Қазақстан әуежайларды жаппай сатуға шығарады

5576

Сонда мемлекет қолында қанша "әуе қақпасы" қалады? 

Қазақстан әуежайларды жаппай сатуға шығарады Фото: inbusiness.kz

Ел Үкіметі 2023–2025 жылдары жекешелендірілетін әуежайлардың тізімін жариялады. Бұл туралы ақпарат Рrivatization.gosreestr.kz порталында орналастырылған, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Жалпы саны 7 әуежай мемлекет меншігінен шығарылуы мүмкін.

2023 жылғы қарашада Абай облысының орталығы Семейдің әуе қақпасы жекенің қолына көшпек: ол кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беріледі. Қазір "Семей халықаралық әуежайы" ЖШС "Ертiс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, яғни квазимемлекеттік сектордың иелігінде.

Әуежайда сатуға даярлық жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан объектінің алдын ала бағасы да белгісіз. Оның құны тек 2023 жылдың тамызында анықталады. Семей әуежайы 1983 жылғы ақпанда іске қосылған. Қос қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3 500 шаршы метрді құрайды. Соның ішінде жолаушылар терминалы 2 448 шаршы метр ғана.

"Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы" АҚ-ының жүз пайыз акциясының саудасын 2024 жылдың қараша айында ұйымдастыру көзделген. Бұл активтің бағасы да көрсетілмеген, ол 2024 жылғы мамырда толыққанды белгілі болады. Әуежайда қазіргі кезеңде жекешелендіруге дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл әзірге Атырау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігі саналады: оған әкімдіктің Қаржы басқармасы қожалық етеді. Аудиторлық есепке жүгінсек, пандемия жолаушылар тасымалына тоқтау салған 2020 жылы әуежайдың шығыны 31,2 миллионн теңгеге жетті, ал 2021 жылды компания 219,6 миллион теңге табыспен аяқтады.

2023 жылғы қыркүйекте "АТМА – Атырау әуежайы және тасымал" АҚ жеке секторға тапсырылады. Ол әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның меншігі болып табылады. Онда саудаға дайындау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

"Қостанай халықаралық әуежайы" да 2024 жылдың қарашасында сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға табысталады деп бекітілді. Ол да бүгінде коммуналдық меншік және Қостанай облысының Қаржы басқармасының балансында тұр. Онда сауда алдындағы даярлық жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан әуежайдың бағалаулық құны 2024 жылғы тамызда айқындалады.

Жалпы, аталған объект бұған дейін бірнеше рет аукционға шығарылған, бірақ барлығында да сауда өтпеді деп танылды. Соңғы рет қостанайлық әуежайды жекешелендіру талабы 2018 жылғы 15 ақпанда жасалды. Бірақ онда сауда басталғанша, gosreestr.kz порталы арқылы бір ғана өтініш түсіпті. Тендердің ықтимал қатысушыларын аукцион шарттары қызықтырмаса керек: сауда 862,1 миллион теңгеден басталып, жоғарылауға тиіс еді. Додаға қатысу үшін алдымен 129,3 млн теңге кепіл жарнасын енгізу сұралды. Сауда-саттық қорытындысында, жеңімпаз компания 2018 жылғы ақпаннан бастап, әуежайды алдымен 4 жылға сенімгерлік басқаруға алып, содан кейін ғана толық сатып ала алатын. Осы төртжылдық кезеңде жаңа қожайын жолаушылардың көнерген терминалын жөндеуге тиіс болды. Бұл – жұмыстың басы ғана: объектіні бағалау есебінде "Қостанай қаласының әуежайы реконструкцияны керек етеді" деп көрсетілген. Ал бұл әлдеқайда көп инвестиция салуды қажет етеді. Бағалаушылар әуежайдың құрылыстары негізінен 1980-шы жылдардан бері пайдаланылып келе жатқанына назар аудартады.

"Әуежайдың келесі объектілері күрделі жөндеуді немесе қайта қалпына келтіруді талап етеді: мұнай өнімдеріне арналған алаңдар, ұшып келген ұшақтар аялдамасы, май қоймасы, резервуар, авиатехникалық-эксплуатациялық бөлімнің газ алаңы (АТЭБГА), АТЭБГА шығару бұру-жылжу жолы (выводная рулежная дорожка АВИАТЭЧ). Ұшу-қону жолағының жай-күйі – қанағаттанарлық жағдайда. Келу залы және багаж беру залы – жақсы жағдайда", – деп жазылған есепте.

Аудиторлардың есебіне сенсек, бұл активтің әкелетін табысы көп емес көрінеді: шағын дәмхана деңгейінде ғана. 2020 жылы әуе қақпасы мемлекетке 67,6 млн теңге шығын әкелген. Ал барлық карантин жойылып, жолаушылар сапары мен жүк тасымалы қалпына келген 2021 жылы компания 24,4 млн теңге ғана табыс тауыпты.

2024 жылғы қарашада "Өскемен әуежайы" жекешелендіру толқынына тасталады. Бүгінде сатуалды дайындығы жүргізіліп жатыр. Объектінің бағалау құны 2024 жылғы тамызда жария етіледі. Аудиторлық есептің мәліметінше, соңғы 2 жылда өскемендік әуе қақпасының қызметі шығынды болды: 2020 жылы 242,8 млн теңге, 2021 жылы – 47,2 млн теңге шығын шеккен. Өйткені одан жолаушылар көп жаққа сапарлай алмайды. Мысалы, бүгін бұл әуе портынан тек Алматыға, Астанаға, Қарағандыға, Семейге және Зайсанға ұшуға мүмкіндік бар. Семей әуежайы сияқты бұл әуежай да "Ертiс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының меншігінде тұр.

"Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайының" 100 пайыз үлесін 2024 жылдың желтоқсанында сату құқығымен сенімгерлік басқаруға беру жолымен жекенің қолына беру жоспарланған. Бағалау құны 2024 жылғы шілдеде мәлім болады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіндегі бұл мүлік бұған дейін бірнеше рет саудаға қойылып, қоғамның және Парламент депутаттарының қатаң сынынан соң кейінге ысырылды. Әйтпесе, әкімқаралар тарапынан 7,3 миллиард теңгеге тездетіп өткізіп жіберуге зор ұмтылыс болған. Бірінші сауданы 2021 жылғы қыркүйекте өткізу жоспарланды. Тоғыз жолдың тобында тұрған, халықаралық хаб саналатын табысты әуежайдың тым арзан бағаланғаны қатаң сынға ұшырағандықтан, сауда тоқтатылды. 

Сол кезде Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Руслан Хамбаров әуежайдың мүлкін бағалауға қайталама сараптама жүргізілетінін хабарлады. Бірақ бағалаушылар палатасы бұрынғы бағаның дұрыстығына табандапты. Нәтижесінде, 2021 жылғы 30 қарашада әуежай қайта сатылымға шығарылды: бастапқы бағасы 7,3 млрд теңге мөлшерінде қалды. Бұл ретте қатысушылардан бірден 1 млрд теңге кепіл жарнасын енгізу талап етілді. Ақыры сауда басталған күні gosreestr.kz порталында бірде бір қатысушы өтінім жолдамағаны әшкере болды. Бәлкім, оларды қоғамдық резонанс үркіткен шығар.  

Оның үстіне ескі әуежай күресінге жіберіліп, орнына қаладан алыстау жерде жаңасы тұрғызылуы мүмкін. Бұл туралы 2022 жылғы сәуірде Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров хабарлады. Себебі шаһар қарқынды түрде кеңейіп, жаңа құрылыстар "Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайының" іргесіне таяп қалды.  

"Әуежай қаладан қашықтау жерге көшіріледі. Әрине, бұл процесс бүгін, ертең шешілмейді. Қазір біз қаржыландыру мәселесін шешіп жатырмыз. Инвестор шақырамыз. Барлық құрылыс нормалары мен ережелері бойынша қазіргі әуежай талаптарға сай келмейді. Сол себепті әуежайды Маржанбұлақ кентіне қарай көшіру жоспарланып отыр", – деген еді әкім.

2024 жылғы желтоқсанда "Павлодар әуежайы" мемлекеттік меншік қатарынан шығарылады деп жоспарлануда. Онда саудаалды дайындық жұмыстары басталып та кетті. Бағасы 2024 жылғы қыркүйекте жарияланады. Аудиторлық есепке жүгінсек, 2020 жылы нысан 175,4 млн теңге, ал былтырғы 2021 жылы – 204,8 млн теңге шығынға отырды. Әуежай әзірге Павлодар облысының Қаржы басқармасы меншігінде.

"Шымкент әуежайы" АҚ-ын шымқаланың әкімдігі 2025 жылғы желтоқсанда сатып болуы қажет. Бұл коммуналдық меншік дайындық жұмыстарынан өтіп, саудаға қойылды.  

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 20 әуежай жұмыс істейді. Соның ішінде 12-сі – мемлекеттік, 6-ауы – жеке. Тағы 2 әуежай сенімгерлік басқаруда. Сондай-ақ 6 тікұшақ айлағы бар. Егер жеті әуежай жекешелендірілсе, мемлекет қолында 5 әуе қақпасы ғана қалмақ.

Республикада 18 әуежайға халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Солар ғана Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сай келеді.

Астана және Алматы қалаларының әуежайлары – ИАТА IIIA және IIIB санаттарына, Атырау қаласының әуежайы – II санатына, қалған қалалардың әуежайлары – I санатына жатады. Бұл жерде бір дегеніміз шың басы емес: халықаралық ұйымның бағалауы қонақүйлердің жұлдызына көбірек ұқсайды, яғни дәрежесі неғұрлым жоғары болса, саны да көп болады.

Қазақстанның әуежайлары негізінен Еуропаны Азиямен және Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыстыратын әуе трассаларының өту жолында орналасқан. Ендеше ұқсата білсе, қалауын тапса, табысты хабқа айнала алады. Халықаралық әуе қатынастарын кеңейтудің және қазақстандық авиакомпаниялардың таяу, алыс шетелдерге ұшуын ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар.

ИАТА дерегінше, Қазақстан аумағы арқылы 70-тен астам халықаралық әуе дәлізі өтеді.

Осы әлеуетті пайдалану үшін Үкімет Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей және Түркістан қалаларының 12 әуежайында авиакомпаниялар үшін рейстер саны бойынша барлық шектеулерді алып тастады. Шетелдік авиакомпанияларға бағыттар бойынша "әуе еркіндігінің" бесінші дәрежесін беруді көздейтін "ашық аспан" режимі қолданылады.

Алайда бұл саланың қарқынды дамуына ықпал ете алмады. Себебі белгілі: әуе тасымалы тек ашық аспанмен байланысты емес. Оның жердегі қызметі қуатты, жан-жақты әрі арзан болуы шарт. Оны қамтамасыз ете алмаған соң, мысалы, қазақстандық әуежайлар құятын авиаотын тым қымбат болғандықтан, шетелдік тасымалдаушылар Өзбекстан мен Әзербайжан әуежайларына қонуды жөн көреді.

Бұл проблема тек әуежай басшыларының пайдақорлығынан туындамаған. Қазақстанда авиакеросинге деген жылдық қажеттілік 1 млн тоннадан асады. Ал отандық 3 мұнай өңдеу зауыты жылына 700 мың тоннасын ғана шығарады. Оның өзінде біраз бөлігін шетелге экспорттайды.

"Қазақстанның қолайлы орналасуының арқасында көптеген әуежайларымыз біртіндеп халықаралық авиатасымалдар жүйесіне интеграциялануда. Алайда интеграциялық процестердің қарқыны ары қарай үдетуді қажет етеді. Әуежайлар желісінің қауіпсіздігі мен тиімділігі олардың жердегі инфрақұрылымының жағдайына байланысты. Қазақстандық әуежайлардың проблемалары көп. Біріншідщен, олардағы әуеайлақты ұстауға, әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсетуге, әуежайлардың едәуір санының ұшуын апаттық-құтқару қамтамасыз етуге арналған жабдықтар мен техникалық құралдар ескірген. Бұл барлығына дерлік тән. Ұшу-қону жолағының проблемалары Астана, Алматы, Ақтөбе, Боралдай, Жезқазған, Зайсан, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Ақтау әуежайларында бар",  – деп түсіндірді министрлік.

Екіншіден, білікті персоналдың жетіспеушілігі проблемасы өткір тұр. Әсіресе, әуеайлақ қызметінің, ұшуды электр-жарық техникалық қамтамасыз ету қызметінің, жанар-жағармай материалдары қызметінің, ұшуды авариялық-құтқару қамтамасыз етудің басшы және инженерлік-техникалық персоналы тапшы.

Үшіншіден, халық саны аз болғандықтан, әрі халықаралық рейстер дамымағандықтан жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудың көлемі төмен. Салдарынан, әуежайлардың үлкен бөлігі шығынды.

Салыстырсақ, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының жыл сайынғы көлемі шамамен 7–8 миллион тоннаны құрайды. Соның ішінде 2021 жылдың қорытындысында, қазақстандық әуежайларда жалпы жиынтығында небары 130 мың тонна жүк өңделген. Бұл біз ортасында отырған азиялық бағыт нарығының шамамен 1,6%-ы ғана.

Әуежайларды жекешелендіру мерзімдерінің негізінен 2024 жылға ысырылуы да осы аталған мәселелерді шешу талабымен байланысты. Егер әуежайларымыз арқылы халықаралық рейстер саны өссе, жолаушылар және жүк тасымалы артса, онда әділ бағалаушылар оларды қымбатырақ құндар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу