Қазақ инвесторлары шетелден гөрі отандық бизнеске ақша салуды көбейтті

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2182

Оның себебін сарапшылар қазақ кәсіпкерлері үшін шетелдік бизнестен гөрі ұлттық экономика мен жергілікті салалық жобаларға көбірек сенетіндігімен байланыстырады.

Қазақ инвесторлары шетелден гөрі отандық бизнеске ақша салуды көбейтті

Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы бірнеше жылдық құлдыраудан кейін 2017 жылы қайта көтерілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің одақтас елдермен арадағы саудасы 28,9 пайыз ұлғайып, 17,8 млрд долларға жетті.

Ал 2018 жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 12,3 млрд долларды құрады. Осы қарқын сақталатын болса, арадағы сауда былтырғыдан 3-5 пайызға көбеймек.

Қазіргі таңда Қазақстан өзін Еуразиялық кеңістікте экономикалық орталық ретінде таныстырғысы келеді. Ол үшін Астанадағы қаржы орталығы да ЕАЭО елдеріндегі капиталды шоғырландыратын алаңға айналмақшы. Бұл қаржы орталығы шетелдік компаниялардың біздің елде коммерциялық қатысуынсыз жұмыс істей беруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда биржа арқылы капитал тартуға да жағдай жасалған.

Бүгінде Қазақстанға салынған инвестицияның 7 пайызы Еуразиялық одақ елдерінен келіп отыр. Осылайша, екінші жыл қатарынан одақтас елдерден капитал ағымы өсіп келеді. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Қазақстандағы шетелдік инвестицияның 4,7 пайызы ғана одақтас елдерге тиесілі болған.

Еуразиялық одақ елдері арасында Қазақстанға ең көп қаржы салатын Ресей. Солтүстік көрші жылдың бірінші жартысында Қазақстанға салған инвестициясын былтырғыдан 40 пайызға арттырған екен. Ал екінші орындағы Белорусьтің Қазақстанға салған инвестициясы былтырғы 46,2 млн доллардан 40,6 млн долларға төмендеп кетіпті. Ал үшінші орындағы Қырғызстан Қазақстанға жарты жылда 2,1 млн доллар инвестиция салыпты.  

Өз кезегінде Қазақстан одақтас елдерге биылғы алғашқы жартыжылдықта 157,5 млн доллар қаржы салды. Былтыр бұл көрсеткіш 208,9 млн доллар болған еді. Соның ішінде ең көбі, яғни 138,2 млн доллар Ресейге инвестицияланған.

Осылайша, Қазақстанның ЕАЭО елдеріне салған инвестициясы шамамен 25 пайызға азайып кетті. 2016 жылы Қазақстан Еуразиялық одақ елдеріне 2,8 млрд доллар инвестиция салса, былтыр бұл көрсеткіш 1,4 млрд долларға, ал биыл 0,5 млрд долларға дейін төмендеді.

Ал жалпы шетелге құйған қаражаты тіпті 1,4 млрд доллардан 532 млн долларға, яғни 3 есеге дейін кеміген. Оның себебін сарапшылар қазақ кәсіпкерлері үішн шетелдік бизнестен гөрі ұлттық эконмоика мен жергілікті салалық жобаларға көбірек сенетінімен байланыстырады.  Нақтырақ айтар болсақ, биылғы алғашқы тоғыз айда қазақ инвесторлар елдегі жобаларға 5,3 тлрн теңге қаржы құйған. Бұл былтырғы осы уақыт аралығындағы көрсеткіштен 26,3 пайызға артық. 

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу