Қазақ теннисінің болашағына бағдар

1425

"Team Kazakhstan" жобасы қазақ теннисінің жарқын болашағы үшін жасалған нық қадам.

Қазақ теннисінің болашағына бағдар

2008 жылдың 1 маусымында Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың бастамасы бойынша "Team Kazakhstan" құрылды. Осы бағдарлама ел теннисінің ертеңгі күнінің жарқын болуына басталған алғашқы қадам еді. Алғашқыда нәтижесі қалай болар екен деп алаңдаған мамандар енді міне, осы күні еңбектің жемісін көре бастады. Бұл бағдарламаның түлектері әлемнің әр түкпірінде ел намысын қорғап жүр. Осы 12 жыл ішінде бағдарлама сағаттың сыртылындай үзіліссіз қызмет етіп тұрды. Ендеше, бұл жоба қалай басталды және несімен ерекшеленді деген сауалға жауап беретін күн де келген секілді.
"Team Kazakhstan" жобасы болашағы зор қазақстандық спортшылардың шеберлігін арттыруға бағытталған. Академияның басты мақсаты Davis Cup және Fed Cup додаларында ұлттық құрама сапына алынатын ойыншыларды даярлау. Жоба спортшы үшін барлық жағдайды қамтамасыз етеді: халықаралық және республикалық деңгейдегі турнирлерге қатысу, әлемдік жетекші мамандармен жаттығу процесі, білім беру, тамақтану, медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік бейімделу.
Білім беру спортшыларды даярлау процесінде екінші орынға түскен емес. Өйткені толыққанды адам тұлғасын қалыптастыруды ең ізгі шаруа. Жақсы спортшы ойлы, жан-жақты болып өсуі тиіс. Одан бөлек айта кетер болсақ, теннис академиясының өкілдері ағылшын, неміс, испан тілдерін тегін оқып, жан-жақты білім алып шығады. 2008 жылы 12-17 жас аралығындағы ең үздік жасөспірімдер қабылданды.  2008 жылдың қыркүйек айының басында "Team Kazakhstan" тәрбиеленушілері мен бапкерлер құрамы АҚШ-қа спортшылар мен жаттықтырушылардың шеберлік деңгейін арттыру үшін "Gorin Tennis Academy" академиясына үш айға жіберілді.

Академия қатарына алынған өрендерді Қазақстан теннис федерациясы толықтай өз қарамағына алатынын айттық. Ол аз десеңіз "Team Kazakhstan" жобасының қатысушылары әлемнің үздік теннис академияларына жіберіліп тұрады. Мысалы, Испанияда Р.Надаль академиясы, Германия еліндегі Э.Ван Харпен  академиясымен Қазақстан теннис федерациясы тығыз байланыста. Бірнеше жас теннисші осы академияларды шеберліктерін шыңдады.

"Team Kazakhstan" түлектері осы күндері ATF, ITF және Tennis Europe додаларында жүлде алып жүр. Олардың ішінде көзге түскендер:
Карина Жұмажанова, Максим Батютенко, Ростислав Гальфингер,  Сандуғаш Кенжебаева, Мария Синицына, София Сохетская, Жанел Оспанова, Елизавета Карлова, Дмитрий Безбородов, Ерасыл Ерділда, Татьяна Николенко, Ерасыл Мұрат, Анастасия Астахова, Ілияс Маратұлы, Данир Қалдыбеков, Айя Нүпбай, Зара Дәркен, Әмір Омарханов, Полина Слепцова.

Сондай-ақ, атап өтетін болсақ, жас спортшы Достанбек Ташбулатов АҚШ-тың Флорида штатында өткен "Orange Bowl International Championships" бейресми Әлем чемпионатының финалына дейін жетті.  
2019 жылы елордада 12 жасқа дейінгі балалар арасындағы Азия чемпионатының командалық сайысы өтті. Финалдық кезеңге 14 мемлекеттің спортшылары қатысты. Жігіттерден жасақталған команда "қола" жүлдегер атанса, қыздардан жасақталған Қазақстан құрамасы бас жүлдені иемденді. Олар финалда Оңтүстік Корея құрамасынан басым түсті.

Жалпы алғанда "Team Kazakhstan" жобасы өзін ақтады десек болады. Елдегі теннистің кең тынысын ашқаны сөзсіз. Әлі де талай теннисшілер шығып, көк байрағымызды көкте желбіретер. Ал ең бастысы өз өрендеріміз жиған-терген тәжірибиелерін іні-қарындастарына берері анық. Демек, ел теннисінің болашағы жарқын!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу