Қазақстан авиациясында жаңа отын түрі енгізілуі мүмкін

108

Астанада Қазақстанды авиациялық отынмен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан авиациясында жаңа отын түрі енгізілуі мүмкін Фото: ЖИ

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде "Қазақстан Республикасын авиациялық отынмен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері" тақырыбында салалық воркшоп өтті. Іс-шара мемлекеттік органдардың, авиациялық отынмен қамтамасыз ету ұйымдарының, мұнай өңдеу саласының, әуежайлардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылардың басын қосты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Іс-шараны ашқан Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел:

"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі үшін ұшу қауіпсіздігі ең басты басымдық болып табылады. Отынның жаңа спецификациялары мен технологияларын енгізу сапаны тиімді қамтамасыз етумен, тиісті инфрақұрылыммен, құзыретті персоналмен және тәуекелдерді тиісті деңгейде басқарумен нығайтылуы тиіс. Біз авиациялық отынмен қамтамасыз ету жүйесін дамыту қауіпсіздікке нұқсан келтірмей, авиациялық секторымыздың өсуіне ықпал ететініне кепілдік беруіміз керек", – деп атап өтті.

Майкл Дэниел семинар жұмысын негізгі мемлекеттік міндеттермен ұштастыру қажеттігін баса айтты: халықаралық спецификацияларға сәйкес келетін жоғары сапалы авиациялық отынның болуын және үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету; саланы Jet A-1 маркалы авиациялық отынды кеңінен енгізуге дайындау; ұлттық стандарттарды қайта қарау және өзектендіру, бүкіл жеткізу тізбегі бойында отын сапасын бақылауды күшейту.

Іс-шараның негізгі тақырыбы Қазақстанның авиация саласын Jet A-1 авиациялық отынын қолдану аясын кеңейтуге дайындау болды. Қатысушылар ТС-1 және РТ авиациялық отын түрлерін өндіру жай-күйін, Jet A-1 отынын енгізу перспективаларын, ұлттық стандарттарды өзектендіруді және әуежай инфрақұрылымының осы отын түрін қолдануға дайындығын талқылады. Қатысушылар авиациялық отынның сапасын өндіруден, тасымалдаудан және сақтаудан бастап әуе кемелеріне тікелей құюға дейінгі барлық кезеңдерде қамтамасыз ету тақырыбына, сондай-ақ зертханалық бақылау, тәуекелдерді басқару және персоналды кәсіби даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар тұрақты авиациялық отынды (SAF) қолдану перспективалары мен авиациялық отынмен қамтамасыз ету саласындағы халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері қарастырылды.

Бұдан бөлек, қатысушылар авиациялық отынмен қамтамасыз ету саласындағы ҚР заңнамасының талаптарын, оның ішінде авиациялық отынның сапасына, оны сақтауға және әуе кемелеріне құюға қойылатын талаптарды сақтау, сондай-ақ белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік бөлігінде пікір алмасты.

ҚАӘ-нің қолдауымен "ORGANIC мұнай өнімдерін тәуелсіз сараптау орталығы" ЖШС ұйымдастырған воркшоп сала мамандарына тәжірибе алмасуға және Қазақстанды авиациялық отынмен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі алдағы қадамдарды талқылауға мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу