандағы ұлттық өрлеудің таңдай қақтырарлық тамаша үлгісін танытты. Білімге, инновацияға және адам капиталына басымдық берудің арқасында сіздер қысқа мерзім ішінде жетекші технологиялық державалардың қатарына қосылдыңыздар. Бұл – дамылсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және табандылықтың заңды нәтижесі. Қазақ халқы жетістіктеріңізге шын мәнінде тәнті болып, сүйініп отырады, – деді Мемлекет басшысы.