Сол жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов биылдан бастап Қазақстан тақтатас мұнайын өндіре бастайтынын жария етті. Құрамы кәдімгі мұнаймен бірдей, алайда өндірілу тәсілі мүлде басқа "қара алтын" елімізге пайда бере ме?
Қазақстанда бұл мұнайдың қоры көп емес
Жалпы, біз білетін қарапайым мұнай мен тақтатас мұнайы – құрамы бірдей "қара алтын", ерекшелігі өндіру тәсілінде ғана. Кәдімгі мұнай жер астындағы үлкен "қоймаларда" жатады, оны тік ұңғымамен тарта береді. Ал тақтатас мұнайы тығыз жер қыртыстарында сақталады. Оны тігінен емес, көлденең бұрғылайды, гидравликалық жарылыстар арқылы "сығып" алады. Оның үстіне тастарды үгітіп, мұнайды жер бетіне шығару үшін химикаттар араласқан бірнеше млн литр су айдайды. Яғни, оңай жұмыс емес.
Тақтатас мұнайын қазір әлемде нәтижелі түрде өндіріп жатқан бірден бір ел – АҚШ. Күніне орта есеппен 13 млн баррель мұнай өндірсе, соның 70 пайызы тақтатас мұнайының үлесінде. Аталған өндірісті Америка 2008 жылдардан бастап күшейте бастады. Оған дейін дәстүрлі мұнайдың өндірісі көп еді.
Айтпақшы, АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының дерегіне сенсек, дүниежүзінде 345 млрд баррель тақтатас мұнайының қоры бар. Бірінші орында Ресей (75 млрд баррель) тұрса, екінші – АҚШ (58 млрд), үшінші орында – Қытай (32 млрд). Ал Қазақстанда тақтатас мұнайының қанша қоры бар екені белгісіз. Энергетика министрлігінің мәліметінше, әзірге табылып отырғаны – Ұлытау мен Қызылорда облысының аумағында жатқан Қарағансай кенішінде, 56,4 млн тонна бар. Бұл мөлшер қатты көп емес, өйткені Қазақстанның жылдық мұнай өндірісі 90 млн тонна десек, соның 60 пайызындай болады.
Табысынан шығыны көп өндіріс
Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың сөзінше, тақтатас мұнайын өндіру қымбат әрі күрделі жұмыс. АҚШ технологияларын дамытудың арқасында ғана аталған өндірісті жеделдете алған.
– Бұл мұнайдың өзіндік құны бірнеше маңызды фактордан тұрады. Өндіріске кіріспес бұрын компаниялар геологиялық барлау мен лицензия алуға қаражат жұмсайды. Тақтатас мұнайын тапқаннан кейін оны өндіру тиімді ме, жоқ па – соны бағалайды. Өндірісті бастаған соң шығындарға ұңғыма бұрғылау және гидравликалық жару (фрекинг) технологиясы қосылады. Тығыз жыныстардан алу үшін көлденең ұңғымалар бұрғыланып, оған жоғары қысыммен химикаттар араласқан су айдалады. Бұл қымбат процесс, бір ұңғыманы бұрғылау бірнеше млн долларға түсуі мүмкін, – дейді ол.
Өндіріс кезінде компаниялар тұрақты шығындарға тап болады екен. Мысалы, ұңғымаларды күтіп ұстау, қызметкерлердің жалақысын төлеу, химикаттар мен электр энергиясын сатып алу қажет. Тасымалдау мәселесі және бар. Көптеген тақтатас кен орындары ірі мұнай құбырларынан алыс жерде орналасқан, сондықтан мұнайды автоцистерналармен немесе теміржол арқылы тасымалдайды.
Оның үстіне тақтатас ұңғымалары тез таусылады. Бар-жоғы бірнеше жылдың ішінде олардың өнімділігі 70-90 пайызға төмендеуі мүмкін. Сондықтан өндіруді тұрақты деңгейде ұстау үшін компаниялар үнемі жаңа ұңғымалар бұрғылауы керек. Тұрақты түрде инвестиция тартып отыру оңай шаруа емес екені анық.
Осы тұста бір мысал келтірейік. 2010 жылы тақтатас мұнайын өндірудің өзіндік құны 1 барреліне 80 доллар болған. Ал 2023 жылғы есепте бағасы 40-50 долларға төмендеді. Бірақ жаңа кен орындарында шығын көрсеткіші 60 долларға жетеді. Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 75-76 доллар шамасында бағаланып тұр десек, табыс айтарлықтай көп болмайтынын байқаймыз. Керісінше, өндірілген мұнайды тасымалдау кезінде шығындар көбейіп кетуі мүмкін.
Кәдімгі мұнай өндіруде тәжірибеміз мол болғанымен, тақтатас "қара алтынын" өндіруде мүлде тәжірибеміз жоқ. Өндіріске басқа технология, арнаулы білім, жабдықтар мен өзгеше тәсілдер керек. Сарапшылардың ойынша, басты қиындық – гидравликалық жару әдісін меңгеру, онсыз тығыз жыныстардан мұнай өндіру мүмкін емес. Кәдімгі ұңғымалардан айырмашылығы, оларды үнемі бұрғылап отыру қажет. Бұл жұмыс қарқынының жоғары болуын, тиімді логистиканы талап етеді. Мысалы, АҚШ-та бұл процесс барынша автоматтандырылған, ал Қазақстанда мұндай жүйе әлі жолға қойылмады.
Тақтатас мұнайын өндіру үшін мұнай құбырлары мен пайдаланылған суды залалсыздандыруға арналған қуатты инфрақұрылым қажет. Қазір елде бұл инфрақұрылым толық қалыптаспаған. Егер оны дамытуға инвестиция салынбаса, өндіріс шығындары тым жоғары болып, жоба тиімсіз аяқталуы мүмкін екенін ешкім жасырмайды.
Жер сілкіністерін көбейтуі мүмкін
Аталған мұнайды өндірудің тиімсіз тұстары бұнымен бітпейді. Ендігі мәселе – экологиялық зардап. Жер қыртыстарынан мұнайды алу үшін миллиондаған литр су құм мен химикаттар араластырылып, айдалады. Осы кезде жер асты сулары ластанады. Сарапшы Асқар Исмаилов жаңа технологиялар мәселені шеше алмайтынын айтып отыр.
– Ұңғымалардағы қорғаныш қабаттары химикаттардың жер асты суларына өтуіне жол бермеуі керек, бірақ лас судың жер асты суларына араласып кеткен оқиғалар кездескен. Жер астына айдалған суды кәдеге жарату және қиын. Өйткені жарылыстан кейін жер бетіне мұнаймен қоса, ауыр металдар, радиоактивті элементтер араласқан сұйықтық шығады. Оны толық тазарту үлкен шығындарға соқтырады, сол себепті компаниялар көбіне бұл суды қайтадан жердің терең қабаттарына айдай салады. Мұндай әдіс жер сілкіністерін тудыруы мүмкін. АҚШ-та тақтатас мұнайын қарқынды өндіретін аймақтарда сейсмикалық белсенділіктің артқаны байқалған, – деді маман.
Мәселенің бір тиегі жарылыстарға да қатысты. Өйткені жыр қыртысын жарғанда үлкен жарықшақтар пайда болады. Мұнымен шектелмей, тақтатас мұнайын өндіру кезінде метан газы бөлінеді. Ол көмірқышқыл газына қарағанда жаһандық климаттың өзгеруіне әлдеқайда күшті әсер ететін парниктік газ. Бақылау қатаң жүргізілгеннің өзінде, газ атмосфераға тарайды.
Қорыта айтқанда, өндіріс процесіне биліктің қатаң бақылауы керек. Алайда көп жағдайда бұл жоспардағыдай іске аса бермейтінін бәріміз білеміз. Нәтижесінде, компаниялар жасырын түрде экологиялық зардаптарға соқтыратын әрекеттерге баруы мүмкін.