Қазақ қызы АҚШ-та бас бапкер

4784

Команда оның тәжірибесін жоғары бағалады.

Қазақ қызы АҚШ-та бас бапкер

Қазақстандық Бұлбұл Қартанбаева АҚШ-та хоккей клубының бас бапкері болып тағайындалды. Ол Нью-Джерси штатында High School базасындағы Princeton Tiger Lilies team 14U AA Black командасының бас бапкері атанды. Оған қоса Бұлбұл ойыншы ретінде кәсіби мансабын да қатар алып жүреді.  

Бұлбұл Вести.кз сайтына берген сұхбатында жұмыс беруші тарап оның мол тәжірибесін жоғары бағалағанын айтты. Сонымен қатар спортшы жол апатының тигізген әсері, өзінің алдағы жоспарлары және жаңа қызметінің қаншалықты маңызды екені жайлы ой бөлісті.

- Мені бұл қызметке маусым айының басында қабылдаған. Ал оған дейін менің кәсіби дәрежемді айғақтайтын әр түрлі талаптар қойылды. Барлық сертификаттарымды және тәжірибемді растайтын құжаттарды жинадым. Содан кейін менімен сұхбат өткізіп, ол кезеңнен де сәтті өттім. Ең алдымен қоңырау соғып, кейіннен бейнебайланыс арқылы сұхбат өткізді.

Негізінде команданың бас бапкері болу мен үшін өте үлкен қадам болды. Былтыр Westfield High School-да бас бапкердің ассистенті болып жұмыс жасағанмын. Ассистент болғанда жаттығу күндері жұмысқа келіп, тек белгілі бір тапсырманы орындап, кете бересің. Ал, бас бапкер маусымға жоспар құрады, тактиканы ойластырып, ойынға арналған стратегияны жасайды. Сонымен қатар жұмыс беруші мен ата-аналармен тіл табысу да маңызды және команданы бірінші орынға шығаруға талпынып, нәтиже көрсету керек.
- Бұлбұл, сіз жаттықтыратын клуб  қай лигада өнер көрсетеді және команда жайлы толығырақ айтып бересіз бе?

- Мен жаттықтыратын команда Princeton Tiger Lilies team 14U AA Black (13-14 жастағы қыздар) деп аталады. MAWHA league лигасында ойнаймыз. Маған онда шетелдік бапкердің жұмысқа қабылдануы өте сирек кездеседі деді. Менің тәжірибем бар. Еуропада, Канадада, Азия мен АҚШ-та да хоккей ойнадым. Канадада тұрғанда бапкерлікпен айналыстым. Қазақстанда елордалық хоккей мектебінде жаттықтырушы болдым. Осылардың барлығы менің жаңа қызметке тағайындалуыма көмегін тигізді. Менен ол жақтағы хоккей мен Қазақстандағы хоккейдің ерекшеліктері жайлы жиі сұрайды. Қазақстанда, Ресейде, Еуропада бапкерлердің қалай жұмыс жасайтыны туралы сұрақтар да болады.

- Жеке жоспарларыңыз тұрғысынан алсақ бұл жаңалыққа қандай баға берер едіңіз?

- Мен үшін үлкен қадам болды. Бас бапкер болу – бұл үлкен жауапкершілік. Барлығы менен қандай да бір нәтиже күтеді. Әр ойын сайын қыздарды жігелендіріп, қолдау көрсетіп, бапкер ретінде талап қоя білуім керек. Сондықтан бұл жалпы өмірімде де, спорттық мансабымда алға жасаған үлкен қадам болды.

- Яғни сіз өзіңіз ойыншы ретінде бапкерлікті де қатар алып жүресіз бе?

- Иә, дәл солай. Кәсіби команда сапында аптасына екі рет айдында, екі рет спорт залда жаттығамын. Ал демалыс күндері екі кездесу болады. Кейде бір ойын ғана өтеді. Сондықтан қатар алып жүремін. Жұмыс беруші менің хоккей клубында ойнайтынымды біледі.

- Қазіргі таңда пандемия уақытында жағдайыңыз қалай?

- Бәрі жақсы. Былтыр желтоқсан айының соңында жол апатына түсіп, нәтижесінде спорттық мансабыма біраз кедергі келтірді. Маусым мен үшін өте қысқа болды. Себебі маусымды қазан айында бастап, жетоқсан айында аяқтадым. Дұрыс ойнап үлгермедім десем де болады. Ал қайта қалпыма келу үшін шамамен 4 айдай уақыт кетті. Қазір жаттығып жүрмін. Пандемияға байланысты фитнес-орталықтар, залдар, ареналар барлығы да жабық. Бізде тек киім дүкендері ғана ашылды. Пандемия Америка Құрама Штаттары үшін де оңайға соғып жатқан жоқ. Адамдарда үрей бар. Көшеден маскасыз адамды кезіктірмейсіз.  
- Алға қойған жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?
- Жоспарым спорттық бабыма келіп, қайта хоккей ойнау. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық құрамасының ойындарына да қатысамын. Алда Олимпиадаға іріктеу ойындары және Әлем чемпионаты бар.

Естеріңізге сала кетсек, Бұлбұл Қартанбаева Қазақстанның хоккей тарихында Ұлттық Хоккей Лигасында (NWHL) ойнайтын алғашқы қазақстандық қыз. Ол былтыр АҚШ-тың Нью-Джерси штатында орналасқан Монмут Джанкшен қаласының "Метрополитен Риветерс" командасымен келісім-шарт жасаған болатын.

Елімізде Бұлбұл "Барыс" хоккей клубының жүйесіндегі "Томирис" және Алматының "Айсұлу" командаларында өнер көрсеткен. Сонымен қатар 2011 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы ретінде бес рет Әлем чемпионатына қатысқан.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу