Қазақ пен өзбек арасын жаңа жол байланыстырмақ

14784

"Дарбаза–Мақтаарал–Жизақ" жобасының тағдыры анықталды.

Қазақ пен өзбек арасын жаңа жол байланыстырмақ

Ежелден төсекте басы, төскейде төрт түлігі қосылған қос бауырлас ел арасында экономикалық қарым-қатынас та күшейіп келеді. Осы қарқын сақталса, Өзбекстан болашақта бір өзі бүкіл Еуразиялық одақты ауыстыра алуы ғажап емес.

Мәселен, 2020 жылдың 11 айының қорытындысында Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен бүкіл сауда-саттығы небары 17,6 млрд долларды құрады. Сөйтіп, 2019 жылмен салыстырғанда бірден -7,7 миллиард долларға құлдырады. Оның ішінде тек 4,9 миллиарды ғана біздің экспорт. Қалған 12,7 миллиарды – одақтастардың бізге өткізген импорты.

Ал Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық 2019 жыл қорытындысында 21,2%-ға өсіп, 4,5 миллиард долларды құрады. Былтыр пандемия кесірінен 15 пайызға төмендеген. Әйткенмен, 2020 жылғы 21 қарашада кездескен екі елдің премьер-министрлері Асқар Мамин мен Абдулла Әріпов қазақ-өзбек өзара тауарайналымы көлемін 10 миллиард долларға дейін жеткізуге келісті.

Мұның барлығы екі ел арасындағы қатынас жолдарына түсетін жүктеменің еселеп артатынын білдіреді. Бұл ретте "Дарбаза–Мақтаарал–Жизақ" жаңа темір жол желісі қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу қабілетін арттыруға тиіс. Сондай-ақ бұл логистикалық инфрақұрылымды өркендетуге ықпал етеді.

Әзірге Өзбекстанға баратын негізгі жүк ағыны мемлекетаралық Сарыағаш түйіспе станциясы арқылы өтеді. Ол өткізу қабілетінің шырқау шегінде, зорыға жұмыс істеуде.

Бұған өзбекстандық теміржолшылардың "Сарыағаш" станциясынан өздерінің жүк пойыздарын уақытында алып кетпеуі проблема болып жамалуда. Мысалы, бір жыл бойында жалпы саны 78 мыңнан аса вагоны бар 1436 пойызды 1 мың 719 сағатқа тастап, қаңтарып қойған, ал локомотивтерін аралық станцияларда қалдырып кеткен. Соның салдарынан жылдамдық едәуір төмендейді. Екі елдің теміржол компаниялары мәселені келіссөз арқылы шешіп жүр. Нәтижесінде "Сарыағаш" станциясы арқылы тәулігіне 28 жұпқа дейін пойыз алмасу бойынша келісім жасалып, "Узбекистан темир йуллари" АҚ өз жерінде Өзбекстан шекарашыларының тексеру жүргізуіне арналған 2 жолды іске қосты. Ал ҚТЖ "Сарыағашта" жекелеген вагондар мен жүк пойыздар құрамы тұрақтайтын 4 жолдың құрылысын аяқтап, пайдалануға берді.

Дегенмен, алыс-беріс, барыс-келіс екпіндеп ұлғайғанда бұл станцияның  пойыз қабылдап-жөнелту мүмкіндігі жетпеуі мүмкін. ҚТЖ дерегінше, оның айналасында жер телімі тапшы болғандықтан, бұл өтпені ары қарай дамыту мүмкіндіктері жоқ көрінеді.

Сондықтан қазақ-өзбек мемшекарасындағы теміржол телімдерінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында "Қазақстан темір жолы" АҚ-ы "Дарбаза–Мақтаарал–Жизақ" жаңа теміржол жобасын салуды қарастырып жатыр. Компанияның дерегінше, бұл қолданыстағы "Сарыағаш–Ташкент" телімінен жүк ағынының бір бөлігін Түркістан облысындағы жаңа желіге бағыттауға, "Сарыағаш" станциясына түсетін ауыртпалықты жеңілдетуге, осы бағдардың өткізу қабілетін жоғарылатуға мүмкіндік беруге тиіс. Оның үстіне жоба өзбекпен шекаралас өңір саналатын жаңа Түркістан облысының өркендеуіне де соны серпін бермек.

Осы орайда "ҚТЖ" ұлттық компаниясы мен "Узбекистан темир йуллари" АҚ-ы транзиттік әлеуетті тиімді пайдаланудың ұтымды нұсқаларын зерттеу үшін Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Уағдаластыққа сәйкес, екі ел жаңа бағдарлар туралы ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобын құрды. Негізгі өндірістік және экономикалық көрсеткіштерді де солар анықтайды. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң Көлiк комитетiнің төрағасы Самат Ғилымовтың айтуынша, екі ел "Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету жөніндегі практикалық шаралар жоспарын" бекітті. Ол "жол картасы" деп те аталады.

Осы жоспардың 14-бөліміне сәйкес, үкіметтерге "Қызылорда–Үшқұдық (Өзбекстанның Науаи облысы)" немесе "Дарбаза–Мақтарал–Жизақ (Өзбекстанның Жизақ облысы)" бағыттарында жаңа қазақ-өзбек теміржол өтпесін құру жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігін пысықтау жүктеліпті.

"Қазіргі уақытта біздің комитет "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен бірлесіп, осы жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін зерттеп, жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге жобаны өзбек тарапымен келісімнен өткізудеміз. "Дарбаза–Мактарал–Жизақ" теміржол жобасының құрылысына қатысты мерзімдер де осы рәсімдер аяқталғаннан кейін нақты белгілі болады", – деді Самат Ғилымов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу