Қазақстан – Беларусь. Тарихи матч болуы мүмкін бе?

1728

Қазақстан ұлттық құрамасы осы матчта жеңіске жетсе өз тобында бірінші орын алады. Қазақ футболында бұрын-соңды мұндай жетістік болмаған.

Қазақстан – Беларусь. Тарихи матч болуы мүмкін бе?

Ұлттар лигасының биылғы күнтізбесі қатты өзгеріске ұшырады. Қараша-желтоқсан айларында Қатар мемлекетінде әлем чемпионаты өтетін болғандықтан, УЕФА ұлттар лигасының матчтарын шілдеге қойды. 12 күнде 4 ойын өткізген құрамалар құысқа мерзімді турнирді бастан өткергендей әсерде қалды. Топтағы негізгі бәсекелес Словакия құрамасын екі ойында да жеңген ұлттық құрамамыз нәтижесінде 10 ұпай жинады. 4 матчта 1 тең және үш жеңіс тіркеді. Енді топта жеңімпаз атансақ, "В" лигасына өтуге мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар ЕУРО 2024 додасының финалдық кезеңіне берілетін жолдамаға таласқа түсеміз. Өз лигамыздың серкелерімен өтпелі кездесулер ойнап, бағымызды сынап көреміз. Оның өзі қайда жатыр?

Белорусь пен Қазақстан құрамалары алғашқы ойынды Сербияда өткізді. Беларусь мемлекетінің аумағында геосаяси жағдайларға байланысты матч өткізуге тиым салынған. Ондағы матч 1:1 тең аяқталды. Ойынның басым бөлігінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетіп тұрды. Тек соңғы минуттарда бір гол жіберіп алды. Енді 22 қыркүйек күні "Астана Аренада" қарымта кездесу өтпек. Ойын алдында қос команда ойыншылары мен бапкерлері пікір білдіріп жатыр.

Георгий Кондратьев, Беларусь құрамасының бас бапкері:

– Соңғы ойында біз барлық көрсеткіштер бойынша қазақтардан асып түстік. Соққылар, бұрыштамалар, допқа иелік ету... Бұл жолы да шабуылда ойнаймыз, біздің команданың жеңетіндей шамасы бар. Мен оларға қалай сенсем, жігіттер де өздеріне дәл осылай сенімді болса, бәрі ойдағыдай болады.

– Ұлттық құрамаға келген легионерлер өздерін қалай сезінеді?

– Олардың жағдайы жақсы деп нақты айта аламын. Олармен болған әңгімеге және біздің мамандардың талдауына қарағанда, жігіттер функционалдық жағынан матчқа дайын. Командада Қазақстан чемпионатының ойыншылары бар – бұл Эбонг, Поляков және Юденков. Олар бұл ойында маңызды рөл атқарады, өйткені аты аталған футболшылар Астанадағы алаңды жақсы біледі. Бұл жігіттердің тәжірибесі бізге пайдасын тигізеді.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий болса былай дейді:

– Оқу-жаттығу процесі жоспарлы түрде жүріп жатыр. Оны жаттықтырушылар құрамы өте жақсы ойластырған. Қарқын өте жоғары, әр жаттығу күреске толы, өйткені Беларусьтар мығым команда. Менің ойымша, біз бұл матчты жақсы өткіземіз. Әрине, әлі де алаңдаушылық бар, өйткені біз Беларусь құрамасын бұған дейін жеңбегенбіз. Енді қалай болатынын көреміз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу