Қазақ клубтары легионерлерден опық жеп келеді

1979

"Тобыл" клубының басшылығы былыққа батты. Өздері шығарып жіберген футболшыдан заң алдында зардап шекті. Мәселенің құны 600 мың еуро.

Қазақ клубтары легионерлерден опық жеп келеді

Қазақ футболында мәселе көп. Бірақ солардың ішіндегі ең сорақысы шет елдік футболшының сотқа арыз жазып, қазақ клубынан қомақты қаржы өндіріп алуы. Ел клубтары тегіс мемлекет бюджетінен қаржыландырылатындықтан бұл сомалардың шетке кетуі жанымызға қатты батады. Сауатсыз менеджерлер мен клуб басшылығының салғырттығы түбі осындай жағдайға алып келіп жатыр. Алайда, сол қателіктерді жасаған адамдар заң алдында жауапқа тартылмай, қызметтерін одан әрі жалғастырып жүріп жатыр.

Мысалы, күні кеше ғана "Тобыл" клубына байланысты ақпарат шықты. Осы командада ойнаған Фернандер Кассай деген футболшы еуропалық сотқа шағымданып, "Тобыл" клубы тиесілі қаржымды төлеп бермеді деп өтемақы сұраған. Сот шешім шығарып, аяқдопшының талабы заңды депті. Енді Қостанай қаласының командасы Орталық Африка елінің ойыншысына 600 мың еуро төлеуі тиіс. Өте қомақты қаржы. Бұл сома Шығыс Еуропадағы көптеген клубтардың бір жылдық бюджеті. Жанымызға қатты бататыны осындай келеңсіз оқиғалардың қазақ футболында жыл сайын қайталанып тұратындығында.

"Тараз" футбол клубында ойнаған Одита Обиора "клуб басшылығы жылдың соңына дейін өлшенген келісімімді бұзды" деп арыз жазып, клубтан қаржының түгел төленуін талап етті. Одан кейін "Қайсар" футбол клубы да осындай дау-дамайға тап болды. "Ертіс" клубы болгариялық бапкер Димитар Димитровқа 700 мың еуро, оның екі көмекшісіне 300 мың еуро қарыз болып шықты. Оның барлығы клубтың желкесінен шықты. Павлодар қаласының құрметті азаматы атағын алған болгариялық бапкер сотта жеңіп шыққан соң, "Ертіс" клубы банкрот болып жарияланды. Міне, осындай оқиғаларды қазір санамаласақ ұзақ текст жазуға болады.

Мұндай кикілжіңдер ненің салдары деген сауал туындайды. Мысалы, клуб басшысы сербиялық агенттермен келісімге келіп бір ойыншыны клуб қатарына алады. Оны бапкер де ұнатуы мүмкін. Футболшы жақсы ойнап, нәтиже көрсетіп, гол салып жүруі де ғажап емес. Алайда, клуб басшысы қызметінен кеткен соң оның орнына келген басшылық, бапкерді де, легионер футболшыларды да ауыстырғысы келеді. Сол кезде гол салып жүрген легионер жаңа бапкерге де, клуб басшысына да ұнамай қалады. Оны клубтан кетесің деп мәжбүрлеп, командадан шығарып салады. Бірақ, қолында жылдың соңына дейінгі келісімі бар футболшы сотқа шағым беріп, жылдың соңына дейінгі алуы тиіс жалақысын түгел талап етеді. Құжат бойынша барлығы заңды болғандықтан футболшылардың құқығын қорғайтын еуропалық кәсіподақ оны сотқа өткізіп, адвокаттардың көмегімен сотта жеңіп шығады. Сосын клуб бұл соманы амалсыз төлеуі тиіс. Себебі, бұрынғы басшылықтың алған футболшысы жарамсыз болған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу