Қазақ пен түрікпенді тәуелсіздік табыстырды

4765

Қазақ еліне Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келіп қайтты. Әріптесімен өз ақордасында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесті.

Қазақ пен түрікпенді тәуелсіздік табыстырды

Сарапшылардың айтуынша, 2010 жылдан бергі ресми Астанаға әртүрлі елдердің билеушілері мен мемлекет басшылары жасаған сапарлардың ішінде дәл осы келіс бір қырымен қатты дараланады: оның қорытындысында президенттер тек "бірлескен мәлімдемемен" шектеліп қалмай, бірден екі "ірі, стратегиялық һәм тарихи" құжатқа қол қойды.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов "Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартты" бекітті. Сондай-ақ олар "Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу-демаркациялау туралы келісімге" қолтаңбаларын қалдырып, рәсімдеді.

"Қос мемлекеттің арасында салмақты келісімдік база бар, ол 50-ден астам құжатты құрайды. Бүгін де келісімдердің үлкен топтамасына қол қойылды. Олар қазақ-түрікмен қарым-қатынастарын ары қарай тереңдетуге бағытталған. Жаңа құжаттар арасынан екеуін ерекше бөліп айтқым келеді. Бұлар – Стратегиялық серіктестік туралы шарт және Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы келісім. Бірінші шарттың арқасында қатынастарымыз дамудың жаңа кезеңіне өткелі тұр. Екіншісі бойынша біз елдеріміз арасындағы шекараға қатысты барлық мәселені шешеміз. Осылайша, өңірдегі шекараға қатысты түйткілді мәселелері мүлдем жоқ елдер осы біздің екі мемлекет болады" – деді Қазақстан президенті.

Ақордадағы келіссөздер барысында мемлекет басшысы Түрікменстан президентінің сапары елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. 

"Ширек ғасырда біздің қатынасымыз өзара сенім және қолдаудың негізінде қалыптасты. Түрікменстан – Қазақстанның өңірдегі маңызды әріптесі әрі одақтасы. Екі елдің халқы бір-бірімен бауырлас және тату көрші. Бізді ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ортақ тарихи тамыр, тіл мен дін байланыстырады", – деді ол.

Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ халқына үлкен құрметпен қарайтындарын және бұл елмен ынтымақтастық өздері үшін үлкен мәнге ие екенін жеткізді:

"Себебі, біз үшін ата-бабаларымыз достық, тату көршілік, өзара құрметке құрылған қарым-қатынастардың негізін қалап кетті", – деді ол.    

Әрине, қазақ-түрікмен қатынастары әрдайым осылай болды деу қиын. Бодан болған заманда екі ел арасына іріткі салып, арандатуға талаптану көп кездесті. Мысалы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың "Қан мен тер" романының ІІ-ші кітабының төртінші бөлімінде түрікпендердің қазақ ауылына шабуылы суреттеледі. Сөйтіп, түрікпеннің жылқысын әлденеше рет айдатып алып, көршілес екі елдің арасына от жаққандар жымысқы ойларын жүзеге асырып отырды.

Кеңес кезінде қазақ секілді түрікмен халқы да талай құқайды бастан кешті. Айтқандай, Түрікменстан халқы да қазақтар қатарлы кеңестік "тоталитарлық зынданда" тынысы тарылып, басы көп көбейе алмады. ХХ ғасыр басында "Әлхамдулила, 6 миллион қазақпыз!" деп А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы айтқаны мәлім. Ал Кеңес одағының ресми санағы бойынша Түрікменстан халқы 1 миллионға жетер-жетпес болыпты. 1950 жылдары 1 миллион 200 мыңның үстіне шыққан. Содан КСРО күйреген тұста бұл елдің тұрғындарының жалпы саны – барлық ұлт өкілдерін қосқанда 3 миллион 622 мыңға әзер жеткен. Қазір Түрікменстанда 5,5 миллиондай халық тұрады деп саналады.

Бұл елдің экономикасы да тәуелсіздік алғалы бері ғана еңсесін тіктеуде. Республикаға Түркия, Қазақстан секілді бауырлас елдер мен олардың бизнесмендері инвестициялық және экономикалық қолдау көрсетуде.

Түрікмен басшысы Астанаға Елбасыға деген үлкен ризашылығын жеткізе келіпті: "Мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздің тек қолдап қана қоймай, тең автор болғаныңызға алғысымды білдіргім келеді. Енді 12 желтоқсан "Халықаралық бейтараптылық күні" болып жарияланды" деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Жақында, биылғы жылғы 12 ақпанда Гурбангулы Бердімұхамедов Түрікменстан Президенті болып, үшінші мерзімге қайта сайланған. Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев оны таяуда өткен президент сайлауындағы жеңісімен тағы да құттықтады.

"Сайлаудан кейінгі алғашқы сапарды біздің елден бастауға шешім қабылдағаныңызды жоғары бағалаймыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел бір-бірінің бастамаларын өзара толық қолдайтынын атап өтті.

"Достығымыздың арқасында іске асқан бірлескен ірі жобалардың бірі – Жібек жолы бағдары бойынша Қазақстаннан Түрікменстан арқылы Иранға тартылған теміржол құрылысы. Бұл мәселе 15 мамырда Бейжіңде өтетін "Бір белдеу – бір жол" форумында кеңірек талқыланатын болады. Жоба маңызды бағдар ретінде қарастырылуда және біздің міндетіміз – осы келісімді мазмұндық жағынан толықтыра түсу", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Ол әлемдік экономика мен саясат үшін қазіргідей күрделі кезде екіжақты қарым-қатынасты табысты дамыту үшін бұл сапардың маңызды екеніне назар аударды.

Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Түрікменстанның әрдайым достық, тату көршілік, өзара құрмет қағидаттарын ұстанатынын және қазіргі даму кезеңінде осы ұстанымдарды басшылыққа алып, өзге елдермен қарым-қатынас орнатып отырғанын жеткізді.

"Қауіпсіздікке, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге қатысты күн тәртібінде тұрған өңірлік және халықаралық мәселелер жөніндегі біздің көзқарасымыз Қазақстан тарапының ұстанымымен үйлеседі. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып саналатын Қазақстанның бастамаларын қолдаймыз", – деді Түрікменстан президенті.

Гурбангулы Бердімұхамедов сауда-экономикалық, көлік-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобалардың маңызы артып отырғанын атап өтті.

Екі мемлекеттің көшбасшылары Қазақстан мен Түрікменстанның кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастығына бұл сапардың тың серпін беретініне сенім білдірді.

Екі елдің ресми делегация өкілдері де қатысқан кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев жекелеген бағыттар, соның ішінде көлік-транзит және энергетика салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте басқа да салаларда зор перспектива бар екеніне назар аударды.

Екі ел президенттері халықаралық саясат, екіжақты ынтымақтастық, өңірлік өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

"Қазақстан мен Түрікменстан халықаралық аренада оң бедел мен рейтингке ие болып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Біз бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік мәселелері бойынша өз ұстанымымызды тек өңірде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде БҰҰ мен ЕЫҚҰ сияқты халықаралық құрылымдармен бірге айқындап келеміз", – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Ақордадағы жоғары деңгейдегі барлық келіссөздер аяқталған соң, Қазақстан мен Түрікменстан елдерінің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің премьер-министрлерінің орынбасарлары төрағалық ететін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия екіжақты ынтымақтастықтың негізгі міндеттеріне қол жеткізуде ерекше рөлді атқаратынын атап өтті.

Қазақстан президенті келіссөздер барысында тараптар шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге, кәсіпорындардың екі елдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына, сондай-ақ транзит-көлік саласындағы өзара іс-қимылға назар аударғанын атап өтті.

"Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржолының іске қосылуын транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл саласындағы тарихи оқиға деуге болады. Өзара тауар айналымын ұлғайту ісінде екі елдің кәсіпкерлері осы артықшылықты пайдалана білгені жөн, – деді мемлекет басшысы.  

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында су-энергетика саласы және Аралды құтқаруға арналған халықаралық қор қызметін жандандыру мәселесі арнайы қозғалғанына назар аударды.

"Орталық Азиядағы шекаралас өзендердің су ресурстары ортақ игілік болып саналатынын тағы да қуаттадық. Оларды орнымен пайдалану ондаған миллион адамның тағдырына әсер етеді. Биыл Аралды құтқаруға арналған халықаралық қорға төрағалық ету міндеті Түрікменстанға көшті", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы екі ел президенттерінің күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті тақырыптарды талқылағанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан президентін І-ші дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.

Түрікменстан басшысының Қазақстан республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел үкіметтері арасындағы "Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясы туралы келісім", сондай-ақ "Құпия ақпараттарды өзара сақтау туралы келісім" бекітілді.

Мұның сыртында қос мемлекеттің сыртқы саясат ведомстволары бірлесе қимылдауға уағдаласып, "2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама" рәсімдеді.

Қазақстан мен Түрікменстан қаржы министрлері "Қылмыстық жолмен түскен кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге" қолдарын қойды.

Ал Астана мен Ашхабад "бауырлас қалалар" атанды.

Бұл сапар қазақ кәсіпкерлері үшін де жаңа өрістер ашуға тиіс: "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы мен Түрікменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу