2018 жылы Ресейдің Чертанов сотында Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының экс-басшысы Олег Почиваловқа қатысты сот болған. Бұл туралы қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті. Оның мәліметінше, бұл тың деректі заңгер ресейлік блогер достары арқылы алдырыпты. Бұл ақпарат Ресейдің сот орындаушылар ашық сайтында жария етіліпті.
"Почивалов мырзаның Ресей азаматы екенін дәлелдейтін тағы бір құжат!
Ресей мемлекеті Чертанов сотында 2018 жылы Почивалов мырзаның салық төлемегені үшін сот болған. Қәзір Почивалов мырза сот орындаушылары іздеп таппай жатыр екен. Осыдан кейін Почивалов мырза өзінің Ресей азаматы екенін мойындай салғаны дұрыс! Халықтан бәрін жасыруға болады, бірақ менен емес!
Біздің полиция қызметкерлерін сотқа беріп, өзінің Қазақстан Республикасы азаматымын деп шу шығарғанша, Ресейге барып салығын төлеп қайтсын!
Ал біздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Прокуратура Почивалов қызмет жасаған бүкіл мекемелерді шұғыл тексеру керек!... ", – деп жазды Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі. (мәтін ешбір түзетусіз жария етілді)
Еске салсақ, Олег Почиваловтың қос азаматтығы туралы ақпарат өткен жылдың соңында тарап кетті. Kozachkov offside телеграмм-каналында сол кездегі Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының қос азаматтығы бар екендігі туралы жазылды. Телеграмм-каналда тіпті құжат көшірмесі де қоса жария етілген болатын. Онда "тұрған жері" деген жазудың тұсында "Московская область" деп, "азаматтығы" дегенде "Ресей Федерациясы" деп жазылған. Ал "туған жері" деген тұста Шымкент қаласы көрсетілген болатын. Алайда сол кезде Олег Почивалов жетекшілік еткен басқарманың баспасөз хатшысы бұл ақпараттың шындыққа сай келмейтінін ресми мәлімдеді. Бірақ 2021 жылдың ақпанында шенеуніктің Қазақстан азаматтығынан айырылғаны туралы белгілі болды. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаменті көші-қон басқармасындағылар айтты.
"Көші-қон басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы туылған азамат Почивалов Олег Владимировичке ҚР Азаматтық туралы Заңның 21 бабының 5 тармағының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайты тіркелді", – деді Шымкент қалалық ПД көші-қон басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Нысанбаева.
Бұдан кейін басы дауға қалған шенеунік өзінің баспасөз хатшысы арқылы ресми мәлімдеме жасады.
"Кейбір қоғам белсенділері мені қос елдің азаматы деген мәлімет таратып жатқанынан біраздан бері хабардармын. Бірақ тағы ресми түрде мәлімдеймін, мен тек Қазақстан Республикасының азаматы болып табыламын. Менің екіжақты азаматтығым туралы мәліметті ұсынған Шымкент қаласының Полиция департаментіне қатысты мен 2021 жылдың 22 қаңтарында сотқа арыз жолдадым. Арыз қабылданып, азаматтық іс қозғалды. Мен өзімнің абыройым мен құқығымды қорғайтын боламын",– делінген мәлімдемеде.
22 ақпанда Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық соты Олег Почиваловтың Қазақстан азаматтығын қайтару туралы талабын қанағаттандырмады. Судья Нұрғали Исмайыловтың айтуынша, сот Почивалов Олег Владимировичтің РФ азаматтығын алғанын және тиісті паспорты болғанын анықтаған.
"№1 көшірме бұл мәліметті растап тұр. Аталмыш факт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хатымен де, РФ ІІМ жауабымен де дәлелденді. Почивалов пен оның өкілдері сотқа бұл деректерді жоққа шығаратын дәлелдер ұсынған жоқ. Осылайша сот полиция департаментінің азаматтықтан айыру әрекетінен ешқандай заң бұзу анықтаған жоқ", – деді судья Нұрғали Исмайылов.
Шымкент қаласы әкімінің 25 ақпандағы өкімімен дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып келген Олег Владимирович Почивалов қызметінен босатылды. Оның жұмыстан босатылуына шеш мемлекеттің азаматы болуы себеп болған.
Жансая Тәуекелқызы
Жансаяa.kz
Фото: vera.kz