Қазақстан Атом энергетикасы жөніндегі саммитке қатысты

323

Қазақстан делегациясын Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.    

Қазақстан Атом энергетикасы жөніндегі саммитке қатысты Фото: Мәжіліс

Қазақстандық делегация Парижде өткен атом энергетикасы жөніндегі екінші бүкіләлемдік саммитке қатысты. Франция үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік бірлесіп ұйымдастырған форумға 50-ден астам елдің өкілдері, халықаралық ұйымдардың басшылары мен сала сарапшылары жиналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Еуропа атом энергетикасынан бас тарту "стратегиялық қателік" болғанын ресми түрде мойындаса, Қазақстан, керісінше, бейбіт атомды дамытуда, жаңа кезеңге қадам басты.

Іс-шараға Қазақстаннан Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев те қатысты.

Мәжіліс спикерін қарсы алған Эммануэль Макрон біздің Мемлекет басшысына жылы лебізін жеткізіп, Саммитке Қазақстан делегациясын жібергені үшін алғысын білдірді.

Форумды ашқан француз көшбасшысы ядролық энергетиканы қазіргі әлемдегі прогресстің, өркендеу мен егемендіктің факторы деп атады. Оның ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инновациялық технологияларды енгізуге жол ашатынын айтты. Эммануэль Макрон Қазақстанға және уранның сенімді жеткізушілері саналатын бірнеше елге қолдау білдіріп, Саммит қатысушыларын бейбіт атом саласында мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропаның азаматтық ядролық энергетикадан бас тартуын ең үлкен стратегиялық қателік деді. Осыны түсіне отырып, Еуропалық Одақ инновациялық ядролық технологияларға салынатын инвестицияларды қолдау үшін 200 миллион еуро көлемінде кепілдік қорын құру туралы шешім қабылдады.

Мәжіліс спикері өз сөзінде Франция басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Ол қауіпсіз әрі орнықты атом энергетикасын дамыту жолында халықаралық деңгейде күш-жігер жұмылдыру үшін іс-шараның маңызды екенін атап өтті, сондай-ақ бейбіт атомды дамыту бойынша елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ерлан Қошанов геосаяси тұрақсыздық пен хаос өршіген тұста бейбіт атомның қауіпсіздігі басты орынға шығатынын атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстан әрдайым барлық келіспеушіліктерді келіссөз арқылы шешуді қолдайды.

Сонымен қатар Палата спикері Қазақстан отыз жылдан астам уақыт бойы жаһандық ядролық қауіпсіздік архитектурасын дамытуға жүйелі түрде өзіндік үлесін қосып келе жатқанын айтты. Қазақстан Семей сынақ полигонын жауып, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты.

Жиында Мәжіліс төрағасы өнеркәсіпті, ғылым мен білімді біріктіретін ұлттық ядролық кластерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс туралы айтып берді. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастық аясында Қазақстан радио-фармацевтикалық препараттар өндіріс аясын кеңейтіп, заманауи диагностика мен емдеудің қолжетімділігін арттырып келеді. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы халықаралық зерттеу алаңына айналды.

Ерлан Қошанов Саммитке қатысушыларға алдағы уақытта да Қазақстан атом саласындағы саясатын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің стандарттарына сай құрып, ашықтықты, сенімділік пен серіктестікті нығайта түсетінін айтты. Ол Париж саммитінің Бірлескен декларациясын қабылдау бастамасын құптады, оны бейбіт атомды жаңғырту және дамыту бойынша жаһандық және ұлттық стратегияның маңызды бөлігі деп атады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу