Қазаққа мәдениетін құтқарып беретін бір Черчилль керек болып тұр

9025

"Кедейдің аузы сүтке тигенде, мұрыны қанайды" деген сөз бар. Біздің елдегі шығармашылық одақтардың қазіргі жағдайы осы мақалды еске түсіреді. Бұлай дейтініміз, Мәдениет министрлігінен шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңгенің өзі игерілмей қалған көрінеді. ...Иә, қазаққа қазір мәдениетін құтқарып беретін бір Черчилль керек болып тұр.  

Қазаққа мәдениетін құтқарып беретін бір Черчилль керек болып тұр

Шығармашылық одақтар шырылдап әлек

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның премьері Уинстон Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол "Мәдениеттің шығындары қайда?" деп сұрапты. "Соғыс кезінде қайдағы мәдениет?" депті министр. Сонда Черчилль: "Егер мәдениетті қорғап қала алмасақ, біз онда не үшін соғысып жатырмыз,?" деген екен. "Егер тілің мен мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес" деген сөз де Нельсон Манделадан қалған. Расында да, әлем тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалар турасын айтқандай елдің ең басты қорғаны – тілі мен мәдениеті.

Мәдениет туралы сөз қозғаған кезде өзге елдердің айтулы тұлғаларының осындай сөздерін алаулатып-жалаулатып айтамыз да, іске келгенде бұған жауапты шенеуніктердің қас-қабағын бағып қаламыз. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда мәдениеттің де, ақпараттық рухани қауіпсіздіктің де рөлі зор. Кейде теріс тәрбиеге, ұлтсыздыққа шетелдік ақпараттық экспансиямен бірге өзіміздің ұлттық ұғымнан жұрдай түрлі фильмдеріміздің де, жеңіл күлкіге құрылған сайқымазақтық шу мен шоулардың әсері аз емес. Ел телеарналарына тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілер шығып жатқанда, жалпы осы біздің идеологиямыздың өзі бүтін бе деп ойлауға тура келеді кейде...

Рухани жаңғырудың негізі – ұлттық мүддемізді қорғайтын ұлттық болмысты қалыптастыратын ең алдымен ұлттың руханияты мен мәдениеті. Әдебиеті мен өнері. Білім мен ғылымы. Яғни, ұлттың зиялы қауымы біріккен шығармашылық одақтар. Осылай дегенімізбен іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктесі және қоғамдағы ұлттық идеялардың қозғаушы күші болуға тиіс шығармашылық одақтар қазір қаржылық қиындықтардан шыға алмай, өз күндерін зорға көріп келе жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған. Әйтсе де қазір бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатыр. Шығармашылық одақтар шырылдап әлек. "Қаржы жоқ" дейді олар. Ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де игерілмей қалған. Себебі, шығармашылық одақтар құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеді дейді министрлік. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан құр қалған.

Мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет!

Осы мәселелердің бәрі 3 маусымда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті "Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі" атты Парламент тарихындағы тұңғыш рет тек қазақ тілінде өткен үлкен жиында талқыланған еді. Кеңесте ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін ең алдымен өз болмысымызды жат болмыстан қорғай білуіміз керек деген мәселе көтерілген. Депутаттар мұндай, қаржылық қиын жағдайда, шығармашылық одақтар өз мүшелеріне қалай қолдау көрсетуге болатынын айтысқан еді. Олардың айтуынша негізінен, шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отыр. 

Әлбетте, бір жиын бір саланың тұтас мәселесіне нүкте қоя алмайды. Парламент Мәжілісінің отырысында "Ақ жол" мен "Nur Otan" партиясының мүшелері осы мәселені қаузап, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған. Депутат Қазыбек Исаның пайымдауынша, шығармашылық одақтардың мұңын да, министрліктердің жырын да түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, театр, кино одақтары, яғни Ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен ...ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей.  Мұндай, 22 мың ұйымның бәріне бір көзбен қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді.

"Сондықтан, Ұлттық болмысымызды қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу - кезек күттірмес мәселе деп білеміз. Биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан елімізде, соғыс кезі емес, құдайға шүкір бейбіт кезеңде мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде? Егер үкімет бұл мәселені жақын арада шешпей, сүйрете беретін болса, біз заңға өзгерістер енгізуді өз қолымызға аламыз. Шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек. Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет. Ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, Ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу керек", - дейді Қазыбек Иса.

Үкімет қолдай ма?

Депутаттардың бұл талабына Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов жауап беріпті. Оның айтуынша,  Үкіметтік емес ұйымдармен, соның ішінде шығармашылық одақтармен стратегиялық әріптестік орнату және оларға мемлекеттік грант ұсыну тәртібін жетілдіру мәселелері "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қарастырылған. Заң жобасына сәйкес, орталық мемлекеттік органдар ұлттық дамудың басымдықтарын ескере отырып, өз құзыреттерінің шеңберінде үкіметтік емес ұйымдармен стратегиялық әріптестік орнату мүмкіндігіне ие болады.  Әрбір мемлекеттік орган стратегиялық әріптесті Үкімет бекіткен қағидаларға сәйкес конкурс арқылы айқындайды. Мұндай конкурстарды мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен тыс ұйымдастыру көзделуде. Стратегиялық әріптестік үш жылға жасалады.

"Заң жобасында орталық мемлекеттік органдарға мемлекеттік грант ұсыну құзыретін ұсыну көзделіп отыр. Бүгінгі күні грант ұсыну құзыреті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарда ғана қарастырылған. Қазіргі таңда заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Үкіметтің Заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес құжат қыркүйекте белгіленген тәртіппен Парламент қарауына енгізіледі. Заң жобасы қабылданғаннан кейін Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет саласының әрбір бағыты бойынша (кино, театр, музыка, жазушылыар және т.б) шығармашылық одақтарға стратегиялық әріптес мәртебесін ұсынуды жоспарлап отыр", - дейді Ералы Тоғжанов.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу