Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, қытайлық компания жаңа қорларды табуға көмектсіп, жүздеген миллион теңге инвестиция салмақ.
Атап айтсақ, қытайлық Central Asia Kaisheng Minerals & Energy International Group Ltd. компаниясы биыл барлау жүргізуге арналған екі лицензия алған. Осы құжаттар аясында компания алты жылдық мерзім ішінде кемінде 275 млн теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Енді екі инвесторға барланған жер қойнауында қанша алтын қоры бар екенін әлі анықтау қажет.
Ведомствоның мәліметінше, әзірге "Перспективный-2" учаскесіндегі пайдалы қазбалардың қорлары мен болжамды ресурстары туралы ақпарат жоқ. Олардың көлемін тиісті геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, сынамаларды зерттеу нәтижелері алынып, минералдану фактісі расталғаннан кейін ғана анықтауға болады. Бұдан соң мәліметтер белгіленген тәртіппен мемлекеттік есепке енгізіледі. Бұған қоса, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша Ақмола облысының аумағында құрамында алтыны бар кендерді барлаумен үш жер қойнауын пайдаланушы айналысып жатыр екен.
Айтпақшы, бұған дейін Қазақстан алтын қорын үздіксіз арттырып жатқанын жазған едік. 2025 жылдың шілдесінде елдің бағалы металл қоры 298 тонна болса, өткен айда 66,4 млрд долларға тең 386 тоннаға жетті. Кейінгі 1 жылда алтын-валюта резерві 16 млрд долларға өсіпті. Ал кейінгі 3 жылда 2 есеге артқан. Еліміздің алтын қорына мұнша зер салуына не әсер етті? Сатып алу қарқыны тіпті халықаралық ұйымдардың да назарын аударған еді. Сөйтсек, себепсіз емес екен. Қаржыгер Ғимран Абдрахманов алтын қоры мемлекеттің экономикасында қауіпсіздік тетігі секілді рөл атқаратынын, қажет жағдайда инфляцияны төмендетуге де ықпал ететінін айтқан.
"Алтын қорының артуы ең алдымен елдің тұрақтылығы мен қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалады. Ол инфляцияны төмендету мен экономикалық қауіптерге қарсы "қауіпсіздік жастығы" іспетті дүние, яғни, алтын экономиканың құбылмалы кезеңдерінде ең сенімді актив болып қала береді. Еуро мен доллар валютасы тұрақты есептелгенімен, алтын барлық кезеңде сенімді және қауіпсіз құрал саналады. Себебі экономиканың циклдік сипаты кезінде компания акциялары, валюталар және басқа активтер құбылып тұрады. Тіпті өзіміздің теңгеміздің де тұрақсыз екенін көріп отырмыз. Сол себепті, алтын резервін жүйелі түрде толықтырып отыру – ең дұрыс әрі тиімді қадам, – дейді сарапшы.
Дей тұрғанмен, жақында Қазақстанның алтынға қатысты позициясынан өзгерістерді байқадық. Ұлттық банк халықаралық резервтегі алтын үлесін төмендетіп, оны сатуға көшуді жоспарлап отыр екен. Бас банк жыл соңына дейін алтынның резервіндегі үлесін шамамен 3 пайызға қысқартып, 75 пайыз деңгейінде сақтамақ. Бұны басқа емес, жаһанға белгілі басылым Bloomberg хабарлады.
Бұл шешімге АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің артуы мен доллардың тартымдылығы, сондай-ақ резервтерді қайта теңгерімдеу қажеттігі себеп болыпты. Жоғарыда айтқанымыздай, осыған дейін Қазақстан әлемдегі ең ірі алтын сатып алушылардың бірі болып келген. Алайда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, қазір алтынның резервтегі үлесі 78 пайызға жуықтап, тым жоғары деңгейге жеткен. Енді қайта төмендету қажет.
Қыркүйек айының соңында шетел валютасындағы резерв 66,4 млрд долларды құрап, Ұлттық банктің алтын қоры 386 тоннаға дейін өскен. Мұндай көрсеткіш активтердің бір ғана түріне тәуелді болып қалу қаупін тудыратындықтан, халықаралық резервтердің өтімділігін сақтау үшін қайта теңгерімдеу қажет болып отыр. Демек, шешімге қарасақ, Қазақстан түрлі активтердің ішінен алтынды тым молайтып сатып ала берген.
Алтын үлесін 75 пайызға дейін төмендету жоспарының жартысы опциондарды сату арқылы, ал қалған жартысы нақты, яғни, алтынды заттай сату есебінен жүзеге асырылады. Егер бағалы металдың бағасы бір унция үшін 4 000 доллардан төмен түссе, алтын үлесі көзделген деңгейге автоматты түрде азаюы мүмкін. Дегенмен ондаған жылдар бойы тұрақтылығымен ғана емес, үздіксіз өсімімен ерекшеленген бағалы металдың құны арзандай қоярына сенім аз.