Қазақстан биатлоншылары допингтен "таза" шықты

6250

Аустриядағы әлем чемпионатында жанжалға іліккен қазақ биатлоншыларының допинг-сынағы теріс нәтиже көрсетті.

Қазақстан биатлоншылары допингтен "таза" шықты

Еске сала кетсек, жарыс басталмай тұрып, 8 ақпан күні биатлоншыларымыздың бәрі допинг-бақылаудан өтуге жіберілген болатын. Бұған медициналық жабдықтардың қорабын Аустрияның жанармай стансаларының бірінде лақтырып жіберген дәрігерлердің салғырттығы себеп болды. Қырағы азаматтар мұны полицияға хабарлаған. Осының салдарынан өткен аптаның сәрсенбісінде, 8 ақпанда қазақ биатлоншылары әлем біріншілігінің ашылу салтанатына қатысудың орнына қан тапсыруға барды.

Алайда допинг-сынақ нәтижесін алғанға дейін қазақ биатлоншыларын жарыстан шығарып тастамады. 14 ақпан күні үкімет қабырғасында болған әңгімеде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы допинг-сынақ теріс нәтиже бергенін айтты.

"Спортшыларға құрметпен қарауларыңызды өтінемін, допингке қатысты жанжалдың шығуына олар кінәлі емес. Кеше (дүйсенбі күні, 13 ақпан – автор еск.) допингке қарсы агенттіктен біздің спортшыларымыздың нәтижесі теріс болып шыққаны, яғни олардың ешқандай допинг қолданбағаны, таза екендігі жайында алдын-ала хабарлама алдық" , – деді министр журналистерге.

Дәл қазіргі уақытта спорт министрлігі WADA-дан (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) жазбаша түрде тиісті ресми растауды күтіп отыр.

"Техникалық қателік кеткен. Әрине, бұған аустриялық жақты кінәлай алмаймыз. Бұл біздің дәрігерлерімізге келешекте өз міндетіне мұқият болуы үшін сабақ болды", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Еске салайық, осы уақыт ішінде қазақ биатлоншылары әлем біріншілігі бағдарламасының бес түріне қатысып үлгерді.

Аустриялық полицейлер қонақүйде қазақ делегациясының бөлмесінде тінту жүргізген оқиғадан кейін дәл бір күн өткенде Анна Кистанова, Ольга Полторанина, Максим Браун және Ян Савицкий төрттігі 11-орынға ие болды.

10 ақпан күні әйелдер спринтінде қазақ спортшыларынан Ольга Полторанина мәреге 37-інші келіп, үздік атанды. 11 ақпан күні өткен ерлер спринтінде Ян Савицкий 24-орынға ие болды. Ал 12 ақпан күні бір мезгілде ерлер және әйелдер жарысы өтті. Әйелдер команадасынан Ольга Полторанина 37-орында тұрақтады, ерлер командасындағы Ян Савицкий нәтижесін төмендетіп, 33-орынға ие болды.

Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу