Бірақ бұл жолда басқа емес, Дональд Трамп мырзаның өзімен келісу керек екен. Сонда біздің атом саласындағы өнім өндірушілер "Иранның сатып алу арнасында" кең құлаштап, еркін жүзетін болады.
Осындай елді елеңдеткізген хабар дүйсенбі күні мәжілісте өткен "Үкімет сағатында" жария етілді. Бұл жиында "уран өнеркәсібінің дамуы туралы" деген тақырып талқыға салынған болатын.
Уран өнеркәсібі Қазақстан экономикасының стратегиялық жағынан маңызды әрі тұрақты даму үстіндегі салаларының бірі болып табылады. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты биылғы жолдауында атом саласы алдына – 2025 жылға дейін базалық өнеркәсіп салаларын технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру бойынша кешенді шаралар әзірлеу мен қабылдау, ал "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының алдына кәсіпорындар мен жекелеген қызмет бағыттарын кешенді түрде автоматтандыру жөнінде міндет қойылды.
Соңғы бес жылда уран саласы еліміздің бюджетіне 219 миллиард теңгеге жуық салық пен төлемақылар түсірген. Бұл еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына және ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуын қысқартуға және түптеп келгенде, Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруіне ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының аумағында уран өндірісі "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының еншілес және бірлескен кәсіпорындары арқылы жүзеге асырылады. Уран өндіруші "Қазатомөнеркәсіп" кәсіпорнының негізгі барланған қорлары Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында шоғырланған.
Қазақстан уран қоры жөнінен Аустралиядан кейін әлемде екінші орын алады. Ғаламшардағы ең ірі уран кенорны Olympic Dam – Аустралияда орналасқан.
Бірақ уран өндірісі бойынша қазақ елі 2009 жылдан бері алдына қара салмай, әлемде "№1-ші" орынды ұстап келеді. 2016 жылы әлемдік табиғи уран нарығында 80% уран өнімі бес елде өндірілді, олар: Қазақстан, Аустралия, Канада, Нигер және Ресей. Әлемде барлық өндірілген табиғи уранның 39%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
Бір ғажабы, қазіргі кезде бүкіл дүниежүзінде соңғы жылдары уран өндірісінің өсімін негізінен Қазақстан қамтамасыз етуде. Қазақстанда табиғи уранның орасан зор қоры бар: оның ауқымы шамамен 1,4 миллион тоннаға жетеді. Бірақ ол Қазақстанның өзінде әжетке жаратылмайды: ішкі нарықта уран өнімін тұтынатын кәсіпорындар мен нысандар жоқ. Біріншіден, мемлекетіміз тәуелсіздік алғанда-ақ ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан. Тиісінше, ураннан "ақырзаман қаруын" жасаумен айналыспайды. Екіншіден, республика Кеңес одағымен бірге ядролық энергетикамен де қош айтысқан. Өз аумағымызда болған жалғыз атом электр стансасын үкімет 1999 жылы пайдаланудан толық шығарды. Содан кейін ол станса "Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатына" айналдырылып, қайта бейімделді.
Нәтижесінде, бұл сала енді 100 пайыз сыртқы нарыққа экспортқа бағдарланған.
"Қазақстанда өндірілген уран толығымен басқа елдерге экспортталады, бірінші кезекте Қытай, Еуропа, Үндістан, АҚШ, Канада сатып алуда", – деді энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Осы орайда депутаттар АҚШ-тың бұрынғы президенті Барақ Обаманы "сағына" еске алысты. Өйткені соның тұсында Ираннан ұзақ жылдар құрсаулаған барлық санкциялар алынып тасталып, нәтижесінде еліміздің дәл іргесінде үлкен нарық ашылғандай болған. Алайда Америка біріккен мемлекеттерінің (United States of America сөзбе-сөз осылай аударылады) билік тізгінін өз қолына алған Трамп мырза алақанын ысқылап, білегін түре бастаған Қазақстан үкіметінің жоспарларына түзетулер енгізді.
Енді көршіге отын сату үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ұлықсатын алуға тура келуде, ал ол ұйымда басты көсем – АҚШ екені жасырын емес.
Депутаттардың мәліметінше, 2017 жылғы наурызда қазақстандық уранды Иранға жеткізу туралы келісім бекітіліпті. Бұл келісім Қазақстанға өте-мөте қажет. Өйткені Иран Ислам республикасы (ИИР) бізден 950 тонна байытылмаған уран концентратын сатып алмақ. Ал қазір әлемдік уран нарығы күйзелісті бастан кешуде. Соның кесірінен Қазақстан өндірісті былтырғы 24,6 мың тоннадан биыл 22 мың тоннаға дейін азайтуға мәжбүр.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, бұл контракт іске асуы үшін ресми Астана АҚШ-тың жаңа әкімшілігі енгізген ветоны еңсеруге тиіс.
Өйткені Қазақстан мен Иран арасында бекітілген келісімде "БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2231 қарарындағы талаптарға толық сәйкес болу" талабы қадап айтылыпты.
"Ол талаптардың бірі – БҰҰ ҚК-ның 2231 қарары бойынша құрылған органның – "Сатып алулар арнасының" алдын ала мақұлдауын алуды қарастырады. Өкінішке қарай, АҚШ-тың жаңа әкімшілігі "бірлескен, жаппай қамтымды іс-қимылдар жоспарына" қатысты өз елінің тәсілдемелерін қайта қарау туралы ұстаным ұстануда. Осыған байланысты дәл қазір "Сатып алулар арнасына" дәл осы контрактіні жүзеге асыру бойынша авторизация сұрауға өтінімімізді жолдау орынсыз болып отыр. Себебі ол өтінім бәрібір мақұлдауға қол жеткізе алмайды", – деді сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.
Бұл тұйықтан шығарар жол қайсы? Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Иран бойынша "алтылықтың", яғни БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес мүшесімен (АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Ресей және Франция) және Германиямен тығыз кеңес-консультациялар жеке-жеке жүргізуде екен. Осы елдер тарапынан Иранға ядролық отын сатуға келісім алынысымен, Қазақстанға "Сатып алулар арнасына" өтінімін жолдап, ондағы бірлескен комиссия өз елдерінің ұстанымдарына сүйене отырып, ұлықсат етеді деп үміттену ғана қалады.
Түсіндіре кетсек, "Иранның ядролық сатып алулар арнасы (The Iranian Nuclear Procurement Channel) 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2231 қарары бойынша құрылған. Бұл арна Иранның бейбіт атом қызметі үшін қажетті заттарды, материалдарды, жабдықтарды, тауарлар мен технологияларды беруді қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде "Қазатомөнеркәсіп" басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев ұлттық компанияның уранды кез келген елге сатуға дайын екенін білдірді: тек ол елдің саясаты МАГАТЭ бекіткен ойын ережелеріне сай болса болғаны.
"Біз әлемдегі атом электр стансалары бар барлық елдермен жұмыс жасауға ұмтыламыз. Иранның атом энергетикасын дамыту бойынша үлкен бағдарламасы бар, сол себепті біз онымен тиісті келісімге отырдық. Құжаттың шарттары біз үшін аса тартымды. Алайда біз оны тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иранға қатысты "үлкен алтылығына" кіретін барлық елдермен келісімге қол жеткеннен кейін ғана жүзеге асыра аламыз. Қажетті құжат қолға тиісімен, бұл жұмысты бастап кетуге әзірміз",- деді ұлттық атом компаниясының басшысы.
Сонымен бірге, жақында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының зерттеулер департаменті "Уран нарығына шолуы мен болжамын" жариялады.
Бұл құжатқа жүгінсек, 2016 жылы Қазақстандағы уран өндірісі шамамен 24 000 тоннаны құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға артық.
"2017 жылы уран өндіру 8%-ға немесе 2 000 тоннаға азаяды, бұған уран ұсынысының сұраныстан асып түсуіне байланысты нарықтың әлсіреуі ықпал етеді" деп болжайды "Самұрық-Қазына" қоры.
Сондай-ақ нарықтағы баға ары қарай жақсарса, өндіріс ұлғаяды деп күтіліп отыр. Өндірістің қысқаруы қазірден-ақ уран бағасының әр фунтына 24 АҚШ долларына көтерілуіне алып келді, 2016 жылғы қарашада бұл көрсеткіш небары 17,75 доллар болған.
Қазақстан, өз атом электр станциялары болмағандықтан, өндірілген уранды ұзақмерзімді келісім бойынша экспортқа шығарады, Қытай қазақстандық уранның басты тұтынушысы, оның үлесі 50%-дан астам.
Әлемдік сұраныс және ұсыныс
Канада мен Аустралия Қазақстаннан кейінгі (39%) әлемдегі ірі уран өндірушілер болып табылады: олардың бүкіл әлемдік жалпы өндірістегі үлесі тиісінше 22% және 9% болды).
Қазіргі уақытта ғаламшарда 439 атом электр стансасында орнатылған 380 ГВт қуатты нетто мөлшерінде уран пайдаланылады. АҚШ уран пайдаланушы ірі елдердің бірі, оның әлемдік үлесі – 28%. Қытай және Оңтүстік Корея жалпы көлемнің 12%-ын және 8%-ын тұтынады. Әлемдік сұраныс жыл сайын 4,8%-ға өсіп, қазіргі 70 мыңнан 2020 жылы 97 900 тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.
Мұның сыртында бүгінгі таңда тағы 58 атом реакторы салынып жатыр және қосымша 512 реактордың құрылысы жоспарланған.
Фукусима апатынан кейін Жапония атомнан бас тартқандай көрінген, алайда, "Самұрық-Қазынаның" дерегінше, 23 жапон атом реакторы қайта қосылу үстінде.
2016 жылы АҚШ соңғы 20 жыл ішіндегі алғашқы жаңа атом реакторын іске қосты, тағы төртеуі жасалу үстінде. Жаңа атом станциялары дамушы елдерде, соның ішінде Қытай мен Үндістанда да салынып жатыр. Жаңа атом реакторларының қосылуы жұмысы тежелген реакторлар есебінен болған сұраныстың төмендігін қалпына келтіреді. Бұл өз кезегінде ұсыныс пен сұраныс теңдігін реттейді, атом электр станцияларының тұрақты өсімі уран нарығына да оң әсер етеді.
Уран бағасына болжам
Уранның нақты бағасы, 2005 жылғы ақпанданан бергі ең төменгі деңгейге жетіп, 2016 жылғы қарашада фунтына 17,75 долларға дейін арзандаса, жыл аяғында фунтына 20 долларға дейін көтерілді. Тұрақсыз саяси, экономикалық жағдайларға сәйкес уран нарығы да құбылмалы. 2020 жылға дейін нарықта уран жеткілікті болады, осындай қысымға байланысты нақты баға фунтына 30 доллардан төмен деңгейде болады деп күтілуде. Алайда, мұндай жағдайда жаңа кен орындарын игеру тиімсіз. Осыған орай ұзақмерзімді баға сұраныс пен дефициттің теңгерімі арқылы реттеліп отырады. Сонымен қатар, 2017-2018 жылдары негізгі америкалық және еуропалық атом электр станциялары ұзақмерзімді келісімдерді қайта жасайтын болады.
Бақыт Көмекбайұлы