"Қазақфильмнің" ел қаржысын босқа шашқан өз "LRT-сы" бар

2419

Қазақ киногерлері ел қаржысына қырықпышақ таласып, алтыбақан алауыз болып жатқан көрінеді. Кейінгі екі жылда мемлекет отандық кино түсіруге 90 млрд теңгеге дейін шығын шығарды. 

"Қазақфильмнің" ел қаржысын босқа шашқан өз "LRT-сы" бар

Алайда қазақстандық кинотеатрлар қазір көрсететін құнды дүние таппай қиналуда. Қазіргі қазақ киносы туралы білуіміз қажет бар ақпарат осы!

Ресейдің басқыншылық саясатын айыптаған голливудтың кино өндірушілер өз өнімдерін көруге Ресей жұртшылығы лайықсыз деп тапты. Нәтижесінде, Walt Disney, Warner Bros., Sony Pictures, Paramount Pictures, 20th Century Fox, Columbia Pictures, Universal Pictures және басқасы Ресей аумағында ірі премьераларынан бас тартып, көршінің нарығынан кетті. Мұндай санкцияның ызғарын Қазақстан сезінуде. Себебі Голливуд өз өнімдерін алып ресейлік нарықты игеру үшін орысшалайтын. Енді Ресей кинотеатрлары үнділік, ресейлік және кеңестік, ішінара еуропалық фильмдерді көрсетуге мәжбүр.

Қазақстанда да жағдай оңып тұрған жоқ. Демалыс күндері елордалық MEGA Silk Way, Хан Шатыр секілді ірі ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрларды адақтаған жұрттың көбі көңіл аударуға, уақыт жоғалтуға тұрарлық кинотуынды таба алмағаны жасырын емес. Негізінен сценарийі шикі, сапасы жөнінен төменгі сортты, дарынсыз түсірілген фильмдер көрсетілуде. Шетелдік кейбір фильм аудармасыз, ағылшын тілінде паш етілуде. Тіпті қазақшаға да тәржімаланбаған. Кинотеатрлар осы индустрияның орыс тіліне иек артуының құрбаны болғанға ұқсайды. Себебі голливудтық киноөндірушілер қазақстандық шағын нарық үшін орысша дубляжға қаражат шығындамасы анық.

Содан онсыз да пандемиядан қиналып шыққан кинотатрлардың біразы дәрменсіз жағдайға жетті. Мысалы, Қарағанды облысындағы Сәтпаев қаласында орналасқан Esentay Cinema кинотеатрының басшысы Богдан Шацких жабылудан басқа амал қалмауы мүмкін дейді.

"6 ай бұрын кинотеатрдың жұмысын қайта жандандырмақ болдым. Бұл – қаладағы жалғыз кинотеатр. Құрылғыларды, жабдықтарды, сондай-ақ ғимаратты да жалға алғанмын. Жабдықтарды меншігіме сатып алып, әрі қарай дамуды жоспарлағанмын. Бірақ қазір қаржылық қиындыққа тап болдым. Кредит бойынша үлкен қарыз қордаланды. Бұдан бөлек, Meloman, Sulpak Cinema кинопрокаттық компаниялар алдында қарызға баттым. Бұған ғимаратты жалға берушілер, жұмысшы персоналым алдындағы берешектерім қосылуда. Қаржылық проблема кесірінен кинотеатр жабылу алдында тұр", – дейді Б.Шацких.

Ол Үкімет қаржылай көмектессе, отандық киноматографқа қолдау көрсетіп, отандық фильмдерді де көрсетуге дайын.

Отандық синематография да мемлекетке қол жайып отыр. Еnergyprom.kz мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысында мемлекет кино, видеофильмдер, музыкалық туындылар өндірісіне 47,1 млрд теңге жұмсапты. Яғни, шығыны бір жыл бұрынғыдан 16,3%-ға артқан. Айта кету керек, ел Президенті имидждік және басқа да бостекі шығындарды тоқтатып, ұлт пен мемлекет, экономика мен бизнес үшін ең маңызды шараларды ғана қаржыландыруды тапсырған пандемиялы 2020 жылы Үкімет кино, видео өндірісіне 40,5 миллиард теңге төгіпті. Оның алдында, 2019 жылы 64,8 миллиард теңге бағыттаған. Осы миллиардтардың қайтарымы қайда?

Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринге, вице-премьер Ералы Тоғжановқа, Мәдениет министрі Дәурен Абаевқа "Ашық хат" жолдады. Оны "Жас Алаш" газеті басты.

Елдің сыйлы ағасы не дейді?

Оны бұл шағымды жазуға қазақ киносында орын алған бір келеңсіздік итермелеген көрінеді. Ол мәселе әдеттегідей қаржыға тіреледі.

"Қазақ киносын қаржыландыру саласында келеңсіздікке орын алды. Соның салдарынан бүгінде қазақ киногерлері өзара қырғиқабақ қырықпышақ, алтыбақан алауыз. Себебі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2021 жылы іріктеп алған киножобалар әртүрлі себептермен жыл аяғына дейін созылып қаржыланбай қалды. Яғни, 2021 жылы іріктеген фильмдер өндіріске кетпеді. Кешікті. Соның салдарынан 2021 жылы іріктелген киножобалар 2022 жылы іріктелетін жобалармен бірге қайта пикчинге түспек. Бұл біріктірілген 2 пикчинг бір жылдық қаржыны бөліспек. Екі жылдың іріктеуі біріктірілгеннен кейін олардың қаржысы да екі есе көбеюі керек еді. Бірақ олай болмады. Келеңсіздік деп отырғанымыз осы!", – дейді Смағұл Елубай.

Осыдан режиссерлардың жұмыс жоспары бұзылыпты.

"Олардың жұмыс жоспары адыра қалды! Сондықтан жан дауыстары шыға бастады. Осы келеңсіздікті реттеу тіпті қиын шаруа емес. Тек Үкіметіміз бірер шұғыл шара қолданса болды. Ол үшін біріншіден, 2 жылдық пикчинг біріктірілгендіктен оның қаржысы да екі есе ұлғаюы керек. Екіншіден, кинорежиссура мамандығын жыл сайын 2 ЖОО дайындайды. Бұл артық. Екі ЖОО жыл сайын емес, 2 жылда бір рет кинорежиссерлер тобын дайындаса да жетеді. Өйткені кино қымбат өнер, оларды жұмыспен қамту үлкен қаржыны қажет етеді", – деді жазушы.

Егер 2 ЖОО екі жылда бір рет кадр шығарса, қазіргі режиссерларға бәсекелес азаяр еді.

Үшіншіден, ол ұлттық кинодан ақша үнемдемеуге үндеді. "Ұлттық киноға салынған қаржы ұлттық рухқа салынған қаржы емес пе?!" дей келе, бұл салаға жыл сайын бөлінетін миллиардтарды 2 есе көбейтуді ұсынды.

Бұл ретте "отандық кино" дегеннің біразы шала, мәнсіз дүние екенін көрнекті кинодраматург те мойындады.

"Әрине, "жылтырағанның бәрің алтын емес". Мемлекет қаржысына түсіріліп жатқандардың бәрі бірдей көрермен көңілінен шыға бермейді. Ондай шалажансар фильмдер легін көбейтуге ешкім де мүдделі емес. Ендеше, бюджет иесі Үкімет өз мүддесін, ұлт мүддесін ойлай отырып жыл сайын, саналы түрде, ең болмағанда 1 киножобаға "мемлекеттік тапсырыс" мәртебесін беруі керек. Жалпыұлттық маңызы бар ондай қымбат киножобаларға "мемлекеттік тапсырыс" мәртебесін беру ол киножоба авторларына үлкен сенім мен үлкен жауапкершілік жүктер еді. Сонда біздің Үкіметтің де, қазақ киногерлерінің де жүзі халық алдында жарқын болар еді", – деп түйді С. Елубай.

Билік не дейді?

Әлеуметтік желіде пікір білдіргендер Қазақстанда фильм түсіруге бір тиын жұмсамауды, ұлтқа қажетті фильмді Голливудтағы шағын, бірақ білікті студияларға тапсырыс беріп түсірткізуді ұсынады.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында "Қазақфильм" түсірген киноның тек 8%-ы (!) ғана прокатқа шыққан. Көбісі көзбояу, ел қаржысын игеру үшін түсіріліп, сол бойы архивке тапсырылған, сөрелерде шаң басып жатыр. Олар цензураға бола өтпей қалса, бір сірә, әйтеуір кейін тесіп шығатын. Оларды аса сапасыз болғандықтан көрерменге көрсету ұят көрінеді.

Жоғарыдағы лоббиінің арқасында жекешелендірілмей, әлі күнге мемлекеттің мойнында масыл болып отырған киностудияның жұмысын тіпті оның басшысы Ақан Сатаев та қатты сынады. Ұрлық, тамыр-таныстық, кәсіби біліксіздік отыз жылдан астам уақыт бойы "Қазақфильмге" тамырын терең жайыпты. Мемлекеттің миллиардтары тиімсіз жұмсалған, талан-тараж етілген, сала "олигархтарын" байытқан. Салдарынан фильмдердің басым көпшілігі табысты болып, кіріс жинамақ түгіл, көрерменін таба алмаған. Аста-төк ел қаржысы шығындалып, түсірілген отандық картиналардың үлкен бөлігі сол бойы прокатқа шықпады, ал ол үшін ешкім жазаланбаған. Салада проблемалардың ушыққаны туралы таяуда өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ашық айтылды.

Сонымен министрдің дерегінше, өткен 30 жыл ішінде "Қазақфильм" арқылы отандық-шетелдік режиссерлар кем дегенде 600 фильм түсіріпті. Нақты саны белгісіз. Алайда осы 600-дің 92%-ы сөрелерде шаңға бөгіп жатыр. Қолға алудың өзі жиіркенішті болса керек.

Нәтижесінде, тәуелсіздіктің артта қалған 30 жылдығында "отандық" делінген бар-жоғы 52 фильм ғана прокатқа шықты. Оның үстіне бұлардың көбі прокатта сәтсіздікке ұшыраған және өзіне салынған қаражаттың бір бөлігін де қайтара алмаған.

Салыстыру үшін айтсақ, кино өндірісі саласында жаһандық лидер саналмайтын көрші Ресейде былтыр, 1 жыл ішінде 153 фильм прокатқа шығып, өзін ақтаған. Өзбекстанда 2019-2020 жылдары 408 фильм прокатта болған. "Өзбекстан – Орталық Азия киноиндустриясының орталығы, Отаны" деп жазылған UNESCO баяндамасында.

Министрліктің жиынында қазақстандық режиссерлардың кино өндірісі процесінен табыс табуға (яғни бюджет қаржысын игеруге) жаман үйренгені, дұрысы – олар картинаны прокаттаудан және сатудан пайда табуға тиістігі атап өтілді. Бұл – ескі жыр. Режиссерлар оған бас изеп келіседі де, нашар, түкке тұрмайтын фильмдерді түсіруді жалғастырады.

"Күтілетін эффект-қайтарым әзірге жоқ. Ұрлық, тамыр-таныстық, біліксіздік, ең сорақы түрдегі бюрократия, нарықтағы өмір шындығынан мүлдем алыстап кету, онымен еш есептеспеу, мемлекет ақшасын талан-тараж ету... Кино "Қазақфильмде" үздіксіз түсіріледі, бірақ өкінішке қарай негізінен лайықты нәтиже жоқ. Халықаралық нарыққа өнімді сату да қиындатылған. Себебі киноиндустриямыздың шамамен 500 аталымнан тұратын бүкіл контенті техникалық проблемаларға, үшінші тұлғаларға қатысты авторлық құқықтың проблемаларына толы. Масқарасы сол, мысалы, фильмде The Beatles әні орындалады, бірақ оның құқығына ие тұлғалармен келіскен, соған ақысын төлеген ешкім жоқ. Оған тырыспаған, кейбірі тіпті солай жасау керектігін түсінбейді", – деп түңілді "Қазақфильм" АҚ президенті Ақан Сатаев. 

Оның айтуынша, әрбір фильмдегі авторлық құқықтардың бұзылуын тексеруге "Қазақфильмнің" заңгерлік бөлімі жылдарды құртуы мүмкін.

Айтпақшы, қазақстандық киноиндустрияның босқа мол қаржы шығындалған ірі жобалары, көркем тілмен айтқанда "қалқиған төл LRT-сы" бар және біреу емес, көп. Бұрынғы басшылар тұсында ірі туындылар қолға алынған, "құрылысы" бірнеше жылға ұзаған.

"Қазір студияда жұмысы осыдан бірнеше жыл бұрын басталып қойылған картиналарды түсіру жалғасуда, бітер емес. Оның өндірісін тоқтатып тастайық десек, мүмкін емес, қыруар қаржы салынған. Амалсыз, ақырына дейін жеткізейік деп шештік. Алайда сарапшылардың бағалауынша, олардың табыс әкелуі енді күмән тудырады", – деп күрсінеді "Қазақфильм" киностудиясының басшысы А.Сатаев.

Кейбір сарапшының айтуынша, мысалы, бірқатар фильм бұрынғы көшбасшының саясатын дәріптеуге құрылған.

Министр Дәурен Абаев салада жылдар бойы қордаланған бүкіл проблеманы көтеріп, талдап, шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.

Бәлкім, "қазақ киносы" деген "шөлге" құйылатын аса құнды кәусарды – мемлекеттік миллиардтарды екі еселемес бұрын, осы "Авгейдің ат қорасын" былықтан тазартып алған жөн емес пе?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу