Мәселен, Ұлттық статистика бюросы еліміздің сыртқы сауда айналымы биыл алғашқы 5 айда 56,3 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның жартысынан көбі, 30,4 млрд доллары экспорт еншісінде.
Бұған қарап, Қазақстанның экономикалық стратегиясында негізгі бағыт ретінде қарастырылған экспортты дамыту ісі аз да болса ілгері басып жатқанын байқаймыз. Дегенмен осы тақырыпқа қатысты теріс көзқарастар бары жасырын емес. Көпшілік елімізді тек мұнай, металл, көмірді шикізат күйінде жөнелтетінін алға тартады. Яғни өндірістің жолға қойылмағанын айтушылар бар. Әрине, бұл пікірдің де өз шындығы бар. Бірақ кейінгі деректерді қарасақ, Қазақстан шикізатқа жатпайтын өнімдерді экспорттай бастаған.
Мысалы, жануар және өсімдік тектес өнімдер, сондай-ақ дайын азық-түлік тауарларының экспорты бір жыл ішінде 35,6%-ға өсіп, биыл алғашқы 5 айда 3,6 млрд долларға жеткен. Саланың жалпы экспорттағы үлесі 9%-дан 12%-ға дейін көбейді. Металдар мен олардан жасалған бұйымдардың экспорты да айтарлықтай өсті. Бұл санатты да шикізатқа жатпайтын экспорттың бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Аталған өнімдердің экспорты 22,6%-ға артып, 5 млрд долларға жуықтады. Нәтижесінде олардың экспорт құрылымындағы үлесі 13,6%-дан 16,4%-ға дейін өскен.
Химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының, соның ішінде каучук пен пластмассалардың өнімдерінің де экспорты артты. Қаңтар-мамыр айларында Қазақстан мұндай өнімдерді 1,9 млрд долларға экспорттады. Тағы 1,2 млрд доллар машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттарға тиесілі.
Бір қызығы, бұрын елеусіз көрінген шағын өнеркәсіптердің өзі ерекше динамика байқата бастады. Мәселен, тоқыма және тоқыма бұйымдарының экспорты 37,8%-ға өсіп, 174,2 млн долларды құрады. Аяқ киім, бас киім және галантерея бұйымдарының жеткізілімі 12,9%-ға артып, 18,3 млн долларға жеткен. Құрылыс тауарларының экспорты 3,6%-ға өсіп, 41,3 млн долларға барды.
Дегенмен шикізатқа жатпайтын өнімдердің экспорты текке өсіп жатпағанын ескерте кетейік. Ашығын айтқанда, мемлекет бұл шараға көптеген қолдау көрсетіп отыр. Негізгі басымдық қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыруға бағытталған. Қаржыландырудан бастап, инвестициялық бағдарламалар арқылы өндірісті ынталантыру, маркетингтік сүйемелдеу, экспорттық талдау, инфрақұрылым және логистика сияқты дамыту шаралары жетерлік.
Бұл жүйеде негізгі рөлді "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" атқарады. Әуелде құрылғанда да басты міндеті шикізатқа жатпайтын тауарлардың экспортын дамыту болатын. Агенттік тек қаржылық қолдау көрсетумен шектелмейді, экспорттық мәмілер жасасып, саудада қазақстандық тараптың мүддесін соғады. Тіпті, қатерлерді де алдын ала болжап, сақтандыру жасайды.
Ең негізгі тетік – экспорттық кредиттік сақтандыру. Осы арқылы қазақстандық компания міндеттерді орындай алмай, қатерге ұрынып жатса немесе саяси себептермен жеткізу ісі тоқтап қалса, залалдың 80 пайызға дейінгі мөлшері өтеледі. Енді ғана жаңа нарықтарға шығып жатқан компанияларға бұл үлкен көмек.
Сөзіміз дәлелсіз болмасын, биыл алғашқы 6 айдың қорытындысы бойынша агенттік отандық өңдеу секторы экспорттаушыларына 418,5 млрд теңге қолдау көрсеткен. Жартысынан көбін шағын және орта бизнес өкілдері алған. Оның 55,3 млрд теңгесі экспорт алдындағы және сауданы қаржыландыруға бағытталған. Ал қаржылай қолдау көрген компаниялардың саны 69-ға жетіпті.
Қазақстанның Даму Банкі жанындағы Аналитикалық порталдың дерегінше, 2025 жылы шикізатқа жатпайтын экспорт көлемі 31,2 млрд долларды құраған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 17,5 млрд доллар ғана болғанын ескерсек, 5 жыл ішінде 78% өсім тіркеліп отыр. Ал осы кезеңде елдің жалпы экспорты шамамен 65%-ға артқан. Осыдан-ақ еліміз шикізат ғана экспорттайтын дағдыдан ақырындап арылып, өңделген өнімдер жеткізуге көшіп жатқанын аңғарамыз.
Осы тұста ел экспортының географиялық картасы да кеңейіп жатқанын тілге тиек етейік. Бүгінде шикізатқа жатпайтын тауарларды әлемнің 100-ге жуық еліне жеткізіп отырмыз. Мысалы, былтыр Қытай 8,1 млрд долларға өңделген қазақстандық тауарларды сатып алған. Екінші орында Ресей (6,9 млрд доллар), Үшінші орында Өзбекстан (3,2 млрд доллар). Бұдан кейін Түркия (2,2 млрд доллар) мен Қырғызстан (1,4 млрд доллар) жайғасқан. Алғашқы ондықта Тәжікстан, Ұлыбритания, АҚШ, Ауғанстан мен Жапония да бар.
Қалай алғанда да, бұл салада қуануға болатын жетістіктер мол. Жай бірретік шара емес, ауқымды үдеріс ретінде қабылдауға болады. Тек игі іс әрі қарай жалғасып, көрсеткіштер жыл сайын еселене берсе дейміз.