Қазаққа жақын саналатын елде саяси талас басталды

102

Кәрі құрлықта орналасса да, түркі жұрты тарихы мен тегін жақын санайтын Мажарастанда таласқа толы саяси науқан басталды. 

Қазаққа жақын саналатын елде саяси талас басталды Фото: canva

Қазір мемлекетті басқарып отырған Премьер-министр Виктор Орбанның орнында қалу мүмкіндігі күн сайын азайып барады. Бірақ оның мансабындағы бұл құлдырауды бір шешім тоқтата алуы мүмкін.

"Мұнай болмаса, ақша да жоқ"

Дәл осы бейсенбіде ЕуроОдақ саммиті өтіп жатыр. Көшбасшылар Венгрияның үкіметбасы Виктор Орбанды Украинаға 90 млрд еуро көлемінде қаржы бөлуге қойған даулы ветосын алып тастауға көндіруге тырысып жатыр. Осы мәселе 12 сәуірде Венгрияда өтетін сайлауға әсер етуі мүмкін.

Бұл сайлауды қысқаша былай суреттеуге болады: батысшыл әрі Украинаны қолдауы мүмкін Петер Мадияр мен ресейшіл позициядағы Виктор Орбанның тартысы. Орбан сайлау қарсаңында Украина басшысы В.Зеленскийді айыптап әлек. Оның сөзінше, Киев пен Брюссель астыртын түрде оппозиция жетекшісі, яғни, өзінің басты қарсыласы Петер Мадиярды қолдап отыр.

Дегенмен Орбанның Украинаға өшігуі себепсіз емес. Мәскеу мен Киев қақтығыстары кезінде батысқа мұнай жеткізуші "Достық" құбыры зақымданды. Соның әсерінен Мажарстан энергетикалық ресурстардан таршылық көріп отыр. Орбан ветоны алып тастау мәселесінде Зеленскийге "егер мұнай болмаса, ақша да болмайды" деп ашық айтқаны есте.

Осы тұста Мажарстан мен Қазақстанның байланысын айтудың реті бар. Негізі Виктор Орбан түркі жұртына жақындау саясаткер. Әрине, энергетикалық қажеттілік мақсаттарын да жасырып қалмайды. Былтыр Тушваньош фестивалінде сөйлеген сөзінде ол түркі әлемін жаһанның алты қуатты орталығының бірі ретінде атады. Қазан айында Әзербайжанның Габала қаласындағы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне де арнайы келді. Ал осы сайлауда оған қарсылас болып отырған Петер Мадиярдың көзқарасы әлі белгісіз.

Әзірге Орбан мен Мадияр бір-бірін шетелдік мүдделерге қызмет етті деп айыптап отыр. Виктор Орбан өзінің қарсыласы Брюссель мен Киевтің мүддесіне қызмет етеді деп мәлімдесе, оппозиция жетекшісі Петер Мадияр Орбанды сатқын деп атап, оның кесірінен Венгрия Еуроодақтағы ең кедей елге айналды деді.

Премьер-министр Виктор Орбан алдағы парламенттік сайлау Венгрия үшін бейбітшілік пен соғыс арасындағы таңдау екенін айтып, өз үкіметін тұрақтылықтың кепілі ретінде сипаттап бағуда. Не дегенмен, 2010 жылдан бері билікте отырған үкіметбасына үлкен сынақ келіп тұр.

"Тиса" оппозициялық партиясының жетекшісі Петер Мадияр қазір қоғамдық пікір сауалнамаларында Орбанның "Фидес" партиясынан алда келеді. Тіпті, 60 пайыздық басымдыққа дейін жеткен.

Ал енді Украина мен Венгрияның таласына оралайық. Бұл дау "Достық" құбыры арқылы өтетін ресейлік арзан мұнайға байланысты туындады. Будапешт зақымдалған мұнай құбыры қалпына келтірілгенге дейін Еуроодақтың Украинаға бөлетін 90 млрд еуро көлеміндегі несие пакетін бұғаттап отыр. Кейін дау саясаткерлердің жеке қақтығысына ұласқандай. 

"Сіздер бізді мұнай блокадасымен, бопсалаумен және біздің көшбасшыларымызға қоқан-лоққы жасаумен қорқытамыз деп ойлайсыздар ма? Естеріңізді жиып, мұны тоқтатыңыздар", – деген Орбан.

Ал өткен аптада Зеленский Украинаға көмекті бұғаттап отырған саясаткердің телефон нөмірін өз әскери қызметкерлеріне беретінін мәлімдеген. Венгрия үкіметі бұл сөзді Орбанға бағытталған тікелей қауіп ретінде қабылдады.

"Сіздердің шығыс майдандағы проблемаларыңыз жеткіліксіз бе? Неге бізге тиісесіздер? Біз бейбіт халықпыз. Мұнайымызды қайтарыңыздар, содан кейін батыстың ақшасын алу үшін фургондарыңызбен Брюссельге тартыңыздар", – деп жауап берді оған Орбан.

Оның үстіне Венгрия тарапы екі апта бұрын Будапешт маңында қолма-қол ақша тасымалдаған екі украин көлігін ұстаған. Ақшаны жылыстату ісі бойынша тергеу аясында 40 млн доллар, 35 млн еуро және 9 келі алтын тәркілеген. Ал Украина бұл тасымалдың заңды болғанын мәлімдеп, Венгрияны айыптады.

"Бейбітшілік пен соғыс арасындағы таңдау"

Алдағы дауыс беру науқанын Виктор Орбан бейбітшілік пен соғыс арасындағы таңдау ретінде сипаттайды. Ол Еуропалық одақты жиі соғысты қолдайтын блок ретінде көрсетіп, Украинаны қаржылай қолдау және құрлықтағы әскер енгізу туралы әңгімелер арқылы қақтығысты ушықтырып отыр деп айыптаған.

Орбан бұған қоса Украина мен Еуроодақ Венгрияда үкіметтің ауысуына мүдделі екенін айтып, өз партиясын 4 жыл бұрынғы нәтижеден асып түсіп, кемінде 3 миллион дауыс жинауға шақырды.

Бұл тұста басты үміткер Петер Мадиярдың премьер-министр ретіндегі жоспарларына тоқталып көрейік. Мадияр Орбанды сайлауға ресейлік агенттерді араластырды деп кінәлап отыр.

"Орбан сайлауға араласу және бізді ең қасиетті құндылығымыз – ата-бабаларымыз жанын қиған венгр еркіндігінен қайта айыру үшін елімізге ең тәжірибелі ресейлік агенттерді шақырды", – деді Мадияр.

Ресей жағы бұл айыптауларды жоққа шығарып бақты. Мадияр сондай-ақ Орбанның сайлауалды бағдарламасын тікелей сынға алып, онда премьер-министр өзін бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде көрсетіп, ал оппозицияны Венгрияны соғысқа тартқысы келетін күш ретінде бейнелейтінін жеткізген.

"Соғысты қоздыру, соғыспен қорқыту, соғысқа итермелеу – бұл оның билікті сақтап қалу үшін венгр халқына қарсы қолданатын соңғы қаруы ғана", – дейді Мадияр.

Оның айтуынша, өзінің "Тиса" партиясы кез келген әскери қақтығысқа араласуға үзілді-кесілді қарсы. Керісінше, елдің өмір сүру құқына назар аудармақ. Өз сөзінің едәуір бөлігін экономикалық мәселелерге арнап, халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға уәде берді.

Петер Мадияр Мажарстанға аударылуға тиіс ЕуроОдақ қаржысын да айтпай өтпеді. Кәрі құрлықтың өзге елдері Венгрия үкіметі жемқорлыққа барып, заң үстемдігін бұзды деп есептейді. Үміткер өзі билікке келе қалса, сол қаржыны қайтаруға күш салатынын жеткізген. Бұған қоса, қоғамдық институттарды жақсартуды басты мақсат санаған. Денсаулық сақтау саласын жетілдіруді, халық өмірінің ұзақ болуын да алға тартқан.

Осы тұста оппозиция жетекшісі "Тиса" партиясы билікке келген жағдайда, премьер-министр қызметінде екі мерзімнен артық отыруға шектеу енгізетінін айтты. Бұл Венгрияны ондаған жылдар басқарып отырған Виктор Орбанға қарата айтылған айып екенінде дау жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу