Қазақ үкіметі қырғыз үкіметіне талап қойды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
11486

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 5 шарт арқылы айыр қалпақты ағайынды ақылға шақырды.  

Қазақ үкіметі қырғыз үкіметіне талап қойды

Кеше ресми Ташкент ТМД елдерінің үкімет басшыларын алғаш рет қабылдады. Кездесуге Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан премьерлері және ТМД атқарушы комитетінің басшысы Сергей Лебедев қатысты.

Форумның күн тәртібінде 18 құжат талқыға салынып, ұйым елдері арасындағы қарым-қатынастың бекуіне басымдық берілді. Алайда бұл басқосуда да негізгі салмақ қазақ-қырғыз шекарасындағы шиеленіскен жағдайға түсті. Себебі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан тарапына айтылған "өткір" сынынан кейін екі ел арасындағы байланысқа сызат түсе бастаған. Қырғызстан президенті іле-шала "жаздым, жаңылдым" деп тұтанып кеткен отты сөндіруге тырысса да, "айтылған сөз – атылған оқ" дегеннің кері келді. Салдарынан қара халық зардап шеге бастады.  

Жалпы, қырғыз экономикасының іркілмеуіне үлес қосып келе жатқан бірден-бір мемлекет – Қазақстан. Кедендік  одаққа енгеннен бері бізге импорт тауарлар емін-еркін кіре бастады. Соның көш басында қырғыздың сүт өнімдері тұр. Еліміздің кез келген дүкен сөресінен табылатын қырғыздың сүті мен айранын тұрақты тұтынушылар да көбейген. Алайда Алмазбек Атамбаевтың өктем-өктем айтқан пікірінен кейін мұның бәрі қырғыз ағайындар үшін көрген түстей болды. Шекарадан тауары өтпей, қалтасына ақша түспей ашынған халық не істерін білмей дал болды.

"Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" демекші, бұл мәселе қырғыздарға қатты батып отырғандықтан  әуелгі сөзді Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков алды. Ол қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жайында: "Қырғызстан ТМД елдерінің еркін сауда аймағы келісімі аясында экономикалық-сауда байланысын дамыту бойынша хаттаманы ратификациялады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта кейбір мемлекеттердің тауарды транзиттен өткізу жағын дұрыс қадағаламауы салдарынан еркін сауда аймағы ойдағыдай жұмыс істеп тұр деп айту қиын", – деді. Оның айтуынша, келісім мен келіссөз құжат жүзінде болғанмен, Қазақстан 10 қазаннан бері шекарада жасанды кедергі  мен тосқауылға жол беруде.

"Күн сайын қазақ-қырғыз шекарасында 500-600 жүк көлігі кезекте тұрады.  Жүргізушілер көліктерін 5 тәулікке дейін қаңтарып қоюға мәжбүр", –  дегенді айтқан Қырғызстан премьері контрабандамен күрестің қазақстандық үлгісін  тілімен түйреп өтті.

"Қырғызстанда өндірілген ауылшаруашылық өнімдерін немесе Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай реестеріндегі кәсіпорындардың сүт өнімдерін контрабанда деп айтуға бола ма? Бәлкім, Ресейге жөнелтіліп жатқан 80% транзит көлігі де контрабанда шығар?! Одан бөлек теміржол вагондарын да тексеріп, уақытша кідірту деректері тіркелді. Қырғызстанның кәсіпкерлері Қазақстан мемлекеттік кірістер комитетінен жүктерді егжей-тегжей кедендік тексеру жөнінде хабарлама алады. Бұл жерде Еуропадан келетін транзиттік жүктерді айтып отырмын. Сонда Қырғызстанға бағыт алған барлық тауар мен жүктер әп-сәтте контрабанда болып кетті ме?" – деп  ашына сөйледі. Бұған ол: "сауда алаңында қолдан жасалған кедергілер айтарлықтай қаржылық шығын әкеледі. Ең бастысы бұл ЕАЭҚ-ның негізгі талаптарына қарсы", – деген сөзді қосты. Бұдан кейін ол: "ТМД елдері үкімет басшылары кеңесінің "2011 жылдың 18 қазанындағы еркін сауда аймағы келісім шарттарын жүзеге асыру туралы" шешіміне қол қойдық. Бірақ дәл осы еркін сауда аймағы туралы құжат Қазақстанда толыққанды орындалып отырған жоқ", – деген пікір білдірді.

Айтарын айтып алған соң Қырғызстан премьері Қазақстан тарапынан енгізілген қатаң бақылау шарасы уақытша екендігіне және мәселені көршілік жолмен шешуге болатынына сенім білдіретінін жеткізді.

Қырғыз үкіметінің басшысы 18 қазанда Астанаға келген сапарында қазақ-қырғыз шекарасында ұзын-сонар кезек күткен қарапайым халықты, жеңіл көліктер мен рейстік автобустарды тезірек өткізу жайын көтерген еді. Ол осы іссапардан соң сәлде болса сең сетінегенін жеткізді.

Ал қырғыз әріптесінің уәжі мен сынын тыңдаған ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев сенімді сөйлеп, Қырғызстанға 5 шарт қойды.

"Қазақстан Үкіметі қырғыз тарапынан айтылған пікірді құптамайды. Бұл тұрғыда біздің мемлекеттің ұстанымы  белгілі. Ол Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде экономикалық кеңістік қалыптастыру идеологиясына және одақ қатысушыларының экономикалық тәуелділік пен залалын төмендетуіне толық сәйкес келеді. Қазіргі таңда қазақ-қырғыз шекарасы екі ел азаматтары үшін де ашық. Тек бұған дейін Қытайдан заңсыз тауар тасып көзге түскен Қырғызстан жүк көліктері ғана жіті тексеріліп жатыр. Себебі қырғыз кәсіпкерлері жалған декларация толтырып, салықтан жалтарған", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін қазақ үкіметі басшысының айыр қалпақты ағайынға қойған 5 шартын тізіп бергенді жөн көрдік.  

Бірінші, Қырғызстан ЕАЭҚ төңірегіндегі салықтық әкімшілік құқығына қатысты ұлттық заңнаманы ретке келтіруі керек.

Екінші, заңсыз экспортқа, соның ішінде контрфактілік өнімдерге қарсы тұру қажет.

Үшінші, ЕАЭҚ талаптарын сақтауға байланысты тауарларға тиімді ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық бақылау жұмысын тұрақты түрде қамтамасыз етуді назарда ұстауы тиіс.

Төртінші, Қырғызстан экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің транспорттық заңнамасын бұзу жөніндегі ескертуге орай арнайы шаралар қабылдауы қажет.

Бесінші, қазақ-қырғыз шекарасы арқылы контрабанда және есіртке, қару-жарақ, т.б. заңсыз өткізуге жол берілмеуге тиіс.  

"Біз өзіміздің ұлттық мүддемізді ғана ойлап отырған жоқпыз. Біз ЕАЭҚ кеңістігіндегі экономикалық  қауіпсіздікті де қорғаймыз. Қазақ-қырғыз шекарасында ЕАЭҚ заңнамалық талаптары мен нормасына сәйкес, мониторинг пен бақылау жұмысы жолға қойылған. Қазақстан екіжақты экономикалық әріптестік, шекаралық, транспорттық, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік сонымен қатар салықтық әкімшілік мәселесі жөнінде конструктивті диалогқа дайын. Ең бастысы, біз қырғыз әріптестерімізге ЕАЭҚ алаңының нормалары мен құқығына бейімделуге көмектесуге дайынбыз",  – деді Бақытжан Сағынтаев.

Айтпақшы, екі елдің арасында туындаған шекаралық дауды міз бақпай тыңдаған Ресей премьері Дмитрий Медведев те өз ойын бүгіп қалған жоқ. Ол Астана мен Бішкек арасындағы өзара келіспеушіліктің шешімі табылатынына сенім білдіріп: "Осындай кездесудің пайдасы көп. Әсіресе, әріптестер (Қазақстан мен Қырғызстан үкімет басшылары, - ред) экономикалық-сауда аясында қордаланған мәселе жөніндегі өзекті пікірін ақтара алды. Мұның өзі жақсы үрдіс", – деді.  

Айта кетейік, екі ел шекарасында қауіпсіздік амалдарын күшейтудің нәтижесінде күн сайын шекарадан өтетін адам нөпірі 2 жарым есеге азайды.    

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу