Өз жерінде өткізген Әлем чемпионатынан соң тұралап қалған Ресей құрамасы әбден ісіп-кеуіп еді. Шотландияны сырт алаңда жеңіп кеткен соң, ЕУРО 2020 додасына шықтық деп мәлімдей бастаған. Енді тек Қазақстан құрамасын қалпақпен ұрып аламыз деп көлгірсігенін де байқадық. Алайда ойынның алғашқы бөлігі олай болмады. Қазақстан құрамасы әдетіне басып қорғанысқа қамалып алды. 6 қорғаушы, 3 жартылай қорғаушы және бір шабуылшымен алаңға шыққан Михал Билектің көксегені тең ойын екені анық байқалды.
89-минут бойы шыдас беріп, соңғы бір минут қалғанда қақпасына гол жіберіп алған Қазақстан құрамасының ойыншыларының жағдайын түсінуге болады. Бірақ, бұл матчта ұлттық құрамамыз бірде бір бұрыштама добын көтермей, дені сау соққы да жасай алмады. Қарсылас команда матч бойына 10 бұрыштама көтерді. Шеберлігі шабандап қалған ресейлік футболшылардың деңгейі түсінікті. Сондықтан да, Ресеймен терезесі тең ойнауымыз таңқаларлық емес.
Бас бапкер осы жуырда ғана құрамаға алдыртқан қорғаушы Александр Марочкин бірнеше қателік жасады. Абзал Бейсебековтің де орнына шығатын өзге ойыншы жоқ сияқты. Кипрмен болған ойында қатты шаршап қалған футболшылардың екінші ойынға шықпағаны әсерін берді. Ал жас футболшы Айбол Әбікеннің болашағы зор футболшы екені көрінді. Бас бапкер Исламханды негізгі құрамға қойып, Абат Айымбетовті сәл ертерек шығарғанында бәлкім басқаша көрінер ме едік. Дегенмен, чехиялық маманның тактикасы да түсінікті. Топтың фаворитіне қарсы ашық ойын көрсете алмайды. Бірақ, ортадағы ойыншыларды күшейтіп, қарымта шабуылдар жасап отырудың да ретін қарастырған дұрыс еді.
Дегенмен, 7 ұпаймен Қазақстан құрамасы топтағы 3-орында тұр. Кипр құрамасы Сан-Мариноны жеңіп, ұпай саны бойынша теңесті. Дегенмен, ЕУРО 2008 додасында жинаған 10 ұпайлық рекордымыздың осы жолы мұрты бұзылатын сыңайлы.
Ресей - Қазақстан - 1:0
Гол: Марио Фернандес 89
Ермұхамед Мәулен