Биыл қазақстандық тұтынушылар Қызылордадағы жаңа жылу электр орталығы электр қуатының дайындығын қамтамасыз ету үшін 21,5 млрд теңге төлейді. Былтыр түркиялық Aksa Enerji компаниясы ЖЭО-ның құрылысын аяқтап салған. Бұл ақпаратты Энергетика министрлігі жанындағы электр энергиясының бірыңғай сатып алушысы – Есеп-айырысу-қаржы орталығының "2026 жылға арналған жүктемені көтеруге электр қуатының дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызмет бағасының есебі" атты материалынан көруге болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Aksa Enerji 2022 жылғы шілдеде маневрлік режимде жұмыс істейтін қуаты 240 МВт болатын жаңа бу-газ қондырғысын салу бойынша аукционда жеңіске жетті. Компания ҚҚС-сыз айына 1 МВт үшін 11 591 000 теңге көлемінде қуат бағасын ұсынып, құрылысты 2025 жылы аяқтау бойынша міндеттеме алған. Түркиялық компания мұны сәтті орындап шықты. Есеп-айырысу-қаржы орталығымен жасалған келісімшартқа сәйкес, инвесторға салынған қаржыны 15 жыл ішінде қуат нарығы арқылы қайтаруға мемлекеттік кепілдік беріледі.
Еске салайық, 2019 жылдан бері Қазақстанда қуат нарығы жұмыс істейді. Бұл нарық аясында аукциондарға қатысу немесе энергетика министрлігімен жасалған жеке инвестициялық келісімдер арқылы белгіленген төлем үлесін алған электр станциялары электр қуатын дайын күйде ұстау қызметі үшін немесе жаңғырту, қайта құру және жаңа қуат көздерін салу жобаларын аяқтағаны үшін төлем ала алады.
Осылайша қуат нарығы энергетика саласындағы инвестицияларды қайтару және ынталандыру тетігі болып саналады. Өйткені бұрын электр станцияларының тарифтері көбіне қазіргі шығындар мен инвестициялық бағдарламалармен ғана шектелген болатын. Ал елге алдағы жылдары коммуналдық дағдарыс пен блэкауттың алдын алу үшін энергетикалық активтерді жедел жаңарту қажет.
Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, былтыр Қызылордада қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы аяқталған. Алайда Есеп-айырысу-қаржы орталығының (ЕҚО) есебінде Aksa Enerji-ге 265 МВт үшін ай сайын ҚҚС-сыз 1 МВт-қа 11,6 млн теңге төленетіні көрсетілген. Егер KEGOC пен ЕҚО тарапынан жаңа ЖЭО-ға жыл ішіндегі қандай да бір іркілістер немесе апаттар үшін айыппұл салынбаған жағдайда, бұл 2026 жылы жалпы 21,5 млрд теңгені құрайды. Қуаттың 240 МВт-тан 265 МВт-қа артуының себебі белгісіз.
БАҚ дерегінше, Қызылордадағы бу-газ қондырғысының құны 215 млрд теңге деп бағаланған. Егер жыл сайынғы теңге индексациясын шамамен 10% инфляция деңгейінде есептесек, Aksa Enerji салған қаржысын 8-9 жылда қайтарып, қалған 6-7 жыл ішінде таза пайда табуы мүмкін. Бұл – өте жоғары рентабельділік, жаңартылатын энергия көздері деңгейіне жақын көрсеткіш.
Сонымен қатар Қызылорда ЖЭО электр энергиясы мен жылу сату арқылы да табыс табады. Бұл қызметтердің тарифтері алдағы уақытта өсе береді. Бұған дейін станция үшін электр энергиясының шекті тарифі ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 30,61 теңге деңгейінде белгіленуі мүмкін екені хабарланған. Бұл, негізінен, газдың көтерме бағасының қымбаттауымен байланысты.
2023 жылы Energy Monitor телеграм-арнасы "Неліктен түркиялық Aksa Energy Қазақстанда қуаты 250 МВт болатын электр станциясын 450 млн долларға, ал Өзбекстанда 400 МВт-ты 250 млн долларға салады?" деген сауал тастады. Арнаның мәліметінше, Қазақстанда компания капитал шығыны жоғары, бірақ пайдалану шығыны төмен бу-газ қондырғысын, ал Өзбекстанда арзан CAPEX-ті, бірақ қызмет көрсетуі қымбат газ-поршеньді қондырғы салуды жоспарлаған.
"Электр станциялары инвесторлардың қаражатына салынып, оған мемлекет кепілдік берген тариф арқылы қайтарым жасалады. Бұл ретте Өзбекстан түркиялық компанияға 25 жыл төлейді, ал Қазақстан – 15 жыл. Оның үстіне Қазақстанда тариф теңгемен бекітілген – айына 1 МВт үшін 11,6 млн теңге", – деп түсіндірді арна.
Жаңа станцияға Энергетика министрлігі шекті тариф белгілеп қойған, бұл оған электр энергиясын бірыңғай сатып алушы нарығында аса жоғары маржамен табыс табуға мүмкіндік бермейді. Себебі бұл нарықта электр станциялары арасында нақты бәсеке жоқ. Сол себепті түркиялық инвесторлар негізгі табысты дәл қуат нарығынан алуды көздеген болуы мүмкін. Осыған байланысты қуат тарифі қазақстандық тұтынушылар үшін айтарлықтай жоғары болып отыр, түптеп келгенде Қызылордадағы ЖЭО құрылысының құнын қарапайым азаматтар өз қалтасынан өтеуі мүмкін. Кейбір деректерге сәйкес, биыл қуат тарифі ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін шамамен 2,5 теңге болуы мүмкін.
Инвестициялық келісімдер сегменті
Егер Энергетика министрлігімен жасалған инвестициялық келісімдер негізінде бірқатар электр станциялары қуат нарығынан төлем алатын сегментке назар салсақ, оның көлемі 2025 жылға қарағанда біршама қысқарғанын байқауға болады. Мысалы, былтыр бұл сегменттің көлемі 36,6 млрд теңге болады деп жоспарланған болса, 2026 жылға болжам 32,7 млрд теңге деңгейінде.
Қуат нарығының осы бөлігіндегі станциялар құрамы өткен жылмен салыстырғанда аса өзгермеген. Тізімнен тек Ақтөбе ЖЭО ғана шығып қалған – ол 54 МВт қуаты үшін ҚҚС-сыз айына 1 МВт-қа 2 млн теңге алып келген. Оның орнына Текелі энергетикалық кешені (инвесткелісім) қосылды: 12,5 МВт үшін ҚҚС-сыз айына 1 МВт-қа 16,5 млн теңге.
Сонымен қатар, Мойнақ ГЭС-іне ("Самұрық-Энергоға" кіреді) төленетін қуат ақысы төмендетілген. Бұған дейін оның 298 МВт қуаты үшін ҚҚС-сыз айына 1 МВт-қа 2,6 млн теңге, яғни 2025 жылға 9,2 млрд теңге көзделсе, биыл айына 1 МВт-қа 1,9 млн теңге, яғни жылына 6,8 млрд теңге ғана бөлінген. Құжатта мұндай қаржыландырудың қысқару себебіне түсінік берілмеген.
Жалпы алғанда, инвестициялық келісімдері бар кейбір қатысушылар үшін төлем көлемі бұрынғы деңгейде сақталған. Атап айтқанда: Шардара ГЭС-і ("Самұрық-Энерго") – 61 МВт, айына 1 МВт-қа 3,9 млн теңге, жылына 2,8 млрд теңге; Атырау ЖЭО – 120 МВт, айына 1 МВт-қа 1,1 млн теңге, жылына 1,6 млрд теңге; Екібастұз ГРЭС-1 ("Самұрық-Энерго") – 476,6 МВт, айына 1 МВт-қа 1,2 млн теңге, жылына 6,9 млрд теңге. Ал Топар ГРЭС-інде (бұрынғы "Қазақмыс" акционерлеріне тиесілі) 118,6 МВт қуатқа айына 1 МВт үшін 7,5 млн теңге тариф, төлем көлемі 2,7 млрд теңгеге дейін төмендеген. Бұрын бұл көрсеткіш 8 млрд теңгеге дейін жеткен еді. Сонымен бірге, Kazakhmys Energy-ге аффилирленген ЖШС үшін керісінше төлем көлемі артқан: 43 МВт үшін айына 1 МВт-қа шамамен 5 млн теңге, жалпы төлем 2,6 млрд теңгеге жеткен. Былтыр – 1,3 млрд теңге.
Осы тұста айта кету керек, жуырда Курчатов ЖЭО-сын салу бойынша аукционның жеңімпазы белгілі болды. Ол – "ГРЭС Курчатов" ЖШС, оның құрылтайшысы бұрын "Қазақмыспен" аффилирленген тұлға болып саналады. Энергетикалық профициті бар солтүстік аймақта орналасқан шағын қалаға 700 МВт электр қуатының не үшін қажет болғаны әзір белгісіз. Бұл болашақ атом электр станциясын ядролық отынды қайта жүктеу кезінде сақтандыру үшін салынуы екіталай. Алайда, ол болашақ мыс балқыту зауытына арналған электр көзі болуы мүмкін. Бұл жағдайда электр энергиясын өндірудің бір бөлігін қазақстандық тұтынушылар іс жүзінде өз қалтасынан төлейді. Бәлкім, Курчатов ЖЭО-сы жақын маңда өндірілетін "Қаражыра" көмірімен жұмыс істеуі ықтимал.
Текелі энергетикалық кешені бойынша инвестициялық келісімдер аясындағы шығындар күрт өскен. ЕҚО тізімінде олар келесі түрде көрсетілген: Текелі энергетикалық кешені ИС-37 – 21 МВт, айына 1 МВт-қа 19 млн теңге, 2026 жылы 4,9 млрд теңге; Текелі энергетикалық кешені ИС-38 – 10,5 МВт, айына 1 МВт-қа 20 млн теңге, 2026 жылы 2,5 млрд теңге; Текелі энергетикалық кешені ИС-39 – 12,5 МВт, айына 1 МВт-қа 17 млн теңге (ҚҚС-сыз), 2026 жылы 2,1 млрд теңге. Бұл төлемдердің бір жыл ішінде неліктен соншалықты өскені және жалпы ел көлемінде өте жоғары қуат тарифімен Текелі энергетикалық кешеніне қаржы бөлудің қаншалықты қажет болғаны түсініксіз. Айта кетейік, биыл маусым айында онда 17 МВт қуат іске қосылады деп күтілуде.
Барлығына – ең жоғарғы мөлшер
Жекелеген жылу электр орталықтары (ЖЭО) электр қуатын дайын күйде ұстау қызметі үшін белгіленген шекті тариф бойынша төлем алды. Бұл тариф 2026 жылға да 2025 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалып, ҚҚС-сыз айына 1 МВт үшін 1 170 000 теңгені құрады. Бұл төлемдер 2025 жылмен салыстырғанда ЖЭО-лардың сәл көбірек санына бөлінгенімен, жалпы сома айтарлықтай өзгермей, шамамен 48,5 млрд теңге деңгейінде қалды. Бұған дейін – 48 млрд теңге.
Осылайша, 2026 жылы қазақстандық тұтынушылар есебінен қолдау алған ЖЭО-лар қатарына мыналар кірді: "Павлодарэнерго" АҚ (Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының құрамына кіреді) – 356,9 МВт, 5 млрд теңге; "Өскемен ЖЭО" ЖШС– 306 МВт, 4,3 млрд теңге; "Согрин ЖЭО" ЖШС – 51,6 МВт, 724 млн теңге; "Қарағанды Энергоцентр" ЖШС – 507 МВт, 7,1 млрд теңге; Nova Novatis Ltd. – 68,5 МВт, 962 млн теңге; "Севказэнерго" АҚ – 314,8 МВт, 4,4 млрд теңге; "Астана-Энергия" АҚ – 445 МВт, 6,2 млрд теңге; "Степногорск ЖЭО" ЖШС– 115,8 МВт, 1,6 млрд теңге; "Ақтөбе ЖЭО" АҚ – 128 МВт, 1,8 млрд теңге; "Орал газотурбиналық электр станциясы" ЖШС – 47 МВт, 660 млн теңге; "Жайықтеплоэнерго" АҚ – 14 МВт, 197 млн теңге; МАЭК – 191,3 МВт, 2,7 млрд теңге; "Атырау ЖЭО" ЖШС – 150 МВт, 2,1 млрд теңге; "Текелі энергетикалық кешені" ЖШС – 7 МВт, 98 млн теңге; "Алматы электр станциялары" АҚ ("Самұрық-Энерго") – 429 МВт, 6 млрд теңге; "Таразэнергоцентр" АҚ – 28 МВт, 393 млн теңге; "Қызылорда жылу электр орталығы" МКК – 56 МВт, 786 млн теңге; Kazakhmys Energy ЖШС – 223 МВт, 3,1 млрд теңге; "Шығыс Жылу" АҚ – 6 МВт, 84 млн теңге; "Шахтинсктеплоэнерго" ЖШС – 6 МВт, 84 млн теңге; "Кентау сервис" МКК – 4 МВт, 56 млн теңге.
Аукцион
Нарықтағы тағы бір сегмент – қуаттарды қаржыландыруға арналған, бәсекесі төмен аукцион деп аталатын тетік. Мұнда төлемдер 1 165–1 170 мың теңге көлеміндегі шекті мөлшерлемемен жүзеге асады.
Бұл жолы аукцион жеңімпаздары қатарында 28 станция болды. Олардың дені былтырғы тізімде де бар, тек кейбірінің 2026 жылға арналған қуат көлемдері мен төлем сомалары өзгерген. Атап айтқанда: "Казцинк" ЖШС – 240 МВт, 3,4 млрд теңге;"Ақтөбе ЖЭО" АҚ – 43 МВт, 604 млн теңге; "Топар басты үлестіруші электр станциясы" ЖШС – 524 МВт, 7,3 млрд теңге; "Астана-Энергия" ЖШС – 11 МВт, 154 млн теңге; "Текелі энергетикалық кешені" ЖШС – 13 МВт, 183 млн теңге; "Жаңажол ГТЭС" ЖШС – 165 МВт, 2,3 млрд теңге; "Жамбыл ГРЭС" АҚ – 785 МВт, 11 млрд теңге; "Степногорск ЖЭО" ЖШС– 48 МВт, 674 млн теңге; Шүлбі және Өскемен СЭС-тері, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2, сондай-ақ басқа да станциялар бар.
Жалпы қуат нарығының аукциондық сегментіне шамамен 100 млрд теңге жұмсалды. Төлемдер көмір мен газда жұмыс істейтін қазақстандық электр станцияларының басым бөлігіне бағытталған.
Осылайша биыл Қазақстандағы қуат нарығының жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады деп есептеуге болады. Бұл электр энергиясы нарығының жалпы көлемімен салыстырғанда аса көп емес. Алайда Энергетика министрлігі 2026 жылдың желтоқсанында "Түркістан" бу-газ қондырғысы (1000 МВт), газға көшіріліп жаңғыртылған Алматы ЖЭО-2 (557 МВт) мен ЖЭО-3 (544 МВт) пайдалануға берілетінін, тамыз айында Қызылорда облысында 240 МВт-тық тағы бір бу-газ қондырғысы іске қосылатынын айтқан болатын.
Инфографика: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Алматыдағы ЖЭО-2-ні жаңғырту мәселесінде 2024 жылдың соңында "Самұрық-Энерго" өзіне қарасты "Алматы электр станциялары" компаниясы арқылы 2024-2038 жылдарға арналған жеке инвестициялық келісімге қол қойғанын атап өткен жөн. Бұл құйылған барлық инвестицияны қуат нарығының тетігі арқылы қайтаруға мүмкіндік береді.
Аукционға сәйкес, "Түркістан" бу-газ қондырғысы үшін қуаттың бағасы ҚҚС-сыз айына 1 МВт үшін 16 275 800 теңге, ал Алматы ЖЭО-3 үшін 15 жыл мерзімге айына 1 МВт үшін 9 788 700 теңге деңгейінде белгіленген. Егер осы төлемдер 2027 жылдан бастап қуат нарығына қосылатын болса, онда электр энергиясының түпкілікті бағасына енгізілетін қуат тарифінің айтарлықтай өсуі күтіледі.
Алайда кейбір деректерге қарасақ, "Түркістан" бу-газ қондырғысының құрылысы және Алматы ЖЭО-3-ті жаңғырту жобаларының 2026 жылдың аяғына дейін аяқталмай қалу ықтималдығы жоғары. Бұл туралы Үкімет пен Энергетика министрлігінде де айтыла бастады. Сол себепті, қазақстандықтар үшін 2027 жылы қуат тарифі күрт өспеуі де мүмкін.