Танымал спортшы қазіргі уақытта Семей қаласында транспорт колледжінің директоры қызметін атқарады. Балуанның вирус жұқтырып алғаны туралы мәліметті қаланың әкімдігі хабарлады.
"Құрметті достар! Бүгін Семей қаласында COVID-19 індетін екі бірдей колледж директоры жұқтырғаны анықталды. Олар – электротехникалық колледжің директоры – Азат Сарпеков және транспорт колледжінің директоры, қазақ күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы, "Әлем Барысы" додасының екі дүркін жеңімпазы - Айбек Нұғымаров.
Қаламызда және елімізде эпидемиологиялық жағдай қиындап барады. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында карантин жағдайы күшейтілді. Бұған дейін Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында да карантин күшейтілгені туралы айтылған еді. Қарағанды облысында блокпосттарды қайта қойып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында да карантин шаралары ұзартылуы мүмкін. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туиттерінде де қазақстандықтарды коронавирустан сақ болуды сұрады.
Семей қаласының әкімшілігі қала тұрғындарын дисциплина сақтап, сақ болуларыңызды сұрайды. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар", - делінген әкімшіліктің Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Айбек Нұғымаров – коронавирус жұқтырған бірінші кәсіпқой спортшы.