Қазақстан АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесіне кіру үшін жарна төлеген жоқ. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақорданың хабарлауынша, Бейбітшілік кеңесіне мүше болу үшін әр мемлекеттің дербес шешімі ғана қажет. Кеңеске кірген сәттен бастап мемлекеттің сол ұйымға мүше болу мерзімі үш жылды құрайды.
"Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне кіру үшін қаржылай жарна төлеген жоқ. Бұл Кеңес жарғысының талаптарына толық сәйкес келеді", – деп түсіндірді Ақорда.
Жарғыда көрсетілген 1 млрд доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшелікке қабылданудың міндетті шарты емес. Бұл – әрбір қатысушы елдің өз құқығы. Ерікті жарнаны алғашқы жылдың ішінде төлеген ел Бейбітшілік кеңесіндегі мүшелік мерзімін белгіленген үш жылдан артық ұзартуға мүмкіндік алады.
Айта кету керек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойғанын жазғанбыз. Қол қою рәсіміне Қазақстан Президентінен басқа 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысты.
Дональд Трамптың "Бейбітшілік кеңесі" ресми түрде құрылды. Жарғы күшіне енді.
Трамп Газадағы Бейбітшілік кеңесіне тұрақты мүше болғысы келетін елден 1 млрд доллар алатынын жазғанбыз. Бұл кеңесте үш жылдан артық мүше болғысы келетін елдердің қалауы бойынша жасалады.