Қазақ спортын легионерлер дамытып жатыр ма?

974

Парижде өткен жазғы Олимпиадаға биыл Қазақстан атынан барлығы 25 спорт түрі бойынша 80 спортшы қатысты.

Қазақ спортын легионерлер дамытып жатыр ма? Фото: inbusiness.kz

Олардың 11-і қазақ туы астында бақ сынаған шетелдік жалдамалылар.

Франция астанасына жол жүргелі тұрғанда, қазақстандық екі теннисші олимпиадаға қатысудан бас тартты. Екеуі де оның себебін денсаулық жағдайымен байланыстырды.

Юлия Путинцева мен Елена Рыбакинаны ұлттық құрама сапына кіру үшін Қазақстан азаматтығын алған еді. Олардың дәл аламан алдында ел намысын қорғаудан бас тартуы қалың жұртшылықтың наразылығын тудырғаны да рас.

Ұлттық құрамадағы бұрынғы Ресей азаматтары Александр Бублик пен Александр Шевченко, сондай-ақ Украинаның бұрынғы азаматы Александр Недовесовтар ел үмітін ақтамады. Олардың бәрі бірінші айналымда-ақ жеңіліп, Олимпиада көрігі қызбай жатып үйге қайтты. Кениядан аттай қалап алдырған желаяғымыз Нора Джеруто да көппен бірге жүгіріп қайтқаны болмаса, жүйріктер қатарынан көріне алмады.

Рыбакина мен Путинцеваның Олимпиадаға барудан бас тартқаны бір есептен дұрыс та сияқты. Олардың әрекеті отандық спорт шенеуніктері мен қоғамның "легионер жалдау" мәселесіне басқаша қарауына түрткі болды. Ендігі жерде Қазақстан шетелдік спортшыларды жалдауда белгілі бір шек қоятын болды.

Бізде шетелдік жалдамалы спортшыға кеңірдектен кенелген сала – футбол спорты. Transfermarkt аналитикалық футбол сайтының айтуынша, 2024 жылғы отандық футбол маусымының Қазақстан премьер-лигасында 319 ойыншы бар, оның ішінде 140 футболшы шетелдік жалдамалылар.

Кей мамандар "шетелдік футболшыларды жалдау дұрыс" деп есептейді. Келтірер уәжі – олар отандық футболда бәсекеге қабілеттілікті арттырады-мыс. Алайда, соңғы 10 жылда елімізге әлемнің талай түкпірінен түрлі-түсті футболшы келіп, айына жүздеген мың доллар жалақыны күреп алды да, қазақ футболын көтерместен, елдеріне тайып тұрды.

Қазіргі қазақ футболында ең қымбат ойыншылар Беларусь елінен келген жалдамалы шетелдіктер болып тұр. Мәселен, кезінде Беларуссияның "Днепр" мен "Брест" командаларында ойнаған камерундық қорғаушы Габи Кики Тираспольдің "Шерифінен" қазақстандық "Ақтөбе" командасына 9 миллион теңге (20 мың АҚШ доллары) жалақыға ауысты.

"Астана" командасында ойнап жүрген Макс Эбонг 6,5-7,5 миллион теңге (15 000-17 000 доллар) айлық алады. Никита Корзун мен Николай Золотов үшін "Елім-ай" командасы әрқайсына ай сайын 6,5 миллион теңге (15 000 доллар) жалақы төлейді. Ал, Валерий Каршакевичке "Елім-ай" 1,7-2,2 миллион теңге (4-5 мың доллар) айлық береді. "Тұран" командасында доп қуып жүрген Владислава Ложкина 1,3 миллион теңге (3  мың доллар) жалақы алады екен. Қазір "Ақтөбе" футбол командасы италиялық Андреа Компаньо деген ойыншыны 1 миллиард 1 жүз миллион (2,3 миллион еуро) теңгеге жалдауды жоспарлап отыр.

Миллиардтаған теңге қаржы жұмсап, шетелден футболшы жалдаған дұрыс па? Рас, әлемдік футбол тәжірибесінде легионер жалдау жақсы үрдіс. Бірақ оларда нәтиже бар да, неге бізде оң өзгеріс байқалмайды? Түріктің "Бешикташы" мен Қазақстан құрамасының үздігі саналатын Бахтиер Зайнутдинов биыл Орталық Азиядағы ең қымбат футболшы деп танылды. Оның бір жылдық бағасы 3 миллиард 240 миллион теңге (6 миллион еуро) көрінеді. Сондай қымбат әрі шетелдік жалдамалыларымыз бола тұра, біз EURO-2024 футбол додасына ілікпей қалдық.

Қазақ спортының барлық түрінде шетелдік маман, жаттықтырушы, дәрігер, ойыншы баршылық. Олардың барлығы тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отырған жоқ. Спортқа жыл сайын бөлінетін миллиардтаған теңгеден бөлек, демеушілерден түсетін ақшалай қолдау да бар. Оның үстіне, спорт федерациялары өздерінің қаржылық есебін жария ете бермейді. Футбол, теннис, хоккей секілді спорт түрлерінің қоржынындағы қаржының көлемі миллиондаған еуро мен доллардан асып жығылады. Бізге қымбатқа түсетін шетелдік жалдамалылар керек пе, жалпы?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу