Қазақстандық қыз Альбина Бунеску испаниялық команданың маркетинг бөліміне жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Павлодар тұрғыны әлемнің ең атақты футбол клубының бірі "Реал Мадрид" командасына ресми түрде жұмысқа кіріскенін қуана хабарлады. Бұл үшін ол біраз кедергіден өткенін жасырмайды. Жетістікке апарар жолдың оңай болмасын сезген қазақ қызы Астана қаласында жылжымайтын мүлік сатып алу мен шетелде білім алу процесінде лайықты таңдау жасаған. Тәуекелге бел буған Альбина Мадридтегі жоғары оқу орнына түсіп, клубта тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болып, оны мүлт жібермеген. Соның арқасында әйгілі клубпен еңбек келісімшартына қол қойып отыр.
Оның сөзінше, қазір әйгілі клубтың маркетинг департаментінде жұмыс атқарады.
– Мен өз арманыма сендім. Енді өзгелерге де шекара жоқ екенін көрсеткім келеді, – деп жазды Альбина Бунеску.
Қазақ қызының жетістігіне оқырмандары тілектестігін қарша боратып жатыр. Олардың арасында елге танымал спорт журналистері де бар.