Америкалық топ-жұлдыз Дженифер Лопестің Астана мен Алматыда өткен концерті кезінде стадионның сыртында, ығы-жығы жұрттың үстінен ызыңдап, әлдебір аппаратура бекітілген бірнеше дрон ұшып жүрді. Оларды кімнің ұшырғаны және қандай міндетті орындап жүргені былайғы жұртқа белгісіз болды.
Бұл жағдай депутаттарды да алаңдатады, мұндай "беспилотниктерді" лаңкестер де пайдаланып, қалың жиналған халықтың ортасына әлдене тастап, теракт ұйымдастыруы ғажап емес.
"Пилотсыз ұшатын аппараттар (ПҰА) азаматтық секторда барған сайын белсенді пайдаланылуда. Кейбір елде оның көмегімен тапсырыс берілген тамақ пен тауарлар жеткізіледі. Алып дрон әуе таксиі қызметіне кірісуге дайындалуда. Бұл сала енді тоқтаусыз дамиды. Біз де бұл өркендеу көшінен қалыс қалмауымыз керек. Өйткені оның артында жаңа нано-технологиялар, жасанды интеллект тұр. Бірақ мұндай технологиялардың бейбіт емес мақсатта қолданылу, қылмыскерлер қолындағы қаруға айналу қаупі бар. Елестетіп көріңізші, қандай да бір бұқаралық шоу, ірі концерт, футбол матчы өтіп жатады, топтың үстінде дрон ілініп тұрады, ал, оның ішінде жарылғыш зат жасырынуы мүмкін", – дейді мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев.
Оның байламынша, қалың нөпір халық жиналатын қойылымдар кезінде мыңдаған, тіпті ондаған мың көрерменді тез эвакуациялау беймүмкін нәрсе.
Дүрбелең туындаса, сыртқа дүркірей ұмтылған үрейлі тобыр әлсіз не құлаған адамдарды тапап тастап, қосымша құрбандар болуы ықтимал. Сондықтан, депутаттың пікірінше, ең дұрысы – осының алдын алу.
"Бұл үшін дрондарды өндіру, сақтау мен пайдалануды бұрынғыдан да қатаң реттеу қажеттілігі күн тәртібінде өткір тұр. Лицензиялау және есепке алу жүйесі күшейтілуге тиіс. Мұның үлгісін жаңадан ойлап табудың қажеті жоқ. АҚШ-та Remote ID деген жүйе бар. Онда тіпті азаматтар қолындағы 250 грамдық кішкентай дронға дейін тіркеуге қойылады. Олар көкке көтерілгенде жүйеге цифрлық "паспортын", сериялық нөмірін, координаттарын және өзін басқаратын оператордың деректерін береді. Құзырлы органдар сол арқылы аспанда кімнің беспилотнигі самғап жүргенін біледі", – деді мәжілісмен.
Әрине, дүкеннен квадрокоптер немесе гексакоптер сатып алып, тіркеуге қоймай, заңсыз пайдалануға тырысатындар барлық елде бар. Сондықтан Еуроодақ, Ұлыбритания, Канада, Австралия және өзге мемлекеттер оның алдын алушы жаңа тетіктерді енгізуде.
Оның арасында дрондардың тораптарын міндетті түрде бірегей цифрлық таңбалауды талап ету, ПҰА-лардың ұшу маршруттері мен өзге деректері жазылатын "қара жәшікті" енгізу және басқасы бар.
Заңнама бойынша Қазақстанда салмағы 250 грамнан асатын "пилотсыз ұшатын аппараттар", сондай-ақ камерамен не сенсормен жарақтандырылған аппараттар міндетті түрде тіркеуге қоюға жатады.
Қалалардағы кейбір мемлекеттік және стратегиялық нысандардың аумағында және жанында дрондарды қолдануға шектеу қойылған, ол үшін рұқсат алу қажет.
Депутат Бейсенбаевтың байламынша, бұл шаралар іс жүзінде жұмыс істемейді. Кез келген адам кез келген тұрмыстық техника, электроника, тіпті ойыншық дүкенінде ПҰА-ларды еш кедергісіз сатып ала алады.
Дүкен оның жаңа иесін арнайы жүйеде тіркеуге қоймайды. Қытайдан әкелінетін атышулы FPV дрондарға бақылау ақсап жатқан көрінеді. Өйткені бұл өнімдерді өндірушілер мен өткізушілер лицензияланбайды.
Мәселен, Қазақстанда қарапайым арақ-шарап өнімдерін сатып алу үшін мемлекеттен арнайы лицензия алу талап етіледі, алмағаны жазаланады. Ал, қазіргі алмағайып заманда лаңкестердің қаруына айналуы мүмкін дрондарды саудалау үшін мемлекеттің рұқсатын алу керек емес, тиісінше қатаң мемлекеттік бақылау, жауапкершілік жоқтың қасы. Бүгінде ПҰА-ларды қылмыскерлер есірткі тасуға жеге бастады.
Сол себепті бір топ Мәжіліс депутаты таяуда Үкіметке ұсыныс жолдап, салмағы 250 грамнан жоғары барлық аппарат үшін шетелдегідей Remote ID жүйесін енгізу бастамасын көтерді. Сондай-ақ олар беспилотник өндірушілерді лицензиялауды енгізуді және пилотсыз ұшатын аппараттардың басты тораптарын бірегей таңбалауға міндеттеуді сұрады.
Депутаттар мемлекеттің келісімінсіз және рұқсатынсыз дрондарды өз бетінше, заңсыз жинау және қару есебінде қолдану үшін әкімшілік және қылмыстық жазаны қатайтуға ниетті.
Парламентке жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Remote ID жүйесі елде онсыз да ендіріліп жатқанын жеткізді. Оның мәліметінше, 2011 жылғы 12 мамырда қабылданған (№506 ҚРК) "Әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына" екі жыл бұрын түзетулер енгізілді.
"Сол толықтыруларға сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап үш мегаполистің және облыстық маңызы бар қалалардың әкімшілік шекараларының әуе кеңістігінде ұшудың барлық түрін орындағанда, қашықтан сәйкестендіру-идентификациялау жүйесінің – Remote ID-дің міндетті түрде болуы және жұмыс істеуі жөніндегі талап күшіне енді. Бұл пилотсыз ұшу аппараттары аспанға көтерілгенде, оның бүкіл ұшу маршруті, оператордың орналасқан жері және тағы басқасы туралы ақпараттарды алуға мүмкіндік береді", – деп сендірді Бектенов.
Егер ПҰА-ның өзіне кіріктірілген Remote ID жүйесі болмаса, онда бұл жүйе орнатылатын арнайы модулді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Оны иесі жабдыққа өзі монтаждауы қажет.
Бұдан бөлек, Қазақстанда бұл модульді басқа пилотсыз ұшу аппараттарында заңсыз пайдалануды болғызбау үшін оның нөмірі әрбір пилотсыз ұшу аппаратының есепке қою туралы куәлігінде бекітілетін тәртіп қолданысқа енгізілді.
"Remote ID жүйесі нақты бір әуе кеңістігінде тәртіп бұзушы дрондарды анықтауға және қажет болса, оларға қарсы тұру құралдарын қолдануға мүмкіндік береді. Бұл әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзудың алдын алу және азаматтар мен олардың мүлкіне залал келтірмеу үшін қажет", – деді Премьер-министр.
Бірақ ол бұзық мақсаттағы беспилотниктердің немен құлатып түсірілетінін, Қазақстанда оның қандай құралдары барын нақтыламады.
Тек "ҚР әуе кеңістігін бұзған әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидаларына" сәйкес, ПҰА-ларға қарсы ондай қару мен жауынгерлік техниканы қолданудың, сондай-ақ әуе кеңістігін бұзудың жолын кесудің құқығы мен құзыры Қорғаныс министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Мемлекеттік күзет қызметіне берілгенін нұсқады. Тиісінше, солар жауапты.
Үкімет басшысы пилотсыз ұшатын аппараттарды дамытуды қос қолдап қолдайды. Өйткені бұл Қазақстанның өркениет көшінен қалып қоймауы үшін өмірлік маңызды.
ПҰА саласын өркендету мақсатында Бектеновтың қол қоюымен, Үкімет 2025 жылғы 4 маусымда "Қазақстан Республикасының азаматтық пилотсыз авиациясын дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасын" бекітті.
Оның аясында мысалы, дрондарды басқару колледждерде, университтерде, тіпті мектептерде білім беру бағдарламаларына жаппай ендірілуі мүмкін. Сондай-ақ ПҰА-ларды жинайтын, өндіретін, басқаратын кадрлар даярлауға, бұл аппараттарды экономиканың әр саласында қолдану аясын кеңейтуге, оны өндірушілерді мемлекеттік қолдауға және ынталандыруға мән беріледі.
Құжатта, Премьердің мәліметінше, жауапкершілікті қатаңдату және ПҰА қауіптерін бейтараптандыру жөніндегі іс-шаралар да көзделген. Ал, ПҰА өндірушілерді лицензиялауға қатысты депутаттардың бастамасын Үкімет құптай қоймады. Дегенмен, таңбалауға келіседі.
"Әлгі аталған арнайы тұжырымдама аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүдделі меморгандармен бірлесіп, "Ерекше тауарларды бақылау туралы" заңға сәйкес, Қазақстан аумағына әкелу кезінде ПҰА-ны таңбалау мәселесін пысықтау жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстың қорытындысында заңсыз айналымды болғызбау және шығарылған жерінің қадағалануын қамтамасыз ету үшін ПҰА-ларды таңбалауға қойылатын бірыңғай техникалық талаптарды әзірлеу жоспарланған", – деді Олжас Бектенов.
Бұған қоса, Қорғаныс министрлігі ПҰА-лардың ұшуын реттеу мен бақылауды қамтамасыз ету мақсатында:
· UFZ (облыстық және республикалық маңызы бар қалалар аумағының үстінен ПҰА ұшуына арналған арнайы аймақтар),
· UARU (мемлекеттік күзетке жататын объектілердің үстінен ұшуын шектеу аймақтары) аймақтарын белгілеу бойынша жұмысты жалғастыруда.
Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда пилотсыз ұшатын аппараттарды заңсыз пайдаланғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 563-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілік көзделген. Соның ішінде жеке тұлғаларға 10 АЕК (39 320 теңге), лауазымды тұлғаларға 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салынады. Егер жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзса, аппарат тәркіленеді және жеке тұлғалар – 15 АЕК (58 980 теңге), лауазымды тұлғалар – 25 АЕК (98 300 теңге) айыппұл арқалайды.