Дүбірлі додаға қатысқан 500-ге жуық балуан Алаштың айбынын асырып, қазақ күресін әлемге тағы бір әйгіледі.
Төрт күнге созылған байрақты бәсекеде ерлер 9 салмақ дәрежесінде, әйелдер 7 салмақ бойынша белдесті.
Ұлттық ойындардың ішінде қазақ күресіне деген Сыр елінің ілтипаты ерекше. Облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Рзақұл Нұртаев алғаш Ақмешіттен бастау алған "Алтын белбеуден", бүгінде төрт құрлыққа танымал "Еуразия барысы", "Әлем барысы", "Қазақстан барысының" тарихын тәпсірлеп, қалайша танымал брендке айналғанын айтып берді.
"Қазақ күресінің жанашыры Арман Шораев Моңғолияға сапарында олардың ұлттық күресін тамашалайды. Елге келгесін ол бізге шықты. Облыс әкімдігі қолдап, дереу "Алтын белбеу" сайысын ұйымдастырдық. Сайыстың жүлде қоры 100 мың доллар болды. Келер жылдан бастап бұл соманы бюджеттен бөлінетін етіп шештік. Танымалдылығы тез өскен спорттық шараның атауын "Қазақстан барысы" атап, елордасы Астанада ұйымдастырдық. Бірақ жұмсалатын қаржыны Қызылорда облысының бюджеті көтерді. Кейіннен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ қаржыландырылуды өздеріне алды. Ал Қызылорда облысы бес жыл бойына "Еуразия барысын" Қытайда, Иранда және Қазақстанның үш облысында ұйымдастырды", – деді Р.Нұртаев.
Дода бәсекесінің алғашқы күнінде 90, 100 және 100 келіден асатын спортшылар жарыс жолына шықты.
90 келі салмақта Жамбыл облысынан Айбол Айтбек қарсыластарын шақ келтірмеді. Алматылық Ерасыл Жанатаев екінші, атыраулық Сұңғат Закарияев пен ақтөбелік Әділет Мисин үштікті түйіндеді.
100 келі салмақта Солтүстік Қазақстан облысының атынан шыққан Мұхит Тұрсынов пен жерлесіміз Нұрым Сәлімгерей алғашқы орындарды еншіледі. Ал Атыраудан келген Арман Қалиев пен Қарағандының тумасы Ерқанат Молдағұлов үшінші орынды өзара бөлісті.
Бұл жолы 100 келіден асатын ауыр салмақтағылар дода көрігін қыздырды. 28 балуан татами төрін шаңға бөктірді. Оның ішінде екі дүркін "Қазақстан барысы" атанған Айбек Нұғымаровта бар.
Бұл бәсекеде жаңа жұлдыз жарқ етті. Ол жамбылдық Ғалымжан Қырықбай еді. Қарсыластарын қоғадай жапырған ол әп-сәтте жауырыны жерге тимес балуанға айналды. Сонымен бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал екінші орын шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровқа бұйырды. Қалған орындарды маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов пен жерлесіміз Мақсат Исақабылов иеленді.
Салмақ дәрежелерін сарапқа салып қойған спортшылар түйе палуандар сайысына сапқа тұрды.
Күрестің көрігін қыздырғандардың арасынан жартылай финалға Мақсат Исақабылов, алматылық Нұрсұлтан Аманжолұлы, шығысқазақстандық Талғат Әмренов және Нұр-Сұлтан қаласынан Айбат Сейтен шықты.
Ал, шешуші айқас Мақсат пен Айбаттың арпалысымен өтті. Ақыры Айбат алымдылығымен көзге түсіп, түйе балуан атанды. Мақсат екінші орынға тұрақтаса, Нұрсұлтан Аманжолұлы мен Талғат Әмреновке үшінші орын бұйырды.
Дүбірлі бәсекенің бірінші орнын команда бойынша Жамбыл облысының спортшылары алды. Олардан кейін топ жарғандар Алматы қаласы мен Атырау облысының командалары болды.
Бұл чемпионатта жүлдегер атанғандар енді әлемдік, халықаралық сайыстарда ел намысын қорғайтын болады. Ал алғашқы үштікке енген спортшылар ұлттық құрама сапын толықтырды.
Нұрбек Дәуренбеков