Қазақстан Asian Junior Championships турнирін рекордпен аяқтады

1646

Ташкентте жастар, жасөспірімдер мен қыздар арасында ауыр атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Бекболат Рахат жаңа Әлем рекордын орнатты.

Қазақстан Asian Junior Championships турнирін рекордпен аяқтады

Құрлықтық біріншілікте өнер көрсеткен жасөспірімдердің  жетістігі жайлы бұл ақпаратты Қазақстан ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Қызылорда ауыр атлетика мектебінің шәкірті Бекболат Рахат 102 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, қоссайыс бойынша 356 ұпай (158 кг жұлқа көтеруден + 198 кг серпе көтеруден) жинады. Ол басты қарсыласынан 14 келі артық салмақты бағындырды.

Дәл осы салмақ дәрежесі бойынша Иран өкілі Аболфази Хакнура 342 (154+188) ұпай жинап екінші орынға ие болса, ал өзбекстандық Әзімджон Ходжиев 333 келі (152+181) салмақты бағындырып, үздік үштіктің қатарына ілікті. Қазақстандықтың көрсеткен нәтижесі бірден екі салмақ дәрежесі – 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер және 20 жасқа дейінгі жастар санаты  бойынша үздік деп танылып, отандасымыз бірден екі алтын медальға ие болды.

Бұдан бөлек Бекболат құрлықтық біріншілікте жасөспірімдер арасында серпе көтеруден әлемдік рекорд орнатты. Ташкентте 10 қазақстандық спортшы өнер көрсетіп, олардың барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Қазақстан құрамасының қоржынында 9 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль бар.

Осыған дейін 96 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық Артем Антропов та жеңіс тұғырына көтеріліп, алтын медаль алған еді. Қарағанды ауыр атлетика мектебінің түлегі алты мүмкіндігін де сәтті аяқтап, қоссайыс бойынша барлығы 365 (155+210) келі салмақты бағындырды және басты қарсыласынан 19 келіні артық көтерді. Осы салмақ дәрежесі бойынша ирандық Хаджаванта Афшина Тахери 346 ұпаймен (160+186) 2-орынға ие болды. Сириялық Альгафер Эзеддин 333 (148+185) келі көтеріп, қола жүлдегер атанды.

Сонымен қатар чемпионатта қыздар арасында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған қазақстандық Карина Құзғанбаева қоссайыс бойынша 227 келі (101+126) салмақты бағындырып, алтыннан алқа тақты. Бұған дейін 81 келіден жоғары, яғни абсолютті ауыр салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсеткен Айсамал Сансызбаева 249 (109+140) ұпай жинап, жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионы атанды.  

Қазақстандық Сапи Есенкелді турнирде 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түсіп, барлығы 311 ұпаймен (134+177) қола жүлдеге қол жеткізді. 1-орынды 344 (156+188) ұпаймен өзбекстандық Сарварбек Зафарджонов жеңіп алса, тағы бір жарыс қожайыны Мухамадкодыр Тоштемиров 343 (161+182) келіні көтеріп, күміс медальға ие болды.

Сайхан Тайсуев та Қазақстан қоржынын алтын медальмен толықтырды. Ол біріншілікте 67 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, 299 (130+169) келіні бағындырды. 298 келіні көтерген Индонезия өкілі Мохамад Юсин 2-нәтиже көрсетсе, 281 келі көтерген Ким Сунджин үздік үштіктің қатарын толықтырды.  

Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық атлеттер 3 медальға ие болды. Абылай Әуелханов қоссайыста 227 ұпай (97+130) жинады. Ол 55 келі салмақ дәрежесі бойынша жастар санатында 2-нәтиже көрсетсе, ал жасөспірімдер санатында 3-орын иеленді. Қыздар арасында 64 келі салмақта Гүлнұр Ыбырай 198 ұпаймен (88+110) жеңімпаз атанды. Сонымен қатар ол жасөспірімдер санатында 2-орынға ие болды. 61 келі салмақта сынға түскен Сайрамкез Ақмолда қоссайыс бойынша 267 келі (117+150) салмақты бағындырып, қола жүлдегер атанды.

Жастар мен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия Чемпионаты 20-ақпан күні аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу