"Қазақ титаны" қарсыластарын қалай сабайтынын айтып берді

Ол – әлемде жалаң қолмен жұдырықтасу спортында жекпе-жек өткізген тұңғыш қазақ.  

"Қазақ титаны" қарсыластарын қалай сабайтынын айтып берді Фото: Ашық дереккөздерден

Бұған дейін адам ойына келмейтін түрлі-түрлі трюктерді тұңғыш орындап, бірнеше мәрте рекордтар кітабына да енген.

Айталық, 110 тоннаға жуық вагонды 8,5 метрге дейін сүйреген, 300 келі түйені көтере жүріп, 4 тонна болатын 3 көлікті оп-оңай қозғалтқан, 2 көлікті тіспен тартқан, 24 тоннадан асатын ұшақты 1 метрге дейін сүйреген. Мұның бәрін фантастикалық кинодан үзінді деп ойлап қалмаңыз. Бұл трюктерді жасаған қазақтың қара баласы – Алмат Жұманов.

Ел арасында "Қазақ титаны" атанып кеткен спортшымен inbusiness.kz тілшісі сөйлесіп, алдағы жоспарын сұрап көрді.

Бұла күші бойына сыймаған қазақ жігіті Алмат Жұманов өткен жылы 180 келіге жуық салмағы бар "ирандық Халкпен" (Саджат Гариби – спортшы, рекордшы) бокс ережесінде сынға түсіп, қарсыласын 30 секундта ұрып құлатқан еді. Одан соң Bare Knuckle Fighting Championship атты әлемге әйгілі промоушенмен келісімшартқа қол қойды. Кейіннен Колумбия елінде екі жекпе-жек өткізіп, қос қарсыласын да бір минутқа жеткізбей жеңді.

- Қазір Доминикан Республикасындамын. Келесі жекпе-жекке дайындалып жатырмын, кездесудің уақытын және қарсыласты менеджерлер мен жаттықтырушылар айтады. Олардың маған көп көмегі тиюде. Колумбияда 2 жекпе-жек өткізіп, екі қарсыласымды да 40 секундқа жеткізбей құлаттым. Содан соң кішкене демалыс болды, бірақ мен демалысымның өзін жаттығумен өткіземін. Алдағы уақытта да қарсыластарымды қоғадай жапырып, сабайтын боламын. Ол үшін дәл қазір маған көп жаттығу жасау керек. Мен – жалаң қолмен жұдырықтасу (кулачный бой) спортынан жекпе-жек өткізген тұңғыш қазақпын. Маған осы лигаға арнайы ұсыныс түсіп, желтоқсан айында келісімшарт жасасқан едім, - деді "Қазақ титаны".

"Қажымұқан" атанған қазақ бұған дейін 300 тонналық пойызды белмен тарту жоспарда бар екенін айтқан еді. Рекордшыдан "Кәсіби спортқа мықтап кіріскен соң, рекорд жасау туралы ойыңыз орындалмай қалмай ма?" деп сұрадық.

- Жоқ, ол ойым әлі өзгермеді. Рекордты да, жекпе-жекті де бірге алып жүремін. Негізі, бұрын жауынгерлік самбо, еркін күрес және жекпе-жек спортымен айналыстым, одан кейін жарысты қойып, тек жаттығу жасап жүрдім. Осы орайда, бұған дейін еш сұхбатта айтпаған бір жаңалығыммен бөліскім келеді. Мен 2-сыныптан бастап күнде үйде жаттығу жасап, денемді әбден нығыздаған адаммын. Меніңше, кәсіби спортшы болмаса да, әр адам денсаулығы үшін өз бетінше жаттығу жасауы керек, - дейді ол.

Спортшының 110 тоннаға жуық вагонды 8,5 метрге дейін сүйрегені, 300 келі түйені көтере жүріп, 4 тонна болатын 3 көлікті қозғалтып оп-оңай жүргені, 2 көлікті тіспен тарқаны, 24 тоннадан асатын ұшақты 1 метрге дейін қозғалтқаны, бәрі-бәрі – көрген түстей, адам сенгісіз оқиға.

- Жер бетінде ешкім істемеген жаттығуларды жасап, рекорд орнатқым келеді. Барлық әлемді, әсіресе АҚШ-ты рекордпен және "кулачный бойдан" таң қалдырғым келеді. Мысалы, Колумбия еліндегі екі жекпе-жегімді көріп, жергілікті халық таңданысын білдірді, журналистері жарыса жазды. Мені Алмат Жұманов деп емес, қазақ ұлтынан екен деп таныды. Олар Қазақстанды көп біле бермейді екен. Менің де мақсатым – осы. Яғни, Қазақстанның атын әлемге таныту, қазақтың теңдессіз күшті халық екенін көрсету, - дейді Алмат Жұманов.

"Мен – кешегі Қажымұқанның, Балуан Шолақтың, Иманжүсіптің ұрпағымын. Мені көпшілік "Қазақ титаны" деп таниды. Осы атқа кір келмеуі үшін еңбек етемін" деген Алмат Жұманов алдағы жекпе-жегінде қазақстандықтардан қолдау күтетінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу