Қазақ-өзбек арасында 1 шақырымға созылған жаңа, жабық қала тұрғызылады

10726

Қос көршінің одағына Еуразиялық одақтың қысымы азайтылуда. Бауырлас мемлекеттеріміз "Орталық Азия" алып кооперация орталығын құруға белсене кірісті.

Қазақ-өзбек арасында 1 шақырымға созылған жаңа, жабық қала тұрғызылады Фото: inbusiness.kz

Қазақстан мен Өзбекстан арасында "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылатыны өткен жылдың соңында жария болды.

Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 2022 жылғы желтоқсанның аяғында өткен Өзбек-Қазақ өңіраралық бизнес форумда хабарлаған еді. Бірақ ол кезде бұл болашаққа арналған жобалардың бірі ретінде қабылданған.

Алайда қазіргі алмағайып заманда туысқан қос елдің одақтастық қатынастары қарқынды дамуға бет алғаны байқалады. Сөзден іске көшкен Сауда және интеграция министрлігі "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісім" жобасына қатысты өзбек әріптестерімен өзара келіскен. Енді міне, осы маңызды келісімді бекітетін Үкімет қаулысының жобасы қоғамның назарына ұсынылды.

Министрліктің түсіндіруінше, қос көршінің шекарасында ашылатын бұл халықаралық орталық "Солтүстік-Оңтүстік" орталықазиялық экономикалық ықпалдастық дәлізінің басты алаңына айналмақ.

"Қазақстан мен Өзбекстанның одағы экономикада не береді? Екі ел өнеркәсіптік тұрғыдан кооперациялануы, ынтымақтасуы, соның нәтижесінде бірлескен өнімдер жасап, сол арқылы үшінші елдердің нарықтарын жаулауы қажет. Осы жолдағы маңызды қадам – қос республиканың шекарасындағы "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасын жеделдетіп жүзеге асыру болады. Бұл орталық біріншіден, елдеріміздің тиімді өнеркәсіптік ықпалдасуына септеседі. Екіншіден, "Солтүстік – Оңтүстік" атты бүгінде белсенді өркен жая бастаған орталықазиялық экономикалық дәлізінің шешуші алаңы қызметін атқарады", – деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар орталық екі елге де шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал етуі мүмкін. Өйткені инвесторлар соғыс үшін емес, сауда үшін одақтасқан елдерге ынтық. Бұл екі елдің бизнесмендеріне де қатысты. Қанша жерден халықтарымыздың төскейде малы, төсекте басы қосылған дегенімізбен, кәсіпкерлеріміздің ынтымақтастығы сонша мықты емес. Бір ғана мысал: ресми мәлімет бойынша 2005 жылдан 2022 жыл аралығында өзбек инвесторлары Қазақстанға небары 23 миллион доллар ғана тікелей инвестиция салған. Қазақстандық қалталылардың да ала шапанды ағайындар еліне ұмтылып тұрғаны шамалы: осы он алты жылда отандық бизнес Өзбекстан экономикасына 560 млн доллар инвестиция құйды. Бұған бір жағынан екі мемлекеттің ұзақ жылдар бойы Орталық Азиядағы көшбасшылық үшін бақталасып, өңірге бағытталған инвестициялар үшін өзара таласқаны, біріге қимылдамағаны себеп.

Тараптар енді мұны 90 градусқа өзгертуге ниетті.

"Орталық Азия, әсіресе, Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық капиталды тарту саласында бірыңғай майдан (фронт) құрып, бұдан былай тізе қоса қимылдауы керек. Қзаақстан осыған қажетті бүкіл инфрақұрылымды құрып қойды. Мәселен, аймағымыздағы қаржы алаңы – "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен биржасы жұмыс істеп тұр. Инвестициялық преференциялар, жеңілдіктер қарастырылған. Біз өңірімізге ден қоятын барлық инвесторларға ашылған қақпа рөлін атқаруға дайынбыз", – деп көркем сөзбен түйді Үкімет басшысының орынбасары С.Жұманғарин.

Бұған дейін Өзбекстанның Еуразиялық одаққа мүше болмауы екі елдің ынтымақтастығын тежеп келді. Себебі, ұлтүстілік органдары тегіс Мәскеуде орналасқан бұл ұйым өз мүшелерінің одаққа кірмейтін үшінші елдермен сауда, экономикалық қарым-қатынастарын қасаң қалыптарға тығып, біршама шектеді.

Кремль Украинаға соғыс ашып, тарихта теңдесі жоқ санкциялық қыспаққа тап болып, байтал түгіл бас қайғы жағдайға жеткенде, одақтың да жұдырығы жазыла бастағанға ұқсайды.

Ел Президентінің қол қоюына Парламент ратификациялаған "Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісім" ұсынылды. Аты айтып тұрғандай, құжат бірінші кезекте Өзбекстанмен арадағы Еуразиялық одақ құрып келген кедергілерді құлатады.

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда жасалған өңделген тауарларды сатып алуда Өзбекстан – лидерлердің бірі екеніне назар аудартты. Ал одақтық жаңа құжатта дәл осы шикізат емес тауарлардың саудасаттығына жол ашу туралы сөз болып отыр.

Оның мәліметінше, Қазақстан мен одаққа кірмейтін үшінші елдер арасындағы шикізаттық емес тауарлардың саудасы 2022 жылы 48,6 миллиард долларды құрады. Осылайша, 2021 жылмен салыстырғанда 33,5 пайызға артты. Соның ішінде Қазақстаннан үшінші елдерге шикізаттық емес тауарлардың экспорты 2022 жылы 24,8 пайызға өсіп, 18,9 миллиард долларға жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар бойынша Қазақстанның негізгі экспорттық елдері Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланды болып отыр.

Парламент құптаған одақтық келісім қазақстандық экспорт тасқынының арнасын кеңейтуге тиіс. Үкіметтің алдын ала болжамынша, өзге елдерге экспорттың үлесі келісімнің қабылдануына және оның одан әрі іске асырылуына байланысты тағы 10 пайызға артуы мүмкін.

Түсіндіре кететін жайт, Еуразиялық одақ Ресей империя құруға кірісіп, Қырымды басып алып, Украинаның Донбасында әскери жанжал ошағын тұтандырған 2014 жылы құрылды. Содан бері ұйым аясында Мәскеу қаптаған техникалық регламенттер, яғни шектеулер енгізді. Оларға сай келмейтін шетелдік өнімдерді одақ елдеріне сатуға тосқауыл қойылды. Бұл талаптар абсурдқа жете бастады. Мысалы, Smart TV технологиясын қолдайтын теледидарларға, көліктерге, басқасына ресейлік ГЛОНАСС жүйесін орнату талабы енгізілген. Тек мүше елдердің қарсылығымен бұл талап алып тасталмағанымен, кейінге шегерілді.

"Парламент бекіткен келісім одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара саудасындағы ЕАЭО техникалық регламенттері қолданылатын өнімге қатысты техникалық кедергілерді жою тәртібін айқындайды. Бүгінгі күні одақтың 52 техникалық регламенті қабылданды, оның әзірге 46-сы күшіне енді. Келісім одақта және үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талаптардың баламалы, тең екенін айқындау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануға жағдай жасайды. Сондай-ақ келісім мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалылығын да қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл өнімдерімізді сыртқы нарыққа ілгерілетуге жол ашады", – деді Интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Яғни құжат отандық тауарларымыздың Еуразиялық одақтан басқа елдердің нарықтарына қосымша сынақтар жүргізбей шығуын жеңілдетеді. Өнімге қойылатын талаптар әртүрлі болған жағдайда ғана қосымша сынақтар жүргізілетін болады. Бұл тәсіл қазақстандық кәсіпкерлердің шығындарын біршама азайтуға тиіс. Демек, ол отандық тауардың түпкілікті құнына және тиісінше оның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне оң әсер етеді.

Ал "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру келісіміне келсек, бұл жоба екі елдің өзара тауар айналымын алдағы 5 жылда 10 миллиард долларға дейін жеткізу жөніндегі Практикалық іс-қимылдар жоспарына кіргізілді.

Осы орталық арқылы қазақ пен өзбек елдері "өндірісті жаңғыртуды және оған инновацияларды енгізуді, шикізатты терең өңдеуді, қосылған құны жоғары өндірістік тізбектерді құруды" мақсат тұтып отыр. Қос республика сол алаңда тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация орнату үшін қолайлы жағдайлар жасайтын болады.

Келісім жобасында көрсетілгендей, Қазақстан мен Өзбекстан "Орталық Азия" орталығы арқылы ұлттық экономикаларының әлемдік экономикалық қатынастарға интеграциялануына қол жеткізбек.

Орталықтың қазақстандық бөлігі Қазақстанның, өзбек бөлігі Өзбекстанның юрисдикциясында болады. Әр ел өз бөлігін өзі басқарады.

Барлық түйінді және стратегиялық бағыттар бойынша орталық қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін екі ел тұрақты жұмыс істейтін бақылаушы органды – Кеңесті құрады.

Орталық қазақ-өзбек мемлекеттік шекара сызығының екі жағында, Қазақстанның "Жібек Жолы" және өзбекстандық "Гишт-Куприк" өткізу пункттерінің жанында орналасқан мемлекеттердің шектес аумақтарында орналасады. Ол екі мемлекеттің мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін "Достық" арнайы дәлізіне жалғасады.

Адамдардың, жүктердің, тауарлардың қозғалысын бақылауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан "Түркістан" атты жаңа өткізу пунктін құрады.

Орталықтың жалпы алаңы бастапқыда 1 шаршы шақырымды құрайды, яғни әр жақта 50 гектардан болады, кейін ұлғайтылады. Кеңейту үшін әр ел тағы 150 гектар жерді резервте ұстайды. Осы аумақта еркін сауда режимі жүзеге асырылады. Орталықта екі елдің банктері мен филиалдары құрылатыны жазылған. Сауда орталықтары, көрме объектілері, түрлі іскерлік үй-жайлар, бизнес орталықтары, терминалдар және коммерциялық қызметке арналған басқа да объектілер салынбақ.

Қазақстан шекарада осы алып орталықты құру арқылы шекаралас аумақтан халықтың кетуін тоқтатуға жағдайлар жасауды да көздеп отыр.

Орталық жыл он екі ай, тәулік бойы режимінде жұмыс істейді. Оған кіріп шығу үшін азаматтарға паспорт қажет емес, жеке куәлік жарайды деп белгіленген.

Тараптардың мемлекеттік органдары орталыққа кіретін, шығатын тұлғалар мен көлік құралдары туралы ақпарат алмасу үшін бірыңғай деректер банкін құрады.

"Орталық Азия" – жабық қала болады: тиімді бақылау жүргізу мақсатында қос мемлекет орталықтың айналасына бақылау жүйесімен және жарықтандыру аспаптарымен жабдықталған арнайы қоршау орнатып, толық қоршайды. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті қорғау үшін қазақ пен өзбек полицейлері әрқайсысы өз бөлігінде патрульдейді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу