Қазақ күресінің бір белесі

3541

Жақында елімізге қуанышты хабар жетті. Қазақ күресі ресми түрде биыл Ашхабадта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына қосылды.

Қазақ күресінің бір белесі

Жалпы төл күресімізді осы жарысқа қосу мәселесі былтыр Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлері жөнінде өткен форумда шешілген болатын. Ал биыл Бүкіләлемдік күрес одағының (United World Wrestling) президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің президенті Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әл-Сабах ұлттық күресімізді 2017 жылғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу келісіміне қол қойды. Бұл туралы бізге Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев айтып берді.

– Серік Адамұлы, қазақ күресінің жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына қосылғаны құтты болсын! Бұл, ең әуелі, өзіңіз басқаратын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жетістігі деп білемін. Соңғы 12 жылда 7 әлем, 11 Азия біріншілігі, 3 әлем кубогы, 3 Еуропа мен Африка біріншілігін өткіздіңіздер. Осы қарқынмен жүрсек, алдағы уақытта төл күресіміз Жазғы Азия ойындарында төбе көрсетіп қалады деп ойлаймыз. Енді федерацияның ұлттық күресіміздің жабық ғимараттағы құрлықтық додаға қосылуы туралы айтып берсеңіз.

– 2015 жылы қазақ күресі Біріккен әлемдік күрес одағы құрамына мүше болып, ерекше мәртебе алды. Жаңа өзіңіз айтқандай, соңғы 12 жылда 7 әлем, 11 Азия біріншілігі, 3 әлем кубогы, 3 Еуропа мен Африка біріншілігі өткізілді. Біріккен әлемдік күрес одағы біздің төл күресімізді дамытудағы жұмысын ескере отырып, федерацияны мүшелікке қабылдады. Бірден айтайын, Бүкіләлемдік күрес одағымен қазақ күресін Азиадаға қосу мәселесі бірден шешілген жоқ. Олармен ұзақ уақыт келіссөз жүргіздік. Былтыр біз Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлері жөнінде өткен форумда қазақ күресін осы жарысқа қосу туралы өтініш жасадық. Оған Қазақстан атынан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Азия федерациясының президенті Марат Шәмшінұров пен оның орынбасары Айдархан Қабдолла қатысып, төл күресіміздің тарихы, қазіргі кездегі даму деңгейі туралы баяндама жасады. Жиында Қазақстан делегаттарының баяндамасы көптің көңілінен шығып, 70-тен астам елдің өкілдері бірауыздан ұлттық күресімізді жарысқа қосу туралы өтінішімізге дауыс берді. Ал жақында Бүкіләлемдік күрес одағының президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің төрағасы Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әл-Сабах қазақ күресін жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына қосу туралы келісімшартқа қол қойды. Осы сында палуандар 70, 90 және 90 келіден астам салмақ дәрежесінде белдеседі.

– Қарап отырсақ, күресіміз осы жарысқа сынақтан өтіп, қосылған екен ғой. Бізге былтыр Марат Шәмшінұров ағамыз 22-24 маусым күндері Ашхабадта төл күресімізден сынақ түрінде белдесулер өтеді деген еді. Енді биылғы жарыс та 2018 жылы Индонезияда өтетін Жазғы Азия ойындарына сынақ түрінде бола ма екен?

– Иә, қазір бәрі сынақ қой. Бірден ешкім ешқандай сынақсыз жарыстың бағдарламасына қоспайды. Ненад Лалович пен әл-Сабах күресті бір емес, бірнеше рет қарап кетті. Содан кейін бас бармақпен бағасын берді. Қазақ күресін таза, тамаша күрес екен деп айтты. Жаңа айтқан сөзіңіздің жаны бар, биыл күресіміз жабық ғимаратта болса, келесі жылы біз палуандарды Жазғы Азия ойындарына апаруды мақсат етіп отырмыз. Біздің, шыны керек, түпкі мақсатымыз – 2020 жылы Токио Олимпиадасында қазақ күресінен сынақ түрінде белдесулер өткізу. Осыған байланысты Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы ел-елде, жер-жерде федерациялар ашып жатыр. Мәселен, қазір 40 елде федерация ашылған. Енді төл күресіміз биылғы сынақтан да өтсе, онда Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына кіреді. Бұл жарыс 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өтеді.

– Серік Адамұлы, бұдан басқа тағы қандай жарыстар өткізуді жоспарлап отырсыздар? Астанада ашылған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жаңа кеңсесі құтты болсын! Енді жұмыстарыңыз өрге домалайды деп ойлаймыз.

– Рахмет! Федерацияның жаңа кеңсесі ашылды. Міне, оны өзіңіз де көріп отырсыз. Кеңсеміз Есіл өзенінің сол жағалауындағы "Сан-Петербор" бизнес орталығында орналасқан. Ал жоспар көп. Биыл қыркүйек айында Астанада әлем чемпионатын, Тарбағатай ауданында Әлем кубогын, 10-20 сәуір күндері Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында Африка додасын, Польшада Еуропа кубогын, Қытайда Азия біріншілігін өткізу жоспарда бар. Ал келесі жылы Америка мен Аустралияда құрлықтық жарысты өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Қытай Халық Республикасында жастар арасындағы әлемдік бәсекені өткіземіз. Қазір осы мәселемен Алтайдың арғы жағындағы өкіліміз Айдархан Қабдолла айналысып жатыр. Бұл кісі 1990 жылдан бері Қытайда төл күресімізді насихаттап, дамытумен айналысып келеді. Ал биыл ол Ұлттар баспасынан қазақ және қытай тілінде 1225 беттен тұратын "Қазақ күресі" атты кітапты шығарамын деп отыр. Қазір кітап қытай тіліне аударуға жіберіліпті. Осы жерде соңғы кездері ұлттық күресіміздің көрші елде қарқынды дамып келе жатқанын айтқым келеді. Былтыр Іле-Қазақ облысына қарасты Моңғұлкүре ауданында кезекті әлем біріншілігі өтті. Оның алдында талай дүбірлі додада қазақ күресінің жалауы желбіреді. Осының бәрі Қытайдағы күрес десе, арқасы қызатын қандастарымыздың жұмысының арқасы. Бұл елде аудан, облыс, қалаларда оннан астам федерация ашылған. Енді біз Айдархан Қабдолла мырзаға осылардың басын біріктіретін бірлестік ашып алыңыз деп отырмыз. Егер сондай ұйым болса, жұмысы бір ізге келіп, одан сайын жақсаратыны сөзсіз.

– Жақын арада Астанада қазақ күресіне арналған конгресс өткізіледі екен. Осы жиында қандай мәселе қаралады?

– Конгресс 12-14 наурыз күндері өтеді. Онда күреске қатысты барлық мәселе талқыланады. Сол жерде Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының Атқарушы комитетін сайлаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Дастан Кенжалин

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу