Биыл елімізде 19,1 млн тонна астық бастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млн тонна кем көрсеткіш.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше, нәтиженің нашарлауына ауа райының қолайсыздығы себеп болған.
"Қамбаға құйылған астықтың 9 миллионы ішкі нарыққа арналған. 8 миллион тоннасы экспортқа шығарылады. Ар жағында тағы 2 миллион тоннасы қалады. Бұған қоса былтырғы 1,5 млн тонна бидай бар. Бұл астық көлемі ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті деген сөз", – деді Сапархан Омаров
үкімет отырыстарының бірінде сөйлеген сөзінде.
Министр биыл нан бағасы қымбаттамайтынын мәлімдеді. Бірақ нарықта керісінше жағдай орын алды.
"Нан жыл басынан бері қымбаттап жатыр дегенмен келіспеймін. Өйткені жыл басында бағаны ұстап тұру үшін Азық-түлік корпорациясы нан пісіретін комбинаттарға 100 мың тонна астықты төмен бағамен сатты. Нанның бағасы содан бері тұрақты тұр", – деген болатын үкімет үйінде Сапархан Омаров.
Өздеріңіз білетіндей, бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалатын "әлеуметтік нан" қараша айына дейін ел аумағында 70 теңгеден сатылды.
Кейін нан бағасы күрт көтерілді. Мысалы Ақтөбеде - 87, Атырауда - 95, Өскеменде -100, Павлодарда -125 теңге болды.
Қарағанды облысында нан өндірумен айналысатын "АҚ НҰРА" ЖШС директоры Виктор Беренттің пікірінше, биыл 19,1 млн тонна астық жиналды дегенге күмәнсіз сенуге болмайды. Себебі ауыл шаруашылығы министрлігі қырман басынан жедел ақпарат жинамайды. Министрлікке мәліметті түрлі деңгейдегі басқармалар жібереді. Олардың көрсеткішті еселеп, көбейтіп жіберетін әдеті бар.
"Қазақстан астық өңдеушілер одағы" ЗТБ президенті Евгения Гана Қазақстан астық экспортындағы көшбасшылығын жоғалтып жатқанын айтады.
Оның сөзінше, үкімет отандық экспортерлердің құқығын тиісінше қорғамай отыр.
"Бұрын Тәжікстанға, Өзбекстанға ұн сататынбыз. Қазір бидай сатамыз. Ауғанстан ғана біздің ұнды тұтынып отыр. Олардың нарығына Пәкістан мен Өзбекстан да еніп алды. Бізде сауда саясаты жоқ. Сауданы алға ілгерілету, қорғау жағы кемшін", – деді Евгения Гана.
"Қазақстан астық өңдеушілер одағы" президентінің пікірінше, Өзбекстанда астықпен айналысатындарға, нан өнімдерін өндірушілерге барлық жағдай жасалған.
"Біздің шенеуніктер бидай бағасының қымбаттағанын місе тұтып отыр. Бар ойлары бидайды қымбат бағаға сатып, табыс табу. Бізге бидайды шикізат түрінде сатқан тиімсіз. Оны ұн немесе ұн өнімі түрінде сату керек.
Бір жыл бұрын 3- сұрыпты бидай ішкі нарықта 49 мың теңгеден сатылды. Қазір 76,6-80,6 мың теңге аралығында саудаланып жатыр. Болашақта баға 100 мың теңгеге жетуі мүмкін деген болжам бар. Біз бидайдың бағасы қарап отыратын болсақ, ұтыламыз. Министрліктегілерге осыны түсіну қажет", – деді "Қазақстан астық өңдеушілер одағының" президенті.
Абылай Бейбарыс