Қазақ командалары қандай легионерлерді сатып алды?

2963

Қазақстандағы трансфер ауысымы кезеңін ең алғаш болып бастаған "Астана" командасы болды.

Қазақ командалары қандай легионерлерді сатып алды?

Ел чемпионы ортадағы позицияға Исландия құрамасының жартылай қорғаушысы Рунар Мар Сигурьонссонды сатып алды. Исландиялық ойыншы құрама командасымен бірге ЕУРО 2016 жарысына қатысты. Рунардың соңғы ойнаған командасы Швейцарияның "Грасхоппер" клубы болған. "Астана" сонымен қатар жалда жүрген Джуниор Кабананганы да шапан жауып шығарып салды. Ол енді өзінің Әл-Наср командасына қайта қосылады. Конголық шабуылшы кетерінде "Астана менің жүрегімде, мен қазақтарды жақсы көремін" деп жылы сөз айтты.

Алматының "Қайраты" мен Бельгияның "Беерсхот" командалары Қазақстан құрамасының қорғаушысы Ян Вороговскийдің трансфері жөнінде бір шешімге келді. Ян "Қайрат" сапында үш жылдың ішінде 53 ойынға қатысып үлгеріпті. Енді ол "Беерсхот" намысын қорғайды. Отандасымыздың жаңа командасы Бельгияның жоғарғы дивизионында өнер көрсетеді.

Ал Еркебұлан Сейдахметтің "Қайрат" сапына ауысуы трансфердің ең айтулысы болды. Ол "Уфа" клубынан алматылық командаға 300 мың еуроға сатылды. Сейдахмет соңғы жарты жылды Болгарияның "Левски" клубында өткізді. Алайда талантты ойыншы жарақаттан көз ашпай, көп матчтарға қатыса алмады. ҚПЛ-дың аутсайдері "Ақтөбе" екі мықты легионерінен айырылды. Сербиялық ойыншы Милан Радин отбасылық жағдайға байланысты келісімін үзген еді, артынша Польшаның "Корона" деген клубының ойыншысы атанып кетіпті. Сонымен қатар, командамен Балқан түбегінің тағы бір ойыншысы Саша Мариянович те қош айтысты.

"Ертістің" ойыншысы Аслан Дарабаев жуырда болған оқиғалардан кейін павлодарлық клубтан кеткен еді. Бір ай бойы еш клубқа тіркелмеген футболшы енді ішкі біріншілікте қайтадан өнер көрсететін болды. Аслан енді Талдықорғанның "Жетісу" командасының намысын жыртады. Футболшы мен клуб осы жылдың соңына дейін келісімге келген.

Павлодардың "Ертісі" сербиялық қорғаушы Милош Стаменковичпен келісімшарт жасасқанын мәлім етті. Стаменкович өткен жылы "Ертіс" сапында өнер көрсеткен де болатын. Сонымен қатар, "Ертіс" "Тобылдың" қақпашысы Андрей Пасеченконы жалға алғаны туралы да ақпарат жариялады.

"Тобыл" Пасеченконы "Ертіске" жіберісімен, орнына тәжірибиелі қақпашы алдыртты. Қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс Жасұр Нәрзіқұлов енді қостанайлық команданың қақпасын күзетпек. Сондай-ақ, ел чемпиондығынан үміткер команда жас шабуылшы Абат Айымбетовті де сатып алғысы келетінін жасырмайды.

Қарағандылық "Шахтер" ойыншысы Лукаш Дроппа командадан кеткенін айғақтады. Чехиялық легионердің орнына "кеншілер" сербиялық ойыншы Милош Видовичті сатып алды. Жартылай қорғаушы алаңда 25-нөмермен өнер көрсететін болады.

"Оқжетпес" 23 жасар жартылай қорғаушы Деймантас Петравичусті ойыншылар тізіміне қосты. Литва құрамасының футболшысы осы маусымның соңына дейін көкшетаулық командада ойнайтын болады. Бұл аяқдопшы керемет пастар шығарып, қорғаныста сауатты ойнай алады екен.

Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін жанталасып жатқан "Атырау" бірнеше легионермен қош айтысты. Ең алдымен 16 ойын өткізіп, екі ассистенттік жасаған Франтишек Кубик клуб сапынан кетті. Словакиялықтың артынан Желько Филипович пен Йосип Иванчич те келісімшартты үзді. Олардың орнына "мұнайшылар" біртіндеп жаңа легионерлер шақыртуда. Оның бірі - сенегалдық ойыншы Бубакар Мансали. Мансали Румынияның "Астра" командасымен бірге Еуропа лигасында жақсы нәтиже көрсеткен екен.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу