Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2022 турниріне іріктеу кезеңіндегі екінші жеңісіне қол жеткізді.
2-наурызда Кака шәкірттері Нұр-Сұлтанда Беларусь құрамасын қабылдады және 5:2 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан Шыңғыс Есенаманов (3', 22'), Біржан Оразов (9'), Лео (15') және Дәурен Тұрсағұлов (29') мергендігімен көзге түсті.
Қазақстан құрамасының ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов Беларусьпен өткен матчтан кейін өз ойын ортаға салды.
"Ойын қиын болды. Беларусь құрамасы - жақсы қарсылас. Ойынды сәл баяу бастадық. Бас бапкер жылдамдықты үдете түсуді талап етті. Есеп ашқаннан кейін ойын жеңілдей түсті. Әрі қарай басымдықты уысымыздан жібермедік. Екінші таймда қажет емес голдарды жіберіп алғанымызбен, айқын жеңіске жеттік деп санаймын. Өкінішке қарай, ойынға жанкүйерлер келе алмады. Алайда, олардың қолдауын әлеуметтік желі арқылы сезіп жүрміз. Барша жанкүйерге алғысым шексіз. Қарымта кездесуде де осындай жақсы ойын көрсетіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлаймын деп үміттенемін", - деді Дәурен Тұрсағұлов.
Естеріңізге сала кетейік, 5-топтағы алғашқы ойында Қазақстан Венгрияны ірі есеппен (5:0) жеңген болатын. Қазақстанда тағы төрт іріктеу матчы қалды - 8 наурызда Беларусь құрамасына қонаққа барады, 6 сәуірде Венгриямен, ал 9 және 13 сәуірде Израильмен екі рет ойнайды. Қазақстан мен Израиль арасындағы екі кездесу де Нұр-Сұлтанда өтеді.
Ермұхамед Мәулен