Press World Population Review дүниежүзіндегі ұлттық тағамдардың кезекті рейтингін жариялады. Ол "Ең жақсы тамақ қай елде?" (What Country has the Best Food?) деп аталады. Тізімді TasteAtlas мамандандырылған порталы түзген екен.
Қазақстан жаһандық бұл тізімде күтпеген жерден аутсайдерлердің қатарынан бір-ақ шықты. Қысқасы, әлемдік рейтингте соңынан санағанда 8-ші орында тұр. 3,90 балл ғана жинай алды.
Республикаға жалпы есепте 92-ші орынды місе тұтуына тура келеді. Тіпті Ауғанстанның өзі Қазақстаннан 23 саты биік орналасқан.
Жалпы алғанда, БҰҰ-ға мүше 197 тәуелсіз мемлекеттің ішінен тізімге жалпы саны 99 мемлекет кірді. Тек тұтынушылардан көбірек пікір алған елдер еніпті.
Онда Қазақстаннан төменгі жақта тек бәсекеде оңбай ұтылып, тезек теріп қалған Армения (оның да баллы 3,90), Қатар, Албания, Нигерия, Боливия, Лаос пен Никарагуа ғана тұр. Бұлардағы тамақ "әлемдегі ең бір нашары" деп танылды.
Посткеңестік кеңістікте тағамы ең үздік деп Грузия танылды, ол жаһандық отыздыққа кірді. Ары қарай Ресей – 34-ші, Литва – 39-шы, Украина – 43-ші, Әзербайжан – 56-шы, Беларусь – 75-ші және Латвия – 78-ші келеді.
Дүниежүзі бойынша ең дәмді тағам Грекияда көрінеді: сауалнамаға қатысқандар оған ең жоғарғы 4,60 балды берді. Үздік ондыққа сондай-ақ Италия, Мексика, Түркия, Испания, Португалия, Индонезия, Франция, Жапония және Қытай кірді.
World Population Review бағалауынша, дәл осы елдер қонақтарға ұсынылатын тағамдарының әралуандылығымен, ұлттық тағамдарының әлемге танымалдылығымен, туристерді сонысымен де тарта алуымен ілгері озды.
Бір қызығы, мейманының алдынан "астаудай" астатөк палауын және басқасын аямай ұсынуымен саяхатшыларды таңдай қақтыратын Өзбекстан биылғы рейтингтен шығып қалды.
"Жаһан жұртшылығының жиіркенгені ме? Өзбекстан ең дәмді асүйі бар елдердің әлемдік рейтингінен мүлдем шығып қалды. Сонда біздің тағамдарымыз енді дәмді болмай қалды ма? World Population Review-дің биылғы шолуынан кейін осындай байлам туындайды", – деп мұңая жазды өзбекстандық Upl.uz порталы.
Оның мәліметінше, 2024 жылы Өзбекстан аталған рейтингте тізім соңында болса да, атап өтілетін. Ал, 2025 жылдан кейін Өзбекстанды "әлемнің гастрономиялық картасынан" өшіре салыпты. Салдарынан, 2026 жылғы тізімде ТОР-100 ел жоқ, тек 99 ғана қалды.
TasteAtlas жаһандық рейтинг 400 мыңдай пайдаланушының ағылшын тіліндегі бағалауларына сүйенгенін, сондықтан оның нәтижесі субъективті болып табылатынын ескертті.
Дегенмен бұл жайт көрші елде "шок" тудырып жатыр. Әлеужеліде осыған қатысты қызу пікірталас туындады. Пікір білдірушілер екіге жарылды.
"Мен өзбекпін, бірақ Алматыда тұрамын. Ташкентте таяуда ғана салтанатты мейрамхана ашылып еді, екі апта өтпей жатып, абыройы айрандай төгілді, рейтингі плинтустан төмен түсіп кетті. Самсасының көлемі прияниктей ғана. Палаудың порциясы тым аз, ондағы етті микроскоппен іздеп қана таба аласың. Бағалар ғарышқа ұшып барады. Бір шәйнек шайға 8 доллар сұрайды. Өзбек асханаларына кезек баяғыда құрыған. Рейтингтен алып тастағаны әділетті", – деп күйіп-піседі Әлішер.
Өзге пікір білдірушілер тұтас елдің асүйіне топырақ шашпау керектігін ескертті.
"Мәскеу тұрғынымын. Біздің ауданда өзбек дәмханасы ашылғанда бәрі үдере қарсы шыққан. Жұрттың көңілін аулау үшін оның қожайыны алдымен палау мен бауырсақты тегін таратты. Содан соң жақын үйлердің тұрғындарына үлкен жеңілдікпен сатуға көшті. Біздің бәріміз содан түстенеміз. Тағамының дәмі тіл үйіреді. Орындар жетіспейді, үнемі кезек тұрады. Біздің тұрғын үй кешенінде грузин, кавказ, тіпті үнді дәмханалары орналасқан, олар бос тұрады", – дейді Марина.
Америкалық Стелла біраз уақыт Ташкентте тұрғанын әңгімеледі. Досының – жергілікті тұрғынның бірнеше сүйікті дәмханасы болыпты, ол қайтыс болғанға дейін сонымен бірге оларды аралап, дәм татып жүріпті.
"Мен негізі бөгденің тамағына көп ынтықпайтын адаммын, өзім дайындағанды ғана жеуге тырысамын. Бала жастан, асқазаныма қатысты проблема бар. Іссапармен Ташкентке, Самарқанға жиі барып тұрамын. Сонда аратұра дәмханаға бас сұғамын. Майлы емес шорпа жақсы жағады, өткір емес кәуап жеймін. Палаудың да түр-түрі бар. Тоя бір жесең, күні бойы тамаққа зауқым соқпайды. Өзбекстанда аш қалу мүмкін емес. Аяқ басқан сайын әр жерде әлденені пісіріп, қуырып жатады. Жұпар иісі танауды жарады. Бірақ кейінгі жылы баға қатты қымбаттап кетті", – дейді Стелла.
Ғаламторда пікір білдірушілердің бір бөлігі орталықазиялық халықтардың ұлттық тағамы көбіне майлы болып келетініне, сондықтан саламатты тамақтану заманында шетелдік туристер арасында көп сұранысқа ие еместігіне назар аудартты.
Бірақ диетолог Гүлбаршын Базарбек мысалы, қазақ тағамдарын да саламатты тамақтануға бейімдеуге болатынын еске салды. Мысалы, қазақы етке глютенсіз қамырдан "ет-нан" жасауға әбден болады. біздің батыста "бешбармақты" балықтан жасайды.
"Алайда заманға бейімдеумен ғылыми негізде ешкім айналыспайды ғой. Біз Алматыда мейрамхана ашқанда осындай сауалмен ҒЗИ-ларға сұрау салғанбыз. Қазақ тағамы тіпті ғарышта болып, оны ғарышкер Айдын Айымбектов зерттеді деді ғой, нәтижесі қайда? Жалпы, ауыл-аймақ түгіл, Астана мен Алматыда да ұлттық тағамдар дүкені жоқ. Түрік, грузин, үнді, беларусь, тіпті Дубай тағамдарының арнайы дүкені бар. Біздікі жоқ. Бірлі-жарым ұлттық дәмхана бар. Шетелдік қонақтарымызды соларға апарамыз. Содан әлем бізде қандай ұлттық тағам барын білмейді", – деді сарапшы.
Ол америкалық Техастың Даллас қаласында өткен симпозиумде сахнаға шығып, сөйлегенде, сөзін: "Қазақтың қандай тағамын білесіздер?" деген сұрақтан бастапты. Залда оны ешкім білмейтін болып шықты. Тек бір адам "дөнер" деген.
Сарапшы Америкадағы қазақ кәсіпкерлеріне Қазақстан көмектесуге тиістігін нұсқады. Қытай, Жапония, араб елдері ұлттық тағамдарын дайындайтын қоғамдық тамақтандыру орындарына қолдау көрсетеді.
"Осы арқылы "жұмсақ күшін" таратады. Тіпті кішкентай Грузияның өзі америкадағы диаспорасына дәмхана ашуда көмектеседі екен. Бізде мұның бірі жоқ! Сондықтан рейтингте тізім соңында қалғанына Қазақстанның өзі айыпты. Мүлдем шығып қалуы мүмкін. Шетелдіктер тамсана жеп, ғаламторда мақтамайтын болса, елеусіз қалады. Сондай-ақ ұлттық тағамдарды жаңа заманға сай, жетілдіріп отыру керек. Өзге елдерде мұнымен тұтас институттар айналысады, дәл өз елінің ұлттық тағамы пайдалы екенін дәлелдеп, ғылыми журналдарға мақала басады. Голливуд өнімдерінің қаһарманы, шетелдік киножұлдыздар, блогерлер мақтап жеуі, табынушыларын қызықтыруы үшін "продакт плейсмент" орналастырады", – деді Гүлбаршын.
Press World Population Review адамдардың талғамы әртүрлі болғандықтан, қай елдің асханасы ең үздік екенін анықтау оңай шаруа еместігін еске салды.
"Соған қарамастан, TasteAtlas өз дерекқорындағы 11 000-нан астам тағам бойынша жиналған 400 000-нан аса бағалауды талдау арқылы әлем асханаларын жеткілікті дәрежеде дәл бағалай алды. Көшбасшы Грекия асүйі ингредиенттерінің балғындығына және мінсіз үйлесімге негізделген. Грек тағамдары – қарапайымдылықтың кемеліне жеткен үлгісі: қанық мусака, шырынды сувлаки, кремді фетасы бар қытырлақ салаттар және қабатты спанакопита. Бұл – тойымды бола тұра жеңіл әрі сергек сезім сыйлайтын, пайдалы зәйтүн майына, хош иісті шөптерге және жаңа өнімдерге бай тағамдар. Теңіз жағасындағы мейрамхана немесе үйдегі дастарқан болсын, грек тағамдары әрдайым күн шуақты жылылық пен жанға жайлы көңіл күй сыйлайды", – деген түсініктеме берді портал.
Одан кейінгі тұрған Италия асханасын да TasteAtlas-тың сарапшылары аяғын жерге тигізбей мақтапты.
"Қытырлақ неаполь пиццасынан бастап, нәзік ризоттоларға, карбонара мен тальятелле аль рагу секілді тоқ қылатын пасталарға дейін – италиялық тағамдар бай дәм мен шынайы жайлылықтың теңдессіз үйлесімін үнемі ұсынады. Мұндағы құпия – жоғары сапалы ингредиенттер мен ұрпақтан-ұрпаққа жетілдіріліп келген рецепттерде. Классикалық маргарита пиццасы немесе тартымды тирамису болсын, италиялық мәзір әрбір асты нағыз гастрономиялық ләззатқа айналдыра біледі", – дейді портал сарапшылары.
Қазақстан тізім соңында қалғандықтан бұл елдің тағамдарына қатысты ешқандай пікір келтірілмеген.