2019 жылғы әлем чемпионаты аяқталысымен, Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) Братиславада салтанатты ресми кеш өткізіп, Даңқ залына жаңадан сегіз ойыншының есімдерін қосты. Құрметті тізімге алғаш рет Қазақстан хоккейшісі де енгізілді.
Қазақстан хоккейінің тарихи тұлғасы, 1976 жылы Инсбругте өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, КСРО-ның үш дүркін чемпионы, марқұм Борис Александров осындай құрметке ие болды. Есімдері Даңқ залына енгізілген хоккей жұлдыздары үшін арнайы ұйымдастырылған салтанатты кешке оның ұлы Виктор қатысты.
Борис Александров 1994-1995 жылдары Қазақстан құрамасының намысын қорғаған. Әрі әйгілі хоккейші ғана болып қойған жоқ. Мұзайдындағы карьерасын тәмамдаған соң, 1996-2002 жылдар аралығында "Торпедо" (Өскемен) клубының және еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері болып, ел хоккейінің тұралап қалған көшін алға қарай сүйреген.
Екі рет еліміздің ұлттық құрамасын әлем чемпионатының Жоғарғы дивизионына шығарған. 1998 жылы Қазақстан құрамасымен Нагано Олимпиадасының ширек финалына шыққан, қорытынды есепте 5-8 орындарды бөліскен. 2002 жылы 31 шілде күні, 46 жасында автокөлік апатынан қаза тапқан...
Өкінішке қарай, шайбалы хоккей спортындағы жалғыз Олимпиада чемпионын лайықты түрде әспеттей алмай жүрген сияқтымыз. Бүгінде өскелең ұрпаққа "Барыс" сапындағы легионерлерді өнеге тұтып, соларды хоккейміздің жарық жұлдыздарындай құрметтейтін секілдіміз. Әйтеуір Александров, Сағымбаев, Антропов секілді тұлғаларымыздың есімдері көлеңкеде қалып бара жатқандай.
Шайбалы хокейіміздің тарихы мен ерен жетістіктері Борис Александров секілді тума таланттарымыздан басталады. Әрине, Кевин Даллмэн, Брэндон Боченски, Найджел Доус, Дастин Бойд, Хенрик Карлссон және Даррен Диц секілді Қазақстан азаматтығын алған қас шеберлердің ел хоккейін дамытуға қосып жатқан үлестері мен еңбектерін жоққа шығармаймыз.
Десек те, лек-легімен келіп жатқан легионерлер сонау 1976 жылы қазақтың сайын даласынан Олимпиада чемпионы шыққанын білсе дейміз. Одан бері де бірнеше хоккей жұлдызы түлеп ұшқан. Яғни оларға дейін де қазақ хоккейінің таңы атып, тауығы шақырған. Ал қазіргі кезде Талғат Жайлауов, Әлихан Әсетов, Роман Старченко, Никита Михайлис сынды хоккейшілеріміз ізбасарларына үлгі боларлықтай өнер көрсетіп жүр.
Маруан Түсіп