Қазақстан 10 жыл бойы көршілерден электр энергиясын сатып алуға мәжбүр

835

Осыдан 2 жыл бұрын жалпыхалықтық референдум нәтижесінде атом электр станциясын салуға шешім қабылдаған Қазақстан ендігі құрылысты бастап кетуге даяр.

Қазақстан 10 жыл бойы көршілерден электр энергиясын сатып алуға мәжбүр Фото: ЖИ

Бірақ алғашқы орталық іске қосылғанға дейін 10 жылдан астам уақыт кетпек.

Қазір еліміз электр энергиясына деген қажеттілігінің басым бөлігін өз күшімен өтеп отыр. 2025 жылы отандық электр энергиясын өндіру көлемі тұтынудың шамамен 98,8 пайызын жапқан. Алайда жылдық теңгерім елдегі ахуалды толық көрсете алмайды. Бірақ жүктеме көбейген кезде электр қуаты тапшы болып қалатынын салаға жауаптылар мойындап жүр.

Мәселен, қыс мезгілінде электр энергиясын тұтыну көрсеткіші шарықтайды. Сол кезде Қазақстан амалсыз көрші елдерден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Бір сөзбен айтқанда, тиімсіз импортқа ұрынады. Оның үстіне елде көптеген электр станциялары ескірген, тозу деңгейі 55 пайыз болып тұр. Бірі апатқа ұшырап, істен шықса, тағы сол көршілерге телміреміз. Ал Энергетика министрлігінің болжамынша, тапшылық жыл сайын ұлғайып, 2032 жылға қарай 2,66 ГВт-қа жетеді.

Егер Балқаш АЭС-і іске қосылып, екі энергоблогы өндіретін жалпы қуат көлемі 2,4 ГВт болса, елді электр энергиясымен қамтамасыз етуге болар еді. Дегенмен АЭС жобасының өзі қысқамерзімде мұндай нәтижеге жеткізе алмайтынын естен шығармаған жөн. "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Ернат Бердіғұловтың бағалауынша, алғашқы энергоблокты энергетикалық іске қосу 2037-2038 жылдары жүзеге асуы мүмкін. Осылайша, алғашқы АЭС 2029 жылға қарай энергетикалық профицитке қол жеткізу міндетін орындауға көмектесе алмайды. Алдағы жылдары қуат тапшылығын өтеуде басқа генерация жобалары, ең алдымен, жаңа газ электр станцияларын іске қосу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жұмыстары негізгі рөл атқарады.

Оңтүстікке жарық жетпейді

Болашақта алғашқы АЭС Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі электрмен жабдықтау жағдайын айтарлықтай жақсартуы мүмкін. Өйткені елдің дәл осы бөлігі электр энергиясына мұқтаж. Өткен жылы оңтүстік өңірлерде шамамен 30,6 млрд кВт/сағат электр энергиясы тұтынылса, өз өндірісі небәрі 16,2 млрд кВт/сағатты құрады. Жетіспеген электр энергиясы солтүстіктегі облыстардан алынған.

Атом энергиясы агенттігінің есептеуінше, Балқаш АЭС-інің екі энергоблогы жылына шамамен 18,9 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіре алады. Бұл қазір Оңтүстік аймақтың жылдық электр энергиясын тұтыну көлемінің шамамен 62 пайызына тең. Яғни станция өңірдегі тапшылықты толық жоя алмайды.

Ендігі сауал: алғашқы АЭС жобасы қалай іске асырылып жатыр? Кейінгі 2 жылда Қазақстан алғашқы АЭС жобасын іске асырудың құқықтық және қаржылық негіздерін пысықтады. 2024-2025 жылдары Атом энергиясы агенттігі "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС-мен бірлесіп, ядролық технологияларды жеткізуге үміткер әлеуетті компаниялармен диалог өткізді. Оның қорытындысы бойынша станция құрылысына жетекшілік ететін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы анықталды.

Өткен жылдың тамыз айында болашақ құрылыс алаңы орналасқан аумақта инженерлік-іздестіру жұмыстары басталды. Оның негізгі мақсаты – аумақтың геологиялық, гидрологиялық және басқа да ерекшеліктерін ескере отырып, АЭС салуға барынша қолайлы орынды анықтау. Ал 2026 жылдың сәуірінде Президент Қазақстанның 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясын бекітті. Мамыр айында Қазақстан мен Ресей станция құрылысын жүргізудің негізгі қағидаттары мен шарттарын айқындайтын үкіметаралық келісімдерге қол қойды. Қыркүйек айында "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС мен "Росатом" құрылымына кіретін "Атомстройэкспорт" компаниясы станцияны жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойғаны хабарланды. Осы тұста Қазақстан жобаға отандық кәсіпорындарды тартуды және өз мамандарын даярлауды да көздеп отыр. Биыл атом саласы үшін жергілікті өндірісті дамыту және кадрлар даярлау бойынша төрт жылдық жоспарлар бекітілді.

Алайда құрылыс басталғанға дейін станцияның нақты орналасатын жерін анықтау қажет. Атом энергиясы агенттігінің хабарлауынша, инженерлік-іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Құрылыс алаңы таңдалғаннан кейін жобалаушылар ядролық және радиациялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, станцияның жобасын әзірлеуге кіріседі.

Бірақ АЭС салу бір шаруа, электр желілерін тұрғызу – екінші жұмыс. Өйткені онсыз электр энергиясы халыққа жетпейді. Яғни АЭС-ті ұлттық электр желісіне қосу қажет. KEGOC компаниясының хабарлауынша, болашақ станцияның толық қуатын электр желісіне жалғау үшін электр желілерін дамыту бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Олардың түпкілікті параметрлері мен құрылыс көлемі АЭС қуатын беру жөніндегі арнайы сызбада айқындалады.

Газ бен көмірдің орнын баса алмайды

Атом электр станциялары тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясын өндіре алады. Дегенмен әзірге дәстүрлі тәсілдерді толық алмастыра алмайтынын айта кеткен жөн. Газ бен су станцияларының электр энергиясын жинақтауға болады, күн мен жел станциялары тікелей ауа райына байланған. Көмір станциялары теңгерімді уақытында толтырып отырады. Сол секілді атом электр станциялары да аяқ асты тоқтап қалуы мүмкін. Егер қуаты 1200 МВт болатын реакторлардың бірі тоқтаса, энергетикалық жүйе бір сәтте дәл осындай көлемдегі генерациядан айырылады. KEGOC компаниясының бағалауынша, АЭС іске қосылғаннан кейін кемінде бір энергоблоктың қуатына тең резерв қарастырылуы қажет. Бұл резервті басқа электр станциялары мен жүйелік ресурстар қамтамасыз етуге тиіс.

Мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай негізінен газбен жұмыс істейтін 4 ГВт-тан астам жаңа реттеуші қуатты іске қосу жоспарланып отыр. Олар электр энергиясын өндіру көлемін теңгеріп қана қоймай, тұтыну шарықтайтын кезеңдердегі сұранысты өтеу үшін де қажет.

Айтпақшы, елде атом электр станциясы қосылғаннан кейін тарифтердің бағасы арзандамайтынын ұққан жөн. Онсыз да атом электр станциясының құрылысы қомақты инвестицияны талап етеді. Ал салынған қаражатты қайтаруға байланысты шығындар электр энергиясының көтерме бағасына әсер етпек. Егер АЭС іске қосылғаннан кейін қыста қымбат электр энергиясын сатып алу қажеттілігі азайса, бұл елді электр энергиясымен қамтамасыз етуге жұмсалатын жалпы шығындарды төмендетуі мүмкін.

Алайда электр энергиясының түпкілікті құны жобаның қандай шарттармен қаржыландырылатынына және инвестицияны қайтару тетігі қалай ұйымдастырылатынына байланысты болады. Қалай алғанда да, алғашқы АЭС құрылысы Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың бастамасы болмақ. Алдағы уақытта елде тағы екі атом электр станциясын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан сайын атом генерациясының энергетикалық теңгерімдегі үлесі арта түседі.

Бұл ретте атом генерациясы газ және көмір электр станцияларына, гидроэнергетикаға, жаңартылатын энергия көздеріне және энергия жинақтау жүйелеріне деген қажеттілікті жоймайтынын қайталайық. Өйткені олардың әрқайсысының энергетикалық жүйеде атқаратын өзіндік міндеті бар. Сондай-ақ АЭС энергетика саласындағы барлық мәселені шешпейді әрі кепілдік те бермейді. Түптеп келгенде, атом энергетикасы бағдарламасының табысты жүзеге асуы тек станциялардың құрылысымен ғана емес, бүкіл энергетикалық жүйенің қаншалықты үйлесімді дамитынына байланысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу