Қазақстан АЭС салуды ресейліктерге тапсыра салуы мүмкін

1836

"Самұрық-Қазынаның" дерегіне жүгінсек, АЭС салуға ең басты 4 үміткер бар.

Қазақстан АЭС салуды ресейліктерге тапсыра салуы мүмкін Фото: canva.com

Олар: ресейлік "Росатом", қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation), кореялық KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясы, француздың EDF (Électricité de France) компаниясы.

Мемлекет алдағы 10 жыл уақыттың ішінде атом электр станциясын салуды көздеп отыр. Бірақ оны "қай елге тиесілі компания салады?" деген сауалдың жауабы айтылмай келеді.

Жыл өткен сайын елімізде энергия тапшылығы қатты сезілуде. Әдеттегідей көмір жағып энергия өндірудің шығыны мен экологиялық зардабы орасан, оның үстіне энергия өндіретін жүйелердің 70 пайызы тозды.

Сондықтан 1,4 млн тонна уран қорына ие мемлекет осы мәселені шешу үшін АЭС салуы тиіс. Нақтысы алда өтетін жалпыхалықтық референдумда белгілі бола жатар, тек көпшілік бұл іске ресейлік "Росатом" араласқанын қаламайды.

Бәсекенің басы көрінгендей

2023 жылы қарашаның басында Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға жұмыс сапарымен келді.

Сарапшылардың көбі бұл сапардың аясында АЭС салу жайы талқылатынын айтқан. Мәселен, сапар кезінде Bloomberg басылымы талқы жасап, "Эмманюэль Макрон энергетикаға бай Орталық Азияға сапар шегіп, осы елдің ядролық реакторларында қолданылатын уранды жеткізуші екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанға барады.

Бұл сапар Францияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталғандай" деп жазды.

Осы сапардан кейін көп ұзамай күтпеген жерден ресейлік "Росатом" Қазақстанға қуаттылығы 2400 МВт болатын екі АЭС блогын салуға ұсыныс айтып шыға келді. "Бұл 3+ буынына жататын заманауи блоктар болмақ" деген. Екі жайтты неге айтып отырмыз?

АЭС салу ісінде ең басты талаптың бірі – қауіпсіздік. Сондықтан бұл мәселеде көбіне саяси позициялар араға түсіп жатады. Ал жоғарыда ұсыныс айтқан "Росатом" көбіне кәсіп арқылы ресейлік позицияны нығайтуға атсалысып жүргенін білеміз. Сондықтан Франция президентінің сапарынан кейін олардың ұсыныс тастауы бекер емес.

Кей қоғам өкілдері АЭС-ке неге қарсы?

2022 жылы "Самұрық-Қазына" қоры Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобаның тізімін ұсынды. Арасында 2032 жылға дейін АЭС салу бар. Электр энергиясын өндіру қиындады, Кеңес Одағы кезінде салынған, көмірмен жұмыс істейтін кешендер ескіріп әрі атмосфераны ластап болды. Ал Дүниежүзілік банктен бастап көптеген үлкен қаржы орталықтары көмірмен жұмыс істейтін станцияларды қаржыландыруға келіспейді.

Органикалық отыны жоқ Франция, Бельгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндияда атом станцияларының электр энергиясын өндіруші негізгі көзге айналып, энергетикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етті.

Сарапшылар көмірдің жаһандық қоры 270 жылға, мұнай 50 жылға, газ 70 жылға дейін жететінін болжаған. Ал АЭС-ке пайдаланылатын әлемдегі 5 718 400 тонна уран қоры 2500 жылға дейін жетеді. Әлемдегі уран қоры ең көп ел – Аустралия десек, одан кейінгі орындарда Қазақстан, Ресей және Канада тұр. Сондықтан бізге бәрібір атом электр станциясын салуға тура келмек.

Бірақ қоғамның қорқынышы басым, АЭС-тен сескенбейді, оны күтіп-баптауда мамандар олқылық танытып, кезіндегі Чернобыльдегідей ірі апатқа ұшыратпай ма деп үркеді. Владимир Школьник "Қазатомөнеркәсіпті" басқарып тұрған кезінде "Бірқатар елдер атом энергетикасына мұқтаж екенін түсінді.

Сауд Арабиясы 2030 жылға қарай 16 атом реакторын тұрғызбақ. Франция АЭС қызметін ұзартуды шешті. АҚШ кейінгі 30 жылдан бері алғаш рет екі атом стансасының құрылысына рұқсат берді. Өкінішке қарай, біздегі қоғам атом энергетикасын қабылдауға әлі дайын емес", – деген еді. Бұл тектен-тек айтылған сөз емес, тәуекел етуге жол ашылды.

Сондай-ақ АЭС салу арқылы өзге де салаларды дамытуға мүмкіндік бар екен. Мәселен, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Хасый Жамантіков осындай елеусіз жайттарға көңіл аудартты.

– Қауіпсіздігі қамтамасыз етілген АЭС салуды құптаймын. Дегенмен саяси пиғылдарын араластыратын елдердің көмегі қажет емес. Қуатқа тәуелсіздікті жою мәселесі терең сарапталып жатыр. Қуат көзі атом-электр станциясында екені белгілі жайт. Қазақстанда АЭС шикізаты, яғни, уран қоры жеткілікті. Қуат стансасының қауіпсіз технологиясы мен керекті өнім өндіру мемлекет деңгейінде тиянақты қолға алынуда. Қуат көзі іске асса, елде полифосфат өндірілетін күн де алыс емес. Полифосфатты зерттеу авторы ретінде айтарым, осы экологиялық таза өнім Қазақстан егіншілігін фосформен байытар еді, – дейді ғалым.

"Росатомға" басымдық берген кім?

"Самұрық-Қазынаның" дерегіне жүгінсек, АЭС салуға ең басты 4 үміткер бар, олар: ресейлік "Росатом", қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation), кореялық KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясы, француздың EDF (Électricité de France) компаниясы. Әрқайсысының өз артықшылықтары бар, халықаралық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибе жеткілікті.

Бірақ қор басшылығы аталған компаниялардың бәрін ысырып, ресейлік "Росатомға" иек артуы мүмкін секілді. Кейінгі 4 жылдан бері Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда ресейлік технология бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтып келеді. Бұл ақпарат қоғамда ірі резонанс тудырды. DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында "Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі" тақырыбында сауалнама жүргізген. 1100 адам қатысқан сауалнамада азаматтардың 55 пайызы қарсылық білдірген. 2022 жылдың соңында "Самұрық-Қазына" "Росатоммен" келіссөз жүріп жатқанын растаған. Сондықтан секем алу негізсіз емес.

Энергетика министрлігі АЭС Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында салынатынын алға тартқан. Болжам бойынша, жоба құрылысына 5 млрд доллар жұмсалуы мүмкін.

Дегенмен "Самұрық-Қазына" АҚ-ның еншілес кәсіпорны "Қазақстан атом электр станциялары" АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалатынын хабарлаған.

Алдын ала есептеулер бойынша, Қазақстанда әрқайсысының қуаты 1,4 мың МВт болатын 2 реакторлы АЭС салынады. АЭС-ті пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Сабақ алатын тұстар бар

Негізі "Росатом" әлемнің біраз елінде ықпалды. Энергия тұтынуының өсу жылдамдығы әлемде Қытайдан кейін екінші орында тұрған Түркияның Жерорта жағалауындағы Мерсин провинциясында 2018 жылдан бастап АЭС құрылысын жүргізді. Бүгінде 4 блоктан тұратын станцияның негізі қаланған алғашқы блогының құны – 20 млрд доллар болды.

Бұл ретте энергия көздерін сатып алушы ел саналатын Түркия ресурстары жеткіліксіз болғандықтан және энергетика нарығындағы баға ұдайы өсіп отыратындықтан, сыртқа тәуелді. Сондықтан балама энергия ресурсына мойынсұнуға мәжбүр. Алайда қол қойылған келісімшарт хаттамасындағы "Жоба компаниясы электрмен қоса АЭС-тің меншік иесі болып саналады" деген сөздің өзі Ресейдің Түркия территориясында өндірген электр энергиясын өзі қалаған мекемеге немесе мемлекетке сату бойынша шешім қабылдаушы жалғыз ел екенін көрсетеді.

Түркияға енді шегінерге жол жоқ, өйткені бұдан бұрын АЭС салу туралы шешімінен бас тартатынын хабарлаған Болгарияға Ресей 1 миллиард еуро көлеміндегі сот талабын жіберген болатын.

2012 жылы Владимир Путиннің Бішкекке сапары аясында Қамбар-ата ГЭС-1 мен "Жоғарғы Нарын" сарқырамасы ГЭС құрылысы туралы келісім жасалған. Ал 2015 жылдың соңына қарай сол кездегі Қырғыз президенті күрделі экономикалық жағдайда Ресей станциясының құрылысы бойынша өз міндеттемелерін орындай алмайды деп мәлімдеп, 2019 жылы келісімнің күшін жойды.

Бірақ Ресей жобаның негізгі мердігері "Русгидро" екенін алға тартып, "Жоғарғы Нарын" сарқырамасы ГЭС нысаны құрылысының сметасына сәйкес, қырғыздарға 37 млн долларды талап еткен есеп-қисапты жібере қойған еді.

Әрине, АЭС салу үшін өте көп қаржы мен су керек болатынын ескерген жөн. Станция маңында уран қалдықтары қалады. Оны сақтау үшін жер астында инфрақұрылым болуы қажет. АЭС-те төтенше жағдай өте аз кездеседі, дегенмен апат бола қалған жағдайда оның алдын алу мен радиацияны жою мүмкін емес.

Қалай десек те, өнеркәсіп пен халықтың электр қуаты қажеттілігін өтеуде әзірге атом энергетикасына балама жоқ. Мемлекет бұл мәселені өзгеге есесі кетпеуі үшін жөндеп саралағаны абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу