Қазақ көлік және коммуникация академиясы лицензиясынан айырылды

2037

Студенттердің жайы не болмақ?  

Қазақ көлік және коммуникация академиясы лицензиясынан  айырылды

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Мұхаметжан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Осылайша оқу орнына қатысты шешім 10 жұмыс күні өткеннен кейін, заңды күшіне енеді. Кейін 1931 жылы негізі қаланған  жоғарғы оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндетті болады.

Жыл бойы академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, білім беру саласындағы өрескел заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік тәжірибе базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеді, бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер еткен. "Атамекен" ҚР ҰКП жүргізген рейтинг бойынша Академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60%-ы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Білім және ғылым министрлігіне осы университетте "оқыған" шетелдік студенттер де жүгінген болатын. Олар оқудың ақысын төлеген, бірақ іс жүзінде Академияда "оқымағандарын" жеткізген. Тексеріс нәтижелері тиісті құқық қорғау органдарына жіберілді.

"Біз Академия иелері қарсылық танытуы мүмкін екенін түсінеміз. Олар Комитеттің шешіміне сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы. Біз Мемлекет басшысының сапалы білім беруді қамтамасыз етпейтін жоғары оқу орындарын жабу бойынша қойған міндеттерін іске асыруға тиіспіз. Бірінші кезекте, студенттердің сапалы қызмет алу құқықтары мен мүдделерін ескеріп жатырмыз",  деген БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова студенттерге алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады. 

"Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап басқа ЖОО ауысуға рұқсат бердік. Сонымен қатар студенттердің оқу нәтижелері де сақталады және ауысып барған жоғары оқу орнында ескеріледі. Бұған дейін 35 мың студенті бар жоғары оқу орны жабылғанда, барлық студентті басқа оқу орнындарына ауыстыру бойынша жұмыс атқарған болатынбыз, яғни мұндай тәжірибе бар. Профессорлық-оқытушылық құрамды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізілетін болады", – деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы.

Қазіргі уақытта  М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында 5 мыңнан астам студент оқиды. Академияда оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейінгі аралықта. 

"Қазақ көлік және коммуникация академиясына қатысты түскен шағымдар бір жылдың көлемінде толастаған емес. Академияның 30-шы жылдардан бастау алған тарихына қарамастан, университет басшылығы оқу орнын осы жағдайға жеткізді. Кезінде дәл осы жоғары оқу орны теміржол саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз еткен болатын. Өкініштісі сол, қазіргі таңда бұл білім ордасында болашақ мамандарды тиісті деңгейде даярлау бойынша түйткілді мәселелер жетерлік. Мұндай жағдай елдің экономикасы үшін стратегиялық маңызды саласына маман дайындау барысында орын алмауы тиіс. Білім беру бағыттары ұқсас оқу орындарының күш-жігерін біріктіру қажет шығар", – деді ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов. 

Қазіргі кезде академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматы қаласының басқа 30 жоғары оқу орнында бар.

"Материалдық-техникалық инфрақұрылымның және білім беру процесін жүзеге асыруға салынған инвестициялардың болуын ескере отырып, Қазақ көлік және коммуникация академиясы базасында мектеп немесе колледж құру туралы ұсынысты қарастыруға болады. Сондай-ақ олар қаладағы басқа да ұқсас бейіндегі жоғары оқу орындарымен біріге алады", – деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу