Сонау 90 жылдардың бел ортасында журналистикаға аяқ басып, "Спорт" газетінен тұсауын кескен Амангелді кейіннен телевидение саласына ауысты. Спорт жаңалықтары мен бағдарламаларын әзірлеп жүріп-ақ көзге түсті. Одан өзге салаларды да қамтып, жалпы журналистикаға да ауыз салды. Ал 1998 жылы Францияда өткен Әлем чемпионаты "Хабар" телеарнасынан тікелей көрсетілді. Сол ойындарды комментатор болып жүргізген Амангелді Сейтхан қазақ жанкүйерлерінің есінде қалды. Кейіннен, 2000 жылғы Олимпиада ойындарын да сәтті өткізді. 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен мундиальда А.Сейтхан кеңінен көсілді. Қазақ комментаторлық өнеріне тыңнан түрен салды. Сүбелі сөз сөйлеп, эфирді қыздыра білді. Алаңда болып жатқан айқасты айтыстың нақышына келтіріп, суырып салып ұйқас айтып, жандандырып жіберді. Патрик Виейраны "Пәтеке" деп, Луиш Фигуды "Күлмесхан" деп еркелетіп, атақты футболшылардың мінезін бір ауыз сөзбен аша білді. Қазақы пайыммен қабылдап, өзінің бай тілдік қорының арқасында әлем футболының жұлдыздарын қазақ жанкүйерлеріне жақындата түсті.
Әлем біріншілігінің жартылай финалында Ан Джун Хван есімді корей футболшысы пенальти тебетін тұста Оливер Канның Германия қақпасын қалай қорғайтыны жайлы айтқаны құлағымызда әлі жаңғырып тұр. "Ан жеңе ме, әлде Кан жеңе ме?" деп суырып салғаны тыңдаушының құлағының құрышын қандырғаны рас. Жарыстан ерте шығып қалған Испанияны "қазір олар Мадридте шәй ішіп отыр" дегені дүйім жұрттың езуіне күлкі үйірді. Алдын ала дайындалған өлең шумақтары, ақпаратты әрлей түсетін мақал-мәтелдері, алаңда болатын тактикалық ойынды сөзбен ойнататын әдемі тіркестері Амангелді Сейтхановтың қазақ комментаторлығына қосқан зор үлесі еді. "Әпкеме жездем сай" деп гол сала алмай, қорғанысқа қамалып жүрген қос команданы теңегені тіпті керемет еді! Қандай қиын жағдайда болмасын, футболдың шиеленісті жерінің өзін сиқырлы сөз саптауымен тарқатып тастайтын. Бұл Амангелді Сейтхановтың басты ерекшелігі еді.
Қазақтың маңдайына бір Зидандай ұл бітсе екен деген арманын да эфирде отырып әдемілеп жеткізді. "Шіркін, Зидан қазақ болғанда ғой" деп қойып қала салды. Оның өзі футболда өз ойыншысына жанкүйер болғысы келетін қалың көрерменнің жүрегінің нәзік пернелерін түртпектейтін. Әріптестері оның 2000 жылғы ЕУРОның финалында айтқан мына бір сөзін еске алып әлі айтады: "Дель Пьеро мен Тотти шықпай Италияның қалақшасы қар бұзбайды, бұны біз емес әккі маман Ариго Сакки айтыпты". Амангелді Сейтханның осындай сөздері халық арасында да жатталып, ауыздан ауызға тарап жүр. Бұл бір фальклор іспеттес. Мысалы: "Капитан, ақылгөй – Дешам", "Барысша атылып, кенеше жабысты", "Допты ұршықша үйірген Зидан", "Сен салмадың мен салдым деп Роналдо гол салып кетті", "Түйенің қос өркешіндей жарасып келе жатқан Фло мен Каннаваро", "Аюдың апанындай қақпа тұрғанда алақандай ғана маңдайшаға тепкені несі депті ауылдағы бір апамыз". Міне, мұндай сөздерді теріп жинай берсек бір кітап болар.
Айтыс өнеріне де қатысып, талай республикалық додаларға түскен Амангелді Сейтханды көп көрермен айтыскер ақын ретінде де еске алады. Оның Бекжан Әшірбаевпен болған айтысы көптің есінде жүр. Сол ақындығының арқасында ара-тұра өлең жазып, поэзияға да бас сұғып тұратын әдеті бар-тын. Соның арқасы шығар, футболда да ол ақын-жазушылардың әдемі сөздерін кірістіріп жіберетін. Мысалы, 0:0 тең түсіп жатқан ойында гол күтіп, "Бір голдың болары сөзсіз бүгін, бірақ дәл қай минутта екенін айта алмаймын" дегені кейінгі қазақ комментаторларының да жиі айтатын сөзіне айналды. Төлеген Айбергеновтің өлеңінің өңін айналдырып, Әбділдә Тәжібаевтың түйін сөздерін түрлендіріп футболға теліп жіберетін. Бұл комментатор Амангелді Сейтханның жеке дарынының, ақындық қасиетінің арқасы.
Негізінде комментатор болу оңай шаруа емес. Футболдың жілігін шағып, майын ішіп алған адамдардың эфирге келгенде аузына сөз түспей, маңдайынан шып-шып тер шүмектеп, алқымына келіп сөз тірелгенде делі-құлы күй кешіп жатады. Ал әшейінде ауыз жаппас, сөзге шешендер футбол жүргізуге келгенде қас-қағым сәтте орын алып жатқан, динамикалық футболды түсіне алмай, білімі жетіспей, аузындағы сөзінен адасып, сандалып кетеді. Әйтпесе, екінің бірі комментатор болмай ма? Болған күннің өзінде тыңдаушының көңілінен шыға қояр ма? Қазақ өзі сөз қадірін түсініп, айтылған сөзді атылған оққа теңеген сөзшең халық. Бір ауыз сөзбен бүтін бір елдің тағдырын шешіп жүрген би-шешендердің ұрпағы емес пе? Ал Амангелді Сейтханның сөзге шешен, айтқыш, сөз тапқыштық өнері футболды түсініп, оның тактикасына бойлай алатынымен ұштасқанда ғаламат әсер берерді. Міне, осы екі қасиет бір кісінің бойынан табылған соң, оның эфирде айтқан әрбір сөзінде мән-мағына, құнар болады. Құнарлы ойды жіпке тізіп, арты-артынан түйдектетіп тіркестерді айта бергенде алаңда болып жатқан ойынның да сәні кіреді.
Ал енді Амангелді Сейтханның спорт журналисі ретінде жазған мақалаларына тоқталсақ, оның өзі бір бөлек тақырып. Қазақстан футболы Азия құрлығының қамытынан босай алмай жүрген тұста там-тұмдап жазылған мақалалары сарғайған архивтерде сайрап тұр. Ирак пен Жапонияға барған сапарынан әкелген сұқбаттары мен очерк мақалалары көпшіліктің көкейіне ой салды. "Бағдатқа барғанда" деген 5 бөлімнен тұратын мақаласын кейінгі оқырман интернет, сайт бетерінен оқыды. Барған жерін суреттеуі, ойын ықшамдап жеткізіп, сөз соңына түйін келтіруі көп журналиске керек-ақ қасиет. Сонымен қатар, тілші болып шет елдік сапарларда алған сұқбаттарының ішінде "Әлем футболының әкесі" атанып кеткен Валерий Лобановскиймен тілдескені есімізде. Ұлы тұлғамен бір деңгейде сұқбат құруы қазақ журналисінің деңгейінен айғақ берсе керек-ті. Павел Садыринмен танысып, Біріккен Араб Әмірліктерінде емен-жарқын әңгіме-дүкен құруы әріптестерінің аузында аңыз болып тарап жүр. "Қайрат" ойыншысы Асхат Қадырқұловты қараңыз" деп Садыриннің санасына ой тастап кеткен Амангелді Сейтханның қазақ аяқдопшысының тағдырына ықпал еткенін бәрі біледі. Мәскеудің ЦСКА командасы Қадырқұловты 2 ай өтпей өз қатарына қосып алды. Трансфер құны да әжептеуір соманы құраған. Сонда стадионда отырған Садырин көз алдында шебер футболшы жүргенін Амангелді Сейтханов болмаса байқамас та еді.
Мұстафа Өзтүрікпен болған сұқбаты қазір тарихи кадрларға айналған. Олимпиада ойындарында қазақ спортшыларының қасынан табылып, Илья Илиннің алтын медаль алар тұсынан репортаж таратуы немесе комментатор болып Ермахан мен Бекзаттардың боксын жүргізуі көзіқарақты көрерменнің құлағында жаңғырып тұрғаны рас. Газет-журналға мақала жазғанда тақырып қоюдың һас шебері еді. "Жеңсең жүз атаң табылар" деп тақырып қойып, мәселенің мән-жайын ашып беретін. Украина мен Қазақстан ойынның алдында баспасөз мәслихатында украин тілшілеріне Шевченконың хет-тригі деген тақырып ұсынды. Шет елдік тілшілер бұл сөзді ертесіне, матчтан кейін түсініп, Амангелді Сейтханның артынан қалмай, сөзге тартты. Франциямен де, Финляндиямен де 1:1 ойнаған команда Қазақстанмен де 1:1 тең түседі деп кім ойлаған?! Бір оқиға үш рет қайталанса хэт-трик емей немене? Украинаның жазармандары қазақ журналисінің сәуегейлігіне сүйсініп, сұқбат жазды. Ал Қазақстан – Франция матчының алдында Дидье Дешаммен аудармашы арқылы пікір алмасып, екеуінің де бір-біріне сый-құрмет көрсеткені, сонда отырған күллі журналис біткенді жылы сезімге бөледі. Аяқдопшы ретінде де, бапкер ретінде де Әлем чемпионы болған Дешам бапкер Амангелді Сейтхановтың, қазақтың футбол комментаторының айтқан сөзіне құлақ асып, келтірген пікірінің орынды екенін айтып, футболға деген көзқарасымыз бірдей екен деуінің өзі біраз жайдан сыр шертеді. Амангелді Сейтхановтың арманы футбол бапкері болу еді. Кейінгі жылдары сұқбаттарында осыны айтып қалды. Себебі, қазіргі журналистикаға көңілі толмады. Эфирге шықпаған соң, сүйікті ісін істей алмаған соң, тіпті ең ақыры бір спорт жайлы бағдарлама ашып, шығармашылықпен емін-еркін айналысып ләззат алмаған соң, осындай ойға келіп жүрді. Бойында таланты бола тұра соны толығымен бере алмай кетті. Бұл кез келген шығармашылық адамы үшін іш-құса болатын, кеудеде өкініш қысып, алқымға өксік тірелетіндей жағдай ғой. Сондықтан да, журналис, тілші, комментатор Амангелді Сейтхан өзінің бар қырын ашып үлгермеді деп айтуға мәжбүрміз.
Осы күні санамалап қарасаңыз Амангелдіден 10 есе көп эфир жүргізген комментаторлар бар. Алайда, көрерменнің ауызында жүрген олардың бірде бір сөзі жоқ. Қанатты сөздерімен, тыңдаушыға қанат бітіріп, айызын қандырған Сейтхановтың азды-кем эфирінде айтылған сөздерді әлі қызық көріп айтып жүрміз. Әлбетте, ол кісіні кім эфирге шығармады, неліктен осындай болды деген мәселелерді талқылап, өткенді қозғап отыратын ойымыз жоқ. Онымен өзгелер айналыса жатар. Тірісінде бағасын алмаған, тілшілер теріп алып жүрген марапаттан құр қалған, алайда, халықтың жадынан ойып тұрып орын алып, көрерменнің көзайымына бөленген Амангелді Сейтханов жайлы айтарымыз әзірге осы. Біз ақынды өлгенде сыйлайтын халық болып қала береміз.
Ермұхамед Мәулен