Қазақстан құрамасы 2026 жылы Дакар қаласында өтетін жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына спорттың 11 түрі бойынша қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда ел қоржынына 18 спортшыға арналған жолдама бар.
Жолдамалар таеквондо, жағажай волейболы, тас жолдағы велоспорт, триатлон, семсерлесу, брейкинг, бокс, дзюдо, жүзу, спорттық гимнастика және жеңіл атлетика бойынша берілді.
Айта кетейік, бұл жолдамалар әзірге нақты спортшылардың атына бекітілмеген. Қатысушылар тізімі ұлттық федерациялар растағаннан кейін анықталады. Жолдамаларды бөлу Халықаралық Олимпиадалық комитет пен халықаралық федерациялар арқылы жүргізілуде және 23 мамырға дейін жалғасады.
Дакар-2026 жарысында әлемнің түкпір-түкпірінен келген 2700 жас спортшы 25 спорт түрі бойынша сынға түседі. Ойындар Африканың үш қаласында – Дакар, Диамниадио және Сали қалаларында өтеді.