Қазақстан Әзербайжанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті

1273

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президентімен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. 

Қазақстан Әзербайжанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті Фото: akorda.kz

Қазақстан мен Әзербайжан арасында сенімді саяси диалог жолға қойылған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Екі мемлекет арасында арасында белсенді, сенімді саяси диалог жолға қойылған. Үкіметтік деңгейде үйлесімді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бізде берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. 90-нан астам құжатқа қол қойылды. Өткен жылы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін бірқатар маңызды құжаттар қабылданады. Сонымен қатар жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуын бекітеміз, бұл екіжақты қатынастарға тың серпін берері сөзсіз", - деді Президент кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында. 

Мемлекет басшысы былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 40 пайызға өскенін атап өтті. Екі ел экономикалық әлеуетін толық ашу арқылы бұл көрсеткішті 1 млрд долларға дейін жеткізе аламыз, деді ол.

Бұдан бөлек ол Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің мәдениет онкүндігін өткізу туралы уағдаластықтарға да тоқталды.

"Биыл Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай көше ашылады. Сондай-ақ оның көрнекті өмірі туралы "Ғазиз ғұмыр" атты деректі фильмнің тұсаукесері өтеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Физули қаласында (Әзербайжан) "Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының" құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

"Біз жан-жақты гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға, ортақ рухани-мәдени құндылықтардың қазынасын байытуға ниеттіміз", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу