Қазақ кәсіпкері Африкада құдық қазды

2850

Қазақстандық кәсіпкер Елдос Айбеков Африка құрлығындағы ауызсуға мұқтаж халыққа құдық қазып берді. Қазақстан атынан сыйға тартылған құдық Уганда мемлекетіндегі Наноко елді мекенінде орналасқан.

Қазақ кәсіпкері Африкада құдық қазды

Кәсіпкер Уганданың The Ngali Development Foundation (Нгали дамыту қоры) компаниясымен байланысып, нәтижесінде құдық қазу үшін екіжақты келісімге келген. Құдықтың құрылысы ақпан айында басталып, наурыздың 12 күні аяқталды. 13 наурызда ашылу салтанаты ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар қазақстандықтарға алғыстарын білдірді.

63 жастағы ауыл тұрғыны Соока Шариф таза суға қол жеткізе алмай отырғанын айтады.

"Қарапайым тұрмыс кешеміз. Азын-аулақ ешкі ұстаймыз. Қазір суды 5 км жердегі өзеннен тасып ішіп отырмыз. Бұл әрине таза су емес. Мұның бәрін балаларымыз тасып әкеледі. Мотоцикл, велосипеді бар адамдар сирек. Көбіне жаяу тасыймыз.

Бүгін Елдос Айбек деген мырза жерімізге келіп, ауылдың қақ ортасынан үлкен құдық қазып берді. Алғысымызда шек жоқ. Балалардың қалай қуанғанын көрдіңіз бе?! Олардың қуанышын көріп біз де ерекше қуанып тұрмыз. Елдос мырзаға көп рақмет. Алла істеген жұмысына береке берсін.

Біз Қазақстан деген мемлекеті жайлы мүлде білмейтін едік. Осы жағдайдан кейін ешқашан ұмытпастай болдық. Қазір болған қуанышты көрген балалар Қазақстанды, көк туларыңызды мәңгі жадында сақтап қалары анық. Қазақстанға сәлем – деді ол.

Ал Елдос Айбеков болса, құдық қазуға қатысты екі таңдау болғанын айтты.

"Бірі – Уганда, екіншісі – Кения. Екеуі де Шығыс Африкада орналасқан. Алғашында құдықты Кениядан қазамыз деп ойладық. Өйткені Кениядағы қызметтің бағасы Угандаға қарағанда арзан болды. Кейін қос мемлекетке анализ жасап, Уганданың ЖІӨ-сі Кениядан 3 есе төмен екенін көрдік. Ойлана келе, құдықты таза суға шын мұқтаж халыққа қазып берейік деген қорытындыға келдік. Бүгін құдығымызды қолданысқа бердік. Тұрғындардың, балалардың қуанышын көріп ерекше толқынысты күй кештім. Бұл жобамыз Қазақстан мен Уганда мемлекеттерінің арасындағы байланысты нығайта түседі деген сенімдеміз", – деді ол.

Ашылу салтанатына аталған қайырымдылық шараға қолдау көрсету мақсатында қазақстандық саяхатшы-блогер Яков Федоров та барды. 65 мемлекетті аралаған Яков мырза бұл жолғы сапардың әсері бөлек екенін айтты.

"Уганда 5 патшалықтан құралған. Олар мемлекет билігінен тыс жеке патшалықтарға бөлініп өмір сүреді. Ең үлкен патшалық – Буганда. Екіншісі – Бусога. Құдық дәл осы бусогалықтарға тиесілі жерден қазылды. Олар лусога тілінде сөйлейді.

Мен Елдос мырзаға көп алғыс білдіремін. Ол ғаламдық мәселеге өз үлесін қосты. Су – Африка халқының ең үлкен мәселелеріңің бірі. Бүгін аядай ғана ауылдың проблемасы шешілді – деді Яков Федоров.

Құдық қолданысқа берілгеннен кейін Елдос Айбек Қазақстаннан арнайы апарған мектеп жабдықтарын үлестірді. Мемлекеттік жалауымыз бейнеленген дәптер, қалам, қаламсап, сөмкені ноноколық балаларға таратып берді. Қуанышпен басталған жиын қуанышпен аяқталды. Ауыл тұрғындарына 2 қазан палау таратылып, балаларға тәттілер берілді.

Жеке кәсіпкер Елдос Айбеков ШҚО, Аягөз ауданы, Аягөз қаласының тумасы. Қазақстан, ТМД бизнес нарығында 15 жылға жуық кәсіппен айналысып келеді. Ол осы уақытқа дейін бірнеше қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Нақтырақ айтсақ, жалпы құны 15 млн тұратын ДЦП-науқастарына арналған аппараттарды тегін таратқан. Ай сайын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. 2021-2022 оқу жылы қарсаңында 100 оқушыны мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етті. Елдос Айбеков – "Райымбек батыр" қайырымдылық мекемесінің демеушісі.⠀

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу