Қазақстан азаматы Кореядағы қайғылы оқиғаның куәгері болды (Видео)

2136

Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласындағы оқиғадан қаза тапқандар саны 154-ке жетті, деп хабарлайды "ATAMEKЕN BUSINESS"

Қазақстан азаматы Кореядағы қайғылы оқиғаның куәгері болды (Видео) Фото: ria.ru

Қаза тапқандардың 26-сы шетелдіктер. Арасында бір отандасымыз да бар. 26 жастағы Ақтөбелік бойжеткен, Кореядағы жоғары оқу орындарының бірінде магистратурада оқыған. Қазір Қазақстан елшілігі оның ата-анасымен байланысқа шығып, көмек көрсетіп жатыр.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Корея Президенті Юн Сок Ельге, көңіл айту жедел хатын жолдады. Қазір елде 5 қарашаға дейін аза тұту күндері жарияланып, мемлекеттік тулар төмен түсірілді. 

Қайғылы оқиға Сеулдің ең танымал аудандарының бірі Итэвонда болған. 29 қазан күні 2 жарым жыл карантиннен кейін халық алғаш рет Хэллоуин мейрамын тойлауға шығады. Жұрт көп көңіл көтеретін орындар, барлар мен түнгі клубтар орналасқан көшеге 100 мыңнан астам адам жиналған. Түнгі 10-дар шамасында басатын жер қалмай, адамдар бір жерге ығысып, домино секілді құлай бастайды. Көбі дем жетпей, есінен танған күйі тапталып, қаза тапты. Осы көшеге достарымен қыдырып барған Бағлан Таслиманова да осы оқиғаның ортасында болған. 

"Көз алдымда жедел-жәрдем көліктері адамдарды алып кетіп жатты. Жердің бәрі толған адамдар. Барлығына сердечный массаж істей берді. Мына жақта адамдар қайтыс болып жатса, Итэвонның мына көшесінде мейрам тоқтаған жоқ. Біз барған кезде көп адамның мәйіті шығарылып қойған. Көбісін алып кетіп жатты. Сонда да сағат сайын мәйіттердің, жарақаттанған адамдардың саны артып жатты", – дейді отандасымыз Бағлан Таслиманова.

Оқиға болған көшенің ені бар-жоғы 4 жарым, ал ұзындығы 45 метр. Бұған дейін 2017 жылы дәл осы мейрамды тойлау кезінде онда 200 мың адам жиналған. Бірақ полиция бақылауды күшейткендіктен, қайғылы оқиға болмаған екен.

Бұл жолы тәртіп жоқ, мыңдаған адам бір жерге жиналып, тұрып қалады. Ал одан бейхабар көшенің соңындағылар алдындағыларын итере бастайды. Салдарынан саптың алды құлап, қайғылы оқиғаға әкеп соққан.

Оңтүстік Корея Президенті Президенті Юн Сок Ель түн ішінде халық алдына шығып мұндай жайт мүлдем болмауы керек еді деген мәлімдеме жасады. 

"Адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапты тұлға ретінде бұл жағдай маған өте ауыр тиді. Үкімет бүгіннен бастап жағдай толық бақылауға алынғанға дейінгі аралықты қаралы күн деп жариялайды және бірінші кезекте қалпына келтіру мен одан кейінгі шаралардың әкімшілік мәселелеріне жіті көңіл бөледі. Бұл апаттың шығу себебін жан-жақты тексеріп, енді оның екінші қайталанбауы үшін жүйелі өзгерістер енгіземіз", – деді Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ель. 

Қазір Оңтүстік Кореяда жоспарланған барлық іс-шара кейінге шегерілді. Итэвон туристік орталықтары кеңесінің шешімімен 100-ге жуық мекеме жұмысын уақытша тоқтатты. Ал Хэллоуинге дайындалған барлық ғимарат безендірулерін алып тастады.

Құрбандар арасында 150-ге жуығының кім екендігі анықталды. Сондай-ақ хабар-ошарсыз жоғалғандарды іздеуге көмектесетін шұғыл желі жұмыс істеп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу